Жаңалықтар

Павлодардағы "қарабет дәлізі": 12 жасар қызды іздеген ер адам ұсталды

Павлодардағы "қарабет дәлізі": 12 жасар қызды іздеген ер адам ұсталды

Қоғамдық қауіпсіздікті ту еткен «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері кезекті сұмдықтың бетін ашты. «124 азаматтық науқаны» аясында жүргізілген жұмыстар желідегі қаскөйлердің анонимдік бүркеншігін сыпырып тастады. Бұл жолы Павлодар қаласында құрылған тұзаққа Екібастұз қаласының 29 жастағы тұрғыны Айдар Камалов түсті деп хабарлайды Ozgeris.info сайты

Оқиға желісі Павлодарда 12 жасар қыздың атынан ашылған жалған аккаунттан басталған. Өзін «Аян Каримов» деп таныстырған ер адам баланың жас мөлшерін біле тұра, әңгіме барысында шектен шығып, ашық сипаттағы ұсыныстар жасаған. Тіпті, оның кішкентай екеніне қарамастан, өз нәпсісін тыя алмайтынын ашық айтқан қаскөй, кездесу үшін Екібастұздан арнайы келген.

Алайда кездесу орнында оны «қарабет дәлізі» күтіп тұрды. Белсенділер қабырғаларға оның жазған ұятсыз хабарламалары мен скриншоттарын іліп қойған. Қызығы сонда, Айдар желіде құқық қорғау органы қызметкерінің бейнесін жамылып келген екен. Белсенділер де дәл осы айланы пайдаланып, оның алдына форма киіп шығып, бетпердесін шешті. Соңында күдікті барлық дәлелдермен бірге полиция қолына тапсырылды.

«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Валерия Глазунова бұл жағдайға бейжай қарамауға шақырады. Оның пайымдауынша, мұндай адамдар арамызда қарапайым кейіпте жүре береді. Сондықтан әрбір ата-ана баласының мінез-құлқына мұқият болып, дабыл белгілеріне назар аударуы тиіс. Бала қауіпсіздігі — бүкіл қоғамға ортақ міндет.

https://drive.google.com/drive/folders/16tH7o4mGlWyq2GHyV-jQXXcJiofOUfBT?usp=share_link

 

Барлық жаңалық