Алматы – Бангкок бағытындағы әуе рейсінің бортында орын алған төбелес фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Алматы қаласының әуежайында аталған рейстен шет мемлекеттердің төрт азаматы түсірілген. Олардың екеуі мас күйде болған.
«Төрт шетел азаматы арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан. Әуе кемесінің бортындағы бұзақылық әрекеттерге байланысты қылмыстық іс қозғалды», — деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиғаға қатысқан екі адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған мән-жайлар ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Көліктегі полиция өкілдері әуе көлігінде қоғамдық тәртіпті бұзу қатаң түрде тоқтатылатынын ескертіп, мұндай әрекеттер көлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін атап өтті.
«Көліктегі тәртіпті бұзу ауыр құқықбұзушылық. Кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады», — деп түйіндеді полиция.