Ақтаулық Калия Онболсинова 11 жасында үш ауыр отаны бастан өткерген. Қазір жүрегі аппараттың көмегімен соғып тұр. Жүрек қақпақшаларын екі мәрте ауыстырып, өлім аузынан аман қалған 21 жастағы бойжеткен жүрегіне бірнеше рет аппарат орнатылғанын, отадан кейінгі тылсым құбылыстар мен жақындарының өзінен теріс айналғаны туралы айтып берді. Калия Stan.kz-ке берген сұхбатында бір айға созылған клиникалық өлім туралы сөз етті.
Калияға дәрігерлер туа біткен жүрек ақауы диагнозын қойған. Айтуынша, бұл сырқатқа анасына жүктілік кезінде күтім болмағаны себеп болған.
“Анам маған жүкті кезінде көп стресс алған, ұзақ уақыт ашығып қалған, тамақ ішпеген. Әкеммен арадағы кикілжіңдер болған. Соның салдарынан мен жүрек ауруымен дүниеге келдім. Менің ауырып, өзімді жайсыз сезініп жүретінімді анам байқаған. Бірақ қаражаттың болмауынан, ауыр диагнозға дайын болмағандықтан дәрігерлерге көрсетуге қорқып жүрген. Ол кезде 11 жастамын. Мектепте сабақ айтайын деп, орнымнан тұрғалы жатқанда басым айналып, құлап қалдым. Оның алдында мұрнымнан тоқтамай қан аққан еді. Мен оны жүрек ауруымен байланыстырмадым. Сол сәтте құлап, артынша клиникалық өлім тіркелді”, – дейді Калия.
“Соңы жоқ аппақ дәлізбен жүріп өттім”
Ол клиникалық өлімнің бір айға созылғанын айтты. Осы уақытта ол белгісіз әлемде, тек ақ дәлізді бойлап жүрумен болған.
“Клиникалық өлім кезінде адамның ақылына сыймайтын дүниелер көрдім. Түс секілді болды. Палатада жатқанымды білемін, бәрін естіп жатырмын бірақ денемді қозғалта алмаймын. Көзімді ашып, сөйлей алмаймын. Клиникалық өлім кезінде үлкен шар тәрізді дүниені көрдім. Ішінде жұлдызға ұқсас түрлі-түсті жарықтар болды. Сондай-ақ оның ортасында аппақ дәлізді көрдім. Сол дәлізбен жүріп бара жатқаным есімде. Бірақ дәліздің соңы жоқ. Сол сәттегі бастан кешкен сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, өзімді-өзім түсінбедім, қайда жүргенімнен де бейхабар болдым, жыладым. Шеті мен шегі жоқ шеңберден шыққым келеді, бірақ шыға алмаймын. Дәлізді бойлап жүргеннен басқа амалым болмады. Осылайша араға бір ай уақыт салып, Алланың қалауымен өзіме келіп, көзімді аштым”, – деді кейіпкеріміз.
Жүрегін ауыстырған қазақстандық клиникалық өлім мен тылсым құбылыс туралы айттыФото: Калияның жеке архивінен
“Үш отаға 160 000 доллар қаражат кетті”
2015 жылы ота мен ем-шараға кеткен жалпы сома – 160 мың доллар. Сол кездегі доллар бағамын теңгеге шаққанда шамамен 50 миллион теңгеден астам қаржы. Диагноз – туа бітті жүрек кемістігі, жүректің сол және оң жүрекшелерін бөліп тұрған аралық қалқалардағы саңылау. Калияға бірінші ота тегін жасалған. Бір ай ес-түссіз жатып оянған Калияны дәрігерлер бірден отаға дайындайды. Үш күннен кейін алғашқы операция жасалған.
