Елімізде қалыңдықты ұрлау дәстүрі ресми түрде ауыр қылмысқа ауысқан еді. Енді алғаш рет жаңа заң бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Әйелдердің құқықтарын қорғау мен зорлық-зомбылықтың алдын алу саласында еліміз маңызды қадам жасады. 16 қыркүйектен бастап қалыңдықты ұрлау мен некеге мәжбүрлеуге қатысты қылмыстық заңнамаға енгізілген жаңа түзетулер күшіне енді. Аталған өзгерістерге қол жеткізу оңай болған жоқ. Қоғамда ұзақ жылдар бойы талқыланып келген.

Осы заң аясында кәмелетке толмаған қыздарды ұрлап, неке қиюға мәжбүрлеген азаматтарға қатысты екі қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми сайтында хабарланды.
«Неке қиюға мәжбүрлеу фактілері бойынша алғашқы қылмыстық істер Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Айта кетерлігі, екі жағдайда да жәбірленушілер кәмелетке толмағандар болып отыр. Аталған фактілер бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда және прокуратура органдарының бақылауында», – делінген хабарламада.
Ведомство жаңа Қылмыстық кодекс бабына сәйкес көзделген жазаны да еске салды.
«Егер әйел адам ұрланып, күш қолдану қаупімен немесе мүлкін жою не бүлдіру қатерімен неке қиюға мәжбүрленсе, кінәлі адамға 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Абайсызда ауыр зардаптар туындаған жағдайда - кінәлі адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады». - делінген хабарламада.
Былтыр мемлекет басшысы қалыңдық ұрлауды «жабайылықтың көрінісі» деп атаған болатын.
«Мұндай әрекеттер «адамның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары, абсолютті құндылық болып саналатын прогрессивті қоғам идеалдарына қайшы келеді», - деген еді Президент.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Wikipedia-дағы қалыңдық ұрлау статистикаcын «ұят жағдай» деп атады. Айтуынша, еліміздегі «жалған» дәстүрдің осылай кең тарауы Қазақстанды Эфиопиямен қатар қояды, сәйкесінше ұлттың намысына тиетін жағдай.
Ал өткен аптада депутат Мұрат Әбенов қыз алып қашуды насихаттаған телеарнаны сынады. Оның айтуынша, зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданғанымен, қоғамға оның маңызын жеткізу жұмыстары әлсіз жүріп жатыр.
«Біз бұл заңды қоғаммен бірге талқыладық. Қыз алып қашу ауыр қылмыс екенін ашық айту керек дедік. Президент қолдап, заң өзгерді. Бірақ кеше Ұлттық арнадан бір сериал көрдім. Кейіпкер «Қызды алып қаштым» дейді, екіншісі «Болды ғой, аман-есен жүрміз» дейді. Бұл заңға қарсы насихат емес пе?» – деді депутат.
Ол Мәдениет министрлігін насихат пен түсіндіру жұмысын күшейтуге шақырды.
Депутаттың сынына жауап берген ішкі істер министрі Ержан Сәденов жаңа заң жобасында контент мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, заңға қайшы немесе теріс мазмұн анықталса, тиісті шаралар қолданылады.
«Қыз алып қашу» дәстүрі расында қазақ тарихында болған, алайда оның мағынасы мен контексті мүлде басқа еді.
Тарихта қыз алып қашу - үйлену ғұрпының бір түрі болған. Бұрындары ата-бабаларымыз балаларын өзара атастырып, кейін күйеу жігіттің қалың мал беруге шамасы келмесе, қызын өзара келісіммен алып қашуға рұқсат берген. Ата-анасы қарсы болған қыз бен жігіт те екеуара ақылдасып, саналы түрде алып қашуға баратын. Ал кейін аталған дәстүр жабайы сипат ала бастады. Қызды келісімін алмастан, баса-көктеп алып қашатындар көбейді. Сондықтан қазір еліміз мұндай пиғылды қылмысқа теңеп, әйелдердің құқықтарын қорғау мен зорлық-зомбылықтың алдын алу саласында еліміз үлгі болатын қадам жасады.
Көрші елдер де аталмыш дәстүрге сыни қарай бастады. Мысалы, Қырғызстанда алып қашып, күштеп тұрмысқа берген, кейін күйеу жігіттің қолынан полиция бөлімшесінде ажал құшқан қыз жайында қысқа метражды фильм түсірілді. Фильм "Ала качуу" ("Алып қашу") деп аталады, он тоғыз жасар Бурулай Турдалиеваның тағдырына негізделіп түсірілген.