Әлемдік мұнай нарығында соңғы жылдары қордаланған қайшылықтар енді ашық текетіреске ұласуы мүмкін. Біріккен Араб Әмірліктерінің Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан шығу ықтималдығы тек бір елдің шешімі ғана емес, бүкіл картельдің болашағына күмән тудыратын күрделі геосаяси және экономикалық үдерістің көрінісі. Бұл жағдай Қазақстан сияқты мұнайға тәуелді елдер үшін де маңызды, деп жазады Ozgeris.info.
Экономист Алмас Чукиннің пікірінше, ОПЕК ішіндегі шиеленіс бір күнде пайда болған жоқ, ол жылдар бойы жиналған қайшылықтардың нәтижесі.
«Шиеленіс жылдар бойы жиналды. ОПЕК дегеніміз шын мәнінде Сауд Арабиясы. Бағытты да сол айқындайды, нарықты да сол бақылауда ұстайды. Саудиялықтардың ұзақмерзімді стратегиясы мұнай бағасын өз қажеттіліктеріне сай деңгейде тұрақтандыру. Ал Әмірліктердің жоспары басқа. Олар өндірісті ұлғайтуға орасан қаржы құйды және сол әлеуетін толық іске асырғысы келеді», дейді экономист.
Сарапшының айтуынша, бұл тек өндіріс көлеміне қатысты дау емес, әр елдің болашаққа деген көзқарасының айырмашылығы.
«Абу Дабидің логикасы қарапайым. Егер сен мұнай дәуірінің аяқталуы алыс емес деп сенсең, тіпті ол сенің балаң мектеп бітірмей тұрып басталуы мүмкін деп ойласаң, онда кеш болмай тұрғанда нарықтағы үлесіңді барынша көбейтіп алуға тырысасың. Оның үстіне бәсеке күшейіп келеді. АҚШ бірінші орынға шықты, Гайана мен Ангола сияқты елдер қарқынды дамып жатыр. Соңғысы ОПЕК қатарынан шығып та үлгерді», дейді сарапшы.
Бұл жерде жаһандық энергетикалық нарықтағы жаңа ойыншылардың күшеюі айқын байқалады. Мұнай өндірісі енді тек дәстүрлі экспорттаушылардың қолында емес, жаңа елдер де белсенді түрде үлеске таласып жатыр.

Алмас Чукин бұл тек мұнаймен шектелетін мәселе емес екенін де атап өтеді. Оның пікірінше, аймақтағы экономикалық ықпал үшін күрес шиеленісті одан әрі тереңдетіп отыр:
«Бұл қақтығыс әлдеқашан мұнай өндірісінің шеңберінен шығып кетті. Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Сауд Арабиясын жаңғыртып жатыр және көптеген бағыт бойынша Әмірліктерге бәсекелес болып отыр. Саудиялықтар ірі әуе компаниясын іске қосуда, қаржы орталығын қалыптастырып жатыр, халықаралық корпорациялардың өңірлік штаб пәтерлерін өздеріне тартып келеді. Бұл экономикалық мүдделердің тікелей қақтығысы. Оның үстіне Сауд Арабиясының салмағы әлдеқайда басым».
Сарапшының айтуынша, геосаяси факторлар да жағдайды күрделендіре түсуде. Иран төңірегіндегі оқиғалар жағдайды мүлде жаңа арнаға бұрып жатыр. Тіпті Жерорта теңізіне Израиль арқылы өтетін құбыр салу сияқты тосын нұсқалар да талқылануда. Егер мұндай жоба жүзеге асса, Суэц каналы мен Ормуз бұғазының маңызы күрт төмендеуі мүмкін. Яғни әлемдік сауда географиясы көз алдымызда өзгеріп жатыр. ОПЕК ұйымының болашағына қатысты экономист нақты әрі сақ болжам айтады:
«Мен ОПЕК ұйымының ыдырау ықтималдығын елу де елу деп бағалаймын. Егер Әмірліктер шығып кетсе, олар нарықтағы үлесін агрессивті түрде кеңейтуге кіріседі. Ең алдымен Азия бағытында, бұл аймақта қазір Сауд Арабиясы мен Ресей бәсекелесіп отыр. Баға картелі белгілі бір уақытқа дейін тиімді, бірақ нарықтың өзі өзгеріп жатқанда оның да әсері әлсірейді. Әмірліктер стратегиялық тұрғыдан бағытын өзгертті және олар қаржысын есептей білетін ел».
Қазақстан үшін бұл үдерістердің салдары қандай болуы мүмкін деген сұраққа да сарапшы нақты жауап береді. Қазақстанды міндетті түрде шайқайды. Біз бұл аренада орта салмақтағы боксшы іспеттіміз. Мұнайымызды өндіру қиын, өзіндік құны жоғары, әрі оны алысқа тасымалдауға мәжбүрміз. Егер баға соғысы басталса, бізге соққы басқаларға қарағанда қаттырақ тиеді. Дегенмен, жағдайды тым әсірелеуге болмайды.
«Бірақ бұл апат деген сөз емес. Доллар 600 теңгеге жетеді деген сценарий хайп қана, экономикалық негізі жоқ. Мұндай құлдырауға алып келетін іргелі себептер жоқ. Біздің артықшылығымыз Қытаймен тікелей байланысымыз бар және Еуропаға шығатын арналарымыз сақталған. Қысқа мерзімді күйзеліс болуы мүмкін, бірақ кейін жағдай қайта теңеседі», деп түйіндейді сарапшы.