Жаңалықтар

Қарағандыда ота кезінде қаза болған ер адамның ісі сегіз ай бойы қозғалыссыз тұр

Қарағандыдағы жекеменшік клиникада 35 жастағы Вячеслав Ермолов ота кезінде көз жұмды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

 

6 қаңтарда асқазан резекциясын жасату үшін клиникаға түскен науқас ота кезінде қайтыс болған. Оның салмағы 185 келі болған. Сот-медициналық сараптама интубация дұрыс жүргізілмегенін, соның салдарынан гипоксия мен мидың ісінуі орын алғанын анықтады.

 

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті бірқатар өрескел қателіктерді растады: пациент толық тексеруден өтпеген, қажетті мамандардың кеңесі алынбаған, анестезиологтар қателік жіберген, ал хирург бариатриялық ота жасауға сертификатсыз жұмыс істеген.

 

Анестезиолог кінәсін мойындап, кешірім сұраған. Алайда марқұмның туыстарының айтуынша, іс сегіз айдан бері алға жылжымай отыр. Қосымша сараптама тағайындалып, эксгумация жоспарланған.

 

Ермоловтың артында кәмелетке толмаған үш баласы мен төленбеген несиелері қалды. Туыстары, егер іс тоқырай берсе, Бас прокуратураға шағымданбақ.

Барлық жаңалық