📰 Сарапшылар пікірі

Отандастарымыз банктерге имандай иланады. Неге?

Қазақстанның банк секторы кейінгі уақытта ең көп талқыланатын салалардың бірі болып тұр. Банктер бірігуде, кейбірі ребрендинг жасап жатыр, ал микронесиелік ұйымдар банк мәртебесін алуға ұмтылуда. Осы өзгерістердің артында не бар, деп жазады Ozgeris.info.

Мүлдем басқа дәуір орнамақ

Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, биыл қабылданатын жаңа заң банк жүйесіне үлкен өзгеріс әкелмек.

«Биыл «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң қабылданады. Бұл банктер мен мемлекет арасындағы қатынастарды реттейтін ең басты құжат болады. Енді банктердің екі түрі енгізіледі – әмбебап және базалық лицензия. Бұл микронесиелік ұйымдардың банк форматына көшуіне, депозит қабылдауға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ реттеу жүйесі де айқынырақ болмақ», деді ол Digital Business-ке берген сұхбатында.

Сарапшының айтуынша, бұрынғы заң 1993 жылы қабылданған, содан бері қаржы жүйесі түбегейлі өзгерген.

«Сол уақыттан бері бәрі өзгерді – финтех пайда болды, микронесиелер көбейді, технология мен тұтынушылардың мінез-құлқы өзгерді. Сондықтан жаңа заң ең өзекті құжаттардың бірі болмақ. Бірақ оны қабылдау бір жылдың шаруасы емес. Алдымен заң қабылданады, кейін оған толықтырулар енгізіледі. Толық қалыптасуы шамамен екі жыл уақыт алады» деді, Расул Рысмамбетов.

Ол мұны банктер мен мемлекет арасындағы «жаңа келісім» деп атады. Мысалы, бұрын көптеген банктің акционерлері саясатқа араласқан адамдар болатын. Кейде олар реттеушіден де мықты көрінетін. Ал қазір жағдай өзгерді. Қазір реттеуші күшейді. Сол себепті кейбір ірі акционерлер нарықтан кетуге шешім қабылдап отыр. Қазір кем дегенде бес банк сату туралы ұсынысты қарауға дайын. Бұрын банк сатып алу оңай болатын, ал қазір жаңа заң аясында қайта бейімдеу қажет. Оның сөзінше, жаңа заң күшіне енген соң елде екі-үш жаңа банк пайда болуы мүмкін. Себебі микроқаржы ұйымдары да осы бағытқа қарай ұмтылып жатыр.

Қандай өзгерістер болып жатыр?

Қаржы кеңесшісі соңғы айларда банктік ортада болған бірнеше маңызды оқиғаны да түсіндірді.

«Jusan Bank-тің Kaspi.kz-тің иелерінің бірі Вячеслав Кимге өтуі – жеке келісім. Jusan қазір аса үлкен табыс әкелмей тұр, бірақ ол таза, тұрақты банк. Оның әлеуеті жоғары. Бұл банк шағын және орта бизнес пен корпоративтік секторды дамытуға бағытталуы мүмкін. Менің ойымша, Jusan – болашағы зор банк. Аймақтық әлеуеті мықты. Halyk пен Jusan – шетелде еншілес банктері бар екі ірі ойыншы», деді Расул Рысмамбетов.

Ол сондай-ақ Евразиялық банкке қатысты да пікір білдірді. Александр Машкевичтің өмірден өтуі банк жұмысына қатты әсер етпейді. Ол соңғы жылдары банк ісіне белсенді араласқан жоқ. Бұл банк металлургия саласын жақсы қаржыландырып отыр. Сол себепті оны сату тиімсіз. Ал Forte Bank туралы сарапшы былай деді:

«Forte – таза әрі бай банк. Оларда кем дегенде екі банкті сатып алуға жететін қаражат бар. Қазір банкте жаңа команда жұмыс істеп жатыр. Тимур Исатаев пен Талғат Қуанышевтың тәжірибесі мол. Олар нарықты мұқият зерттеп жатыр. Қай банкті сатып алуға болады деген мәселе де қаралуда, бірақ қазіргі нысандардың көбі аса тартымды емес. Дегенмен бұл команда өте мықты», деді Рысмамбетов.

Freedom Bank жайлы да пікір білдірді. Freedom – Тимур Турловтың экожүйесі. Бұл банк классикалық несие институты емес, ол инвестициялық бағытқа көбірек бейімделген. Қазір олардың несие портфелі активтердің 31 пайызын ғана құрайды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Ал орташа деңгей 58-59 пайыз. Демек, Freedom әзірге кредиттік бағыттан гөрі инвестициялық стратегияға сүйеніп отыр.

Халық сенеді

Расул Рысмамбетов Қазақстандағы банк нарығын «ең сенімді сектор» деп сипаттады. Қазір Қазақстанда банк сатудың еш мәні жоқ. Біздің нарық өте тартымды. Қазақстан банктеріне деген сенім өте жоғары.

«Менің ойымша, адамдар банктерге үкіметтен де көп сенеді. Қазір жеке тұлғалардың депозиттерінде шамамен 24 триллион теңге, ал заңды тұлғалардың шоттарында 17 триллион теңге жатыр. Бұл – үлкен сенімнің көрсеткіші. Көрші елдерде мұндай деңгей жоқ. Сондықтан осындай нарықта банк сату – өз қолыңмен мүмкіндіктен айырылу» деді ол.

Рас. Микронесиелік ұйымдар банк мәртебесін алуға ұмтылып отыр. Себебі банк жүйесіне кіру жеңілдеді. Қазір банктердің негізгі өсу көзі – мемлекеттік субсидиялар мен тұтынушылық несиелер. Бұған қоса, технология арзандады. Бұрын ІТ шешімдер өте қымбат еді, ал қазір тиімді жүйені бұрынғы бағадан төрт есе арзанға енгізуге болады. Микронесиелер облигация арқылы 20-22 пайызбен қарыз алады, ал банк болған жағдайда депозит тартып, оны 14 пайызбен қаржыландыра алады.

Қаржы сарапшысы елдегі қарыз жүктемесі мен банктерге салынатын салық туралы да пікір білдірді.

«Менің ойымша, қазір қарыз деңгейі аса қорқынышты емес. Соңғы жылдары инфляция төмендеп, халықтың нақты табысы сәл өсіп келеді. Бұрын тұтынушылық кредиттер адамдардың күн көру амалы еді. Банктер де сол бағытты қатты насихаттады. Қазір бұл үрдіс бәсеңдеді», деді ол.

Оның айтуынша, банктерге салықты арттыру қарыздардың қымбаттауына әкелуі мүмкін.

«Егер банктерге салық жүктемесі өссе, несие бағасы да көтеріледі. Әрине, бір жағынан бұл дұрыс болуы мүмкін – адамдар несие аз алатын шығар. Бірақ жалпы алғанда, банктерге салмақ түсіру – жақсы шешім емес. Бір кезде банктерге қосымша құн салығын енгізу туралы да сөз болған, бірақ одан бас тартқан. Банктер қазір мемлекетке мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы көмектесіп отыр. Бұл бюджет тапшылығын жабуға мүмкіндік береді. Бірақ осылай жалғаса берсе, мемлекет те, банктер де бір-біріне тәуелді болып қала береді», деді сарапшы.

Барлық жаңалық