Шымкент қаласындағы Нұртас шағынауданында бірден 10 көшеде асфальт шөгіп, жол жабыны бүлінді деп жазды ozgeris.info сайты.
Оқиға алғашқы нөсер жауыннан кейін тіркелген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа төселген жолдар бір жылға да шыдамаған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жауын-шашыннан кейін кейбір учаскелерде асфальттың шөгуі орын алып, соның салдарынан жол жабындысы зақымданған.
Аталған аумақтағы жұмыстарды «Тараз Строй 2004» ЖШС жүргізген. 2023 жылы мердігер кәріз желілерін тартуға кірісіп, 2024 жылы нысандар пайдалануға берілген.
Қазіргі уақытта анықталған ақауларды жою міндеті мердігер компанияға жүктелген. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы жөндеу жұмыстарын бақылауға алған.
Ресми мәліметке сәйкес, жөндеу барысында жолдың негізі күшейтіліп, асфальт қайта төселеді. Мердігер ұйым жұмыстарды осы аптада бастап, қысқа мерзімде аяқтауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін де Шымкентте жол сапасына қатысты бірнеше оқиға тіркелген. Мәселен, Камысты көшесінде кәріз коллекторының тозуына байланысты асфальт опырылып, жол ортасында суға толы шұңқыр пайда болған.
Ал Шұбаркөл көшесінде күрделі жөндеуден кейін жол жабыны шөгіп, бірнеше көлікке зақым келген.