Қазақмыс тобы өндіріс алаңдарындағы қауіпсіздік мәдениетін жүйелі түрде нығайту бағытында кешенді жұмыс жүргізуде. Кәсіпорындар мен мердігер ұйымдардағы тәуекелге негізделген бағдарды күшейтіп, бірыңғай басқару тәсілін қалыптастыру үшін Qauipsizdik Start жобасы қолға алынды. Бүгінде Кадр даярлау және қайта даярлау орталығының базасында қызметкерлерді QStart бағдарламасы бойынша оқыту қарқынды жалғасып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Маусым айының он бесі күні бұл маңызды шараға Ұлытау облысында орналасқан "Tranco Industrial Railways Transportations" көлік-логистикалық компаниясының мамандары қосылды. Жұмысшылар өндіріс ортасында кездесетін түрлі кедергілерді анықтап, оның салдарын бағамдауға дағдыланады. Дәріс барысында нақты жағдайлар талданып, арнайы сценарийлік жаттығулар көрсетіледі. Сонымен бірге төтенше жағдайда жылдам әрі тиімді шешім қабылдау тәсілдері үйретіледі. Мұндай тәжірибелер тікелей адам факторына байланысты қателіктерді азайтуға зор ықпал етеді.
Шараға қатысқан қызметкерлер кез келген компанияда өмір мен денсаулықтың әрқашан бірінші орында тұратынын алға тартты. Олар өткізіліп жатқан қауіпсіздік шаралары осы қамқорлықтың нақты дәлелі екенін жеткізді. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға арналған бұл білімнің күнделікті еңбекте үлкен көмегі тиетіні сөзсіз. Жалпы даярлық сапасын арттыру мақсатында оқу бағдарламасы "Қауіпсіздік-2026" стратегиясына сай толық жаңартылды. Енді мамандардың білімі тәуелсіз түрде бағаланып, оларға арнайы электронды сертификаттар табысталады.