✅ Пайдалы

Кімдер зейнетақы мен жәрдемақысынан айырылуы мүмкін?

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы төлеу тәртібі қатаңдауы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Зейнетақы және әлеуметтік кодекске түзетулер дайындады, деп жазады Ozgeris.info.

Жаңа ережелерге сәйкес, Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтардың төлемдері уақытша тоқтатылады. Министрлік жүргізген мониторингке сай, елде 108 мыңнан астам адамның тіркеуі жоқ, ал тағы 28 мыңнан астамы тек уақытша тіркелген.

Құжатта бұл өзгерістердің даулы жағдайлар туғызуы мүмкін екені де көрсетілген:

«Осы нормаларды қабылдау елден тыс жерлерге кеткен және осы елде тұруға ықтиярхат алған зейнетақы мен жәрдемақы алушылар тарапынан наразылыққа әкеп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда төлемдер мән-жайды анықтағанға дейін тоқтатыла тұрады», делінген түсіндірмеде.

Сонымен қатар, мемлекеттік қамсыздандыру орталықтарында немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тұратын адамдарға да зейнетақы төлемдері жүргізілмейді.

Жаңа түзетулер атаулы әлеуметтік көмекке де әсер етеді. Енді көмек тағайындау кезінде отбасының табысымен қатар шығындары, несиелері, депозиттері және мүлкі де есепке алынады. Бұл шаралар төлемдердің нақтылығын арттырып, бюджет қаражатын негізсіз шығындардан қорғауға бағытталған.

Сонымен бірге, декреттік төлемдердің ең жоғары мөлшері 7 ең төменгі жалақыдан аспайды, ал жұмыссыздық бойынша жәрдемақы тағайындауға бақылау күшейтіледі.

Заң жобасы 2025 жылдың желтоқсан айында қабылдануы мүмкін.

Барлық жаңалық