“Жүрегімдегі екі қақпақша да жұмыс істемей қалды. Сондай-ақ жүректе үлкен үш тесік бар екен. Үш тесіктің біреуі 4, екіншісі 6 сантиметр. Уайым, күйзеліске түскен сайын жүрегім өскен. Сөйтіп қабырғаға симай қалған. Сол себепті қабырғам да ішке қарай сәл қисайып тұратын. Бірінші отада үш тесікті тігіп, қақпақшаны ауыстырды. Бірақ оны менің ағзам қабылдамай, комаға түсіп қалдым. Бір күннен кейін екінші операция жасайтын болды. Трансплантацияның екі түрі бар, бірі – тірі ағзаны ауыстыру, екіншісі – арнайы қолдан жасалған аппаратты салу. Маған екінші жолмен ота жасалды. Жүрек қақпақшаларын қайта ауыстырды. Оған да ақша кетті. Тесіктер де қайта ашылып кеткен. Жүрегіме серіппесі бар механикалық аппарат орнатты. Ол жүректегі қан айналымына жауап беретін болды. Сонда жүрегім мүлде тоқтап қалды. Дәрігерлер ата-анама “жаназаға дайындала беріңдер, тек бір аптадай өмірі қалды” деген. Тіпті, дәрі беріп ұйықтатып тастауды да ұсынған. Ата-анам оған қарсы болған. Бірақ туыстарымызға жағдайымды ескертіп, жаназаға дайындалған. Араға 3-4 күн салып тағы ота жасады. Тағы да қақпақшаларды ауыстырды. Тек содан кейін ғана аппарат ағзаға орнықты. Отаға 1 800 000 теңге кетті. Серіппе, жүрек қақпақшаларын ауыстыру, дәрігерлердің еңбегі, ем-шара, дәрі-дәрмекті есептегенде 160 000 доллар қаражат кетті”, – дейді Калия.
Айтуынша, отаны Ресейден және Астанадан келген дәрігерлер жасаған. Операцияның өзі Астанада өту керек болған. Алайда Калияның жолды көтере алмай, өліп кетуі мүмкін болғанына байланысты дәрігерлер Ақтауға арнайы келген.
“Дәрігер қолын кеудеме сұғып, қабырғаларымды кесіп жатқанын сездім”
Кейіпкеріміз ота кезінде оянып кеткен сәтін қорқынышпен еске алады. Ата-анасы отаға көндіргенімен дәл операцияның алдында кейіпкеріміз бәрінен бас тартпақ болған.
“Ота жасайтын үстелге жатқызып жатқан кезде дәрігердің құрал-жабдығын көріп зәрем ұшты. Үлкендігі сонша, мал союға арналған пышақ пен ара секілді. Қатты шошып, ота жасатпайтынымды айттым. Сол сәтте дәрі салып ұйықтатып тастады. Бірақ ауырсынудан оянып кеттім. Дәрігер қолын кеудеме сұғып, қабырғаларымды кесіп жатқанын сезіп жаттым. Жүрекке ота жасау үшін қабырғаларымды кескен. Сүйектерді ота біткен соң қайта сым темірмен біріктірген екен. Дәрігерлерге оянып кеткенімді айтып, белгі бере алмай әбден қиналдым. Кейін олар менің қиналып жатқанымды байқап қайта ұйықтатып тастады. Бірақ отадан кейін бүкіл денем ауырып, қатты қиналдым”, – дейді Калия.
Ауыр отадан кейін кейіпкерімізге қатты күйзелуге, стреске түсуге, қобалжып, қатты қуануға болмайды. Айтынша, бұл өте қауіпті.
“Күрделі операция жасалған әр науқастың өмірінде әрдайым қауіп болады. Оған стреске түсуге, уайымдауға, спортпен айналысуға, зиян заттарды түтынуға болмайды. Жүрекке, ағзаға ауыр жүктеме түссе жүрек кез келген сәтте тоқтап қалады. Барынша айқай-шу, жанжалға мән бермеймін. Бірақ ішімде барлығы жиналып қалғанда қажып кетемін. Ондай кезде қыдырып, көңілімді көтеріп, сергіп қайтамын, дүкен аралаймын”, – дейді бойжеткен.
“Отадан кейін 17 жасыма дейін жын көрдім”
Сондай-ақ Калия үш рет пышаққа түскен соң көзіне тылсым жаратылыстар көріне бастағанын айтады. Алғашында мұны ауыр отадан кейін болатын қалыпты құбылыс деп ойлаған. Бірақ оны басқа әлемнің жаратылыстары, яғни жындар мазалаған болып шықты.
“Барлық операция аяқталды. Үйге келгеннен кейін алаңсыз ұйықтаудан қалдым. Ұйықтап жатқанда шашымды біреу өріп жатқандай болды. Анам немесе әпкем шығар деп ойладым. Бірақ көзімді ашқанда ешкім болмады. Таңда тұрып айнаға қарасам, шашым өрілмеген, байлап, ұйыстырып тастаған. Кейін шашымды қиюға тура келді. Тағы бір жағдай болды, түнгі сағат 3-4 шамасында әлдекім жаныма келіп әңгіме айтатын. “Калия, сен жассың ғой. Мен саған бірнәрсе көрсетемін, сыртқа шық” дейтін. Үйдегілерді көмекке шақырсам ғайып болып кететін. Сөйтіп бір күні тағы далаға шығуға итермеледі. Үйдің ауласына шықсам, біреу жер қазып жатыр екен. Жаңағы жаратылыс маған “арқасынан түрт” дейді. Түрттім де “біздің аулада не істеп жүрсіз” деп сұрадым. Сонда ол мені жерге жығып, тұншықтыра бастады. Сабақта отырғанда көрінеді, ұйықтап жатқанда тұншықтыратын. Ер мен әйел адамның кейпінде көрінетін. Оларды дауысынан ажырататынмын. Бойы шамамен 2 метрге жуық, денесі де үлкен еді. Алып болған соң қатты қорқатынмын”, – деп еске алды Калия.
Бұл жағдай 17 жасына дейін қайталанған. Кейін имам, ұстаздарға барып оқытылып, “Әл-Бақара” сүресін жаттап, ұйқыға жатар кезде сүрені оқып, дәрет алып жататын болған соң сап тыйылған.
Жүрегін ауыстырған қазақстандық клиникалық өлім мен тылсым құбылыс туралы айтты
“Ата-анам қарызға кіріп, 13 жасымда үйден қуып жіберді”
Ауыр дерт Калияны қажытып қана қоймай, ата-анасымен ара қатынасына да кері әсер еткен. Қызының еміне деп қарызданған ата-ана Калияны үйден қуып жіберген.
“Отаға дейін ата-анаммен ара қатынасым өте жақсы болды. Бәрі аяқталып, үйге оралып, 13 жасқа толғанда әке-шешем мені үйден қуып жіберді. Осы сырқаттың кесірінен әке-шешем сол кезде ажырасып кетті. Айтуларынша, менің операциям үшін олар үйді, сатып, қарызға кірген. Сол кезде пәтерде тұрып жатты. “Осы қаражатты қайтар, жұмыс істе” деп жіберді. Сөйтіп даяшы болып жұмысқа кірдім. Күніне 3 мың теңге табатынмын, оны әкеме әкеліп беремін. 17 жасымда студент болып шәкіртақы алып жүрдім. Бірде шәкіртақымнан айырылып қалғаным үшін тағы үйден қуып жіберді. Стипендиямды әке-шешем алатын. Мен ол ақшаны қолыма ұстаған емеспін. Сөйтіп жүргенде 20 жасқа толар шағымда инсульттің алғашқы белгілерімен Ақтау қалалық орталық ауруханаға түстім. Денемнің сол жақ бөлігі істемей, сөйлей алмай қалдым. Ем жасап, дәрі салайын десе жүрекке болмайды. Сөйтіп емделуім қиын болып кетті”, – дейді кейіпкеріміз.
Қазір оның әкесімен ара қатынасы жақсарған. Ал анасымен мүлде араласпайды. Бойжеткен осы қиындықтарды басынан өткерген соң сынақтарға сынуға құқым жоқ дейді. Әдемі өмір сүруге барын салып, келеңсіздіктерге мән бермеуге тырысып жүр. Жастайынан денсаулықтың қадірін түсінген кейіпкеріміз адамдар ұйқыдан ауырмай тұрудың өзі бақыт екенін түсінсе дейді.
“Ұйқыдан ауырмай тұрудың өзі бақыт”
“Осы жағдайдың бәрінен кейін жанымда демеу болатын адамдар азайды. Тіпті, ата-анамнан да қолдау ала алмадым. Бірақ осынша ауыр сынақтардан кейін мен оңай беріле салмау керегін, сынып қалмау керек екенін түсіндім. Бұл – Құдайдың маған берген мүмкіндігі. Осы қиындықты бастан өткерген соң артқа қайтар жол жоқ. Адамның өмірі – ең құнды. Ауырсаң тіпті жақындарыңа да керек болмай қалады екенсің. Әр адам өмірін бағаласа деймін. Өйткені Алла көп адамға он екі мүшесін сау етіп береді. Соған шүкіршілік етуді ұмытпаса екен деймін. Қазір ауыр жұмыс істеуге болмайды. Сол себепті фотомодель болып жұмыс істеймін.. Түсірілімдерде жүремін. Жақында фильмге түсуге шақырту алдым. Бұйырса, алдағы уақытта Астанада түсірілімі басталады”, – деп жоспарын бөліскен Калия алдағы уақытта да мойымауға сөз берді.
Калия әлеуметтік желіде жазба жариялаған екен. Онда “қалыңмалым бір жүректің құны” дейді. Сұхбат барысында мұның әзіл ретінде жариялағанын айтты. Десе де, желі қолданушылары қолдау білдіріп, ақ тілектерін жаудырды.