💰 Экономика

«Жұмысты күшейтіңдер»: Үкімет азық-түлік бағасын тежеуді талап етті

Үкімет отырысында ел экономикасының өсімімен қатар, халықтың қалтасына тікелей әсер ететін азық-түлік бағасы қатаң талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар салада баяулау барын айтып, өңірлерге бағаны бақылау жұмысын күшейтуді тапсырды, деп жазады Ozgeris.info.

Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,4% өсім көрсетті. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Алайда ол бұл көрсеткішке қарамастан, кейбір салаларда өсім қарқыны төмендегенін жасырмады.

«Сауда, құрылыс және көлік қызметтерінде баяулау байқалып отыр. Ал металлургия өнеркәсібінің тежелуі экономика үшін ерекше қауіп. Бұл сала ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Жыл соңына дейін жалпы экономикалық өсімді сақтап қалу аса маңызды. Бұл үшін барлық мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс істеуі тиіс», деді Үкімет басшысы.

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрлігі де негізгі көрсеткіштерді таныстырды. Министр Серік Жұманғарин жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,4%-ға жеткенін айтты. Оның сөзінше, экономиканың негізгі драйверлері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы болып отыр.

«Өнеркәсіптегі өсім 7,3%-дан 7,4%-ға дейін жеделдеді. Ауыл шаруашылығы 6,1% өсім көрсетті. Сонымен қатар көлік саласы 20,3%-ға, құрылыс 14,7%-ға, сауда 8,8%-ға артты. Экономика сыртқы жағдайларға бейімделіп, тұрақты даму жолына түсті. Базалық салалардағы жеделдеу әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға берік негіз қалайды», деді ол.

Алайда Үкімет отырысында басты назар инфляция мәселесіне ауды. Олжас Бектенов соңғы 2 айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендегенін атап өтті. Бірақ бұл барлық өңірге ортақ жағдай емес екенін айтты. Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында инфляция керісінше өсіп отыр. Бұған басты себеп азық түлік бағасының қымбаттауы болған.

Оның айтуынша, жергілікті әкімдіктердің қолында бағаны тұрақтандыруға арналған барлық құрал бар. Бірақ олардың қолданылу қарқыны көңіл көншітпейді. Осыған байланысты Олжас Бектенов өңір басшыларына қатаң ескерту жасады.

«Әкімдіктерде бағаны ұстап тұруға қажетті барлық тетік бар. Бірақ жұмыс жеткіліксіз. Жұмысты күшейтіңдер», деді ол.

Премьер министрдің тапсырмасына сәйкес, Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейтуі тиіс. Сонымен қатар ет пен ет өнімдерінің қымбаттауына ерекше назар аудару қажет екені айтылды. Бектенов бұл бағытта Астанада қолданылған тәжірибені мысалға келтірді.

Үкімет басшысы инфляциялық қысымды төмендету үшін жүйелі жұмыс қажет екенін де атап өтті.

 «2026-028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл ауқатын арттыру бағдарламасы толық көлемде орындалуы тиіс», деді Олжас Бектенов.

 

Барлық жаңалық