Халықтың қарызға тәуелді болуы туралы әңгіме қазір әр жерде айтылады. Қаржы ұйымдары «бізде несие мәселесі жоқ» деп, ішкі жалпы өнімдегі несие үлесін алға тартады. Бірақ күнделікті өмір басқаша екенін байқатып отыр. Адамдар жалақысы жетпеген соң ең қарапайым дүниені де бөліп төлеумен алып жүр. Тамақ, киім, техника, тіпті демалыстың өзін қарызға алу қалыпты жағдайға айналып кетті. Несие мен бөліп төлеу біздің өмірдің ажырамас бөлігіне айналғаны жасырын емес, деп жазады Ozgeris.info.
Қазір маркетплейстер мен бөліп төлеу платформалары халыққа өте қолайлы болып көрінеді. Бірақ олардың ішкі жұмысы толық реттелмеген. Көп адам «бұл пайызсыз» деп ойлайды. Ал шын мәнінде тауардың өз бағасына банк маржасы қосылған. Мысалы, жылдық бөліп төлеу жоспарына 15 пайыздық үстеме енгізілгенде банктің тиімді мөлшерлемесі 30 пайызға дейін барады. Ал кестеден кешіктірілсе, бұл төлем кәдімгі несиеге айналып, пайыз 50 пайыздан асып кетеді. Осылайша адам байқамай, ауыр қарыз жүгін көтеріп қалады.
Мемлекет проблемалық қарызы бар адамдарға бірнеше рет көмек көрсетті. Бірақ бұл шаралар бүкіл несие нарығын сауықтыра алған жоқ. Қарыз беруді шектеу туралы ұсыныстар да айтылды. Бірақ оның салдары – микроқаржы ұйымдары мен ломбардтардың күрт артуы. Біздің нарықтың табиғаты өзгеше. Несие пайызы жоғары, экономиканы қаржыландыруға отандық инвесторлар құлықсыз. Бұл жағдай қарыздың одан әрі тереңдеуіне әкеп соғады.
Сондықтан мұндай күрделі мәселені сарапшылар да жиі көтеріп жүр. Солардың бірі – Ғалым Құсайынов. Оның айтуынша, негізгі мәселені дұрыс өлшемеу қате қорытындыға алып келеді.
«Халықтың банк алдындағы қарызын ІЖӨ-мен салыстыру дұрыс емес. ІЖӨ – ел табысын сыртқы көрсеткішпен өлшейтін нәрсе. Оның құрылымында шикізаттан түсетін табыс басым, ал жалақының үлесі өте аз. Ал несие өтеу мүмкіндігі халықтың нақты табысымен анықталады», дейді Ғалым Құсайынов.
Ол дамыған елдер мен Қазақстанды салыстырғанда да үлкен айырмашылық бар екенін айтады. Дамыған елдерде несиенің негізгі бөлігі ипотека мен автонесиеге беріледі және ұзақ мерзімге созылады. Ал бізде тұтынушылық несие көп, ол қысқа мерзімге ғана беріледі. Мысалы, ипотека 20 жылға берілсе, тұтынушылық несие 3 жылға ғана беріледі. Бұл ай сайынғы жүктемені 7 есеге дейін арттырады. Халықтың табысы жетпей қалып жатқан жағдай да осыдан туындайды. Оның үстіне бізде алынған несиенің көп бөлігі импорттық тауар мен қызметке жұмсалады. Бұл валюта бағамына қысым жасайды, валюта қымбаттаса – импорт тауардың да бағасы өседі, ал бұл тікелей инфляцияны үдетеді.
«Инфляция бірнеше жыл қатарынан халықтың табысын құнсыздандырып жіберді. Табыстың жалпы көлемі өскенімен, табыс теңсіздігі де күшейді. Ипотеканы жеңілдету, автонесиені жеңілдету, БЖЗҚ қаржысының ипотека нарығына жіберілуі, қарыздың кешірілуі – бұл шаралардың барлығы бағаның өсуіне өз әсерін тигізді. Проблемалық қарызды мемлекет есебінен жабу да әділ шешім емес. Өйткені өтелмеген несие уақытында төлеп жүрген басқа қарыз алушылардың мойнына көшеді», дейді ол.
Ғалым Құсайынов бұл мәселенің түбінде терең себептер жатқанын ерекше атап өтеді. Оның түсіндіруінше, қарыз ауыртпалығының басты себебі – халық табысының төмендігі, инфляцияның жоғары болуы және бәсекенің аздығы. Бұл бірнеше жылдың ішінде қалыптасқан жүйелі проблема.
«Үкімет пен Ұлттық банк қарыз ауыртпалығын бірден жоя алмайды. Популистік шешімдер бұл мәселені шешпейді. Бұл – бірнеше жылға созылатын күрделі трансформация. Егер қазіргі реформалар алдағы 2-3 жылда нақты нәтиже берсе, соның өзі үлкен жетістік болады», деп түйіндейді сарапшы.