💰 Экономика

Көлік салығын кешіктірсе не болады?

Көлік салығын кешіктірсе не болады?

Елімізде автокөлік иелеріне 2025 жылға арналған көлік салығын төлеу мерзімі аяқталуға жақын. Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, төлемнің соңғы күні – 2026 жылғы 1 сәуір. Осы мерзімнен кейін әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеле бастайды, деп жазады Ozgeris.info. 

Биылғы ерекшелік – салық сомасы ағымдағы жылдың емес, өткен кезеңнің көрсеткіштері негізінде есептеледі. Атап айтқанда, 2025 жылға белгіленген 3 932 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылады. Көлік салығының көлемі салық заңнамасында бекітілген мөлшерлемелерге сәйкес әрбір көлік құралы үшін жеке есептеледі.

Ведомствоның хабарлауынша, салық органдары жыл сайын жеке тұлғалардың тиісті кезеңге арналған көлік салығын өздері есептеп, төлем сальдосын айқындайды. Есептелген сома туралы ақпарат екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы push-хабарлама ретінде жолданған.

Егер мұндай хабарлама келмеген болса, азаматтар берешегін Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми порталындағы «Жеке тұлғаларға арналған алдағы төлемдер» сервисі арқылы тексере алады. Сондай-ақ сол жерде арнайы онлайн-калькулятор көмегімен есепті қайта қарап шығу мүмкіндігі қарастырылған.

Мерзімді өткізіп алған жағдайда жауапкершілік күшейеді. 2 сәуірден бастап әр күнге өсімпұл есептеледі. Ал берешек уақытылы өтелмесе, 10 мамырдан бастап мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары іске қосылады.

«Салық және есептелген өсімпұл бойынша берешек болған кезде салық органдары ағымдағы жылғы 10 мамырдан бастап мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады. Егер берешек сомасы 1 АЕК-ден асқан жағдайда борышкерге берешекті өндіріп алу туралы салық бұйрығы жолданады. Егер салық бұйрығы табыс етілген күннен бастап 5 жұмыс күн ішінде берешек өтелмесе, мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыға жіберіледі», деп түсіндірді комитет.

Қарызы бар азаматтарға бірқатар шектеулер де қолданылады. Атап айтқанда, банк шоттары мен мүлкіне тыйым салынуы мүмкін. Егер берешек 40 АЕК-тен (шамамен 157 мың теңге) асса, елден шығуға шектеу қойылады. Бұдан бөлек, сот орындаушыларының қызметі үшін қосымша шығындар жүктеледі.

Салық органдары төлемді соңғы күнге қалдырмауға кеңес береді. Себебі мерзім аяқталар тұста банктік жүйелерге түсетін жүктеме күрт артып, техникалық кідірістер туындауы ықтимал.

Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес көлік салығына қатысты өзгерістер енгізілді. Енді жеңіл автокөліктер үшін салықты есептеу кезінде көліктің пайдалану мерзімі де ескеріледі: егер көлік 10 жылдан 20 жылға дейін пайдаланылса – 0,7 түзету коэффициенті, ал 20 жылдан асқан жағдайда 0,5 коэффициенті қолданылады.

 

Барлық жаңалық