Қазақстанда азаматтық белсенділікті дамытуға бағытталған «Жаңа адамдар» қозғалысы өз қызметін жаңа деңгейге шығарып, арнайы цифрлық платформаны іске қосты деп жазады Оzgeris.info. Жаңа жоба азаматтардың қоғамдық өмірге саналы әрі белсенді қатысуын жеңілдетуге бағытталған.
Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, тәуелсіздік бұл тек еркіндік емес, сонымен қатар өз еліне, қоғамына және қаласына деген жауапкершілікті саналы түрде қабылдау. Ал еркіндік тәртіппен, құқықтар міндеттермен қатар жүргенде ғана мәнге ие болады.
«Жаңа адамдар» бірнеше жылдан бері азаматтық науқандарды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, қозғалыс: Зорлық-зомбылыққа, ұзаққа созылған құрылыстарға, заңсыз қоқыс орындарына, такси саласындағы заңсыз алымдарға, дүкендерде мерзімі өткен өнімдердің сатылуына, кәмелетке толмағандарға алкоголь сатуға
қарсы қоғамдық бастамалар көтеріп келеді.
Бүгінде қозғалыс еліміздің 19 қаласында жұмыс істеп, ондаған мың белсендіні біріктіріп отыр. Қозғалыстың келесі даму кезеңі ретінде оның қызметін цифрландыру қолға алынған.
Жаңа қосымша азаматтық қатысудың ашықтығын, қолжетімділігін және ыңғайлылығын арттыруды көздейді. Платформа Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі белсенділерді біріктіріп, көлденең байланыстарды нығайтады. Сонымен қатар экология, қалалық орта, заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастыру бағыттарындағы азаматтық бастамаларды дамытуға арналған біртұтас цифрлық алаң ретінде жұмыс істемек.
Қосымша арқылы кез келген ниет білдірген азамат:«Жаңа адамдар» қозғалысына қосыла алады; Өз қаласындағы азаматтық науқандармен танысып, оларға қатыса алады; Қозғалыс іс-шараларының кестесін көріп, тіркеле алады; Елдің әр өңіріндегі мүдделестермен байланыс орнатуға арналған ішкі мессенджерді пайдалана алады.
Айта кетейік, бұл ішкі чат алдағы уақытта Threads-ке балама жеке платформа ретінде дамытылмақ. Сондай-ақ қосымша белсенділерге өз жобаларын іске асыруға және жаңа азаматтық науқандарға көшбасшы болуға мүмкіндік береді.«Жаңа адамдар» қозғалысының цифрлық платформасы өзгерістерге бейжай қарамайтын, идеяларын нақты іске айналдыруға дайын азаматтарға арналған.
Қозғалыс өкілі Мейіржан Ғарифолаев жаңа бастамаға қатысты пікір білдірді:
«Бүгінде технологиялық прогресс қарқынды дамып келеді. Ал инновацияларды қандай форматта және қандай мақсатта қолдану өз қолымызда. Біз азаматтық белсенділікті ашық әрі түсінікті цифрлық форматта ұсынуды көздейміз. “Жаңа адамдар” бастамаларына қатысу барша белсенді азаматтар үшін бір ғана батырма арқылы қолжетімді болады. Бұл саналы қатысуға, жауапкершілікке және нақты әрекетке арналған құрал», — деді ол.