Қоғам

ЖИ жарысындағы жүйріктер

ЖИ жарысындағы жүйріктер

Халықаралық жасанды интеллект орталығында өткен «Аlem.ai battle» атты жобалар байқауы аяқталды. Елдің барлық өңірінен 830-ға жуық өтінім қабылданды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылған бұл бастамада 20 үздік команда финалға жолдама алды, деп жазады Ozgeris.info.

Финалдық кезеңді ашқан Премьер-министрінің орынбасары – Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев байқаудың маңызын ерекше атап өтті.

– Бүгінде жасанды интеллект саласындағы таланттар – еліміздің нақты қозғаушы күшіне айналды. Біз әр адамға түсінікті даму жолы бар экожүйе құрып жатырмыз. Мектептегі алғашқы код жазудан бастап, әлемдік деңгейдегі ғылыми жобаға дейінгі үдеріс қамтылған. Министрліктің міндеті – осы буындар арасындағы үздіксіз байланысты бекіту. Біз «Қазақстанда жасалған» деген сөз жасанды интеллект саласында халықаралық сапа белгісіне айналуына мыңдаған жас талантты баулып жатырмыз, – деді ол.

Байқау төрт негізгі бағыт бойынша өтті. Әр санатта жеңімпаздар анықталып, олардың жобалары нақты әлеуметтік, технологиялық мәселелерді шешуге бағытталды. Соның ішінде AI Young Talents санатында мектеп оқушылары әзірлеген SuGuard жобасы топ жарды. Бұл жүйе қандағы қант деңгейін бақылап, диабет қаупін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Жеңімпаздарға жобаларын дамытуға арнайы ноутбуктар табысталды.

Студенттер арасындағы AI Driving Power бағытында Ustaz AI командасы үздік атанып, 5 млн теңге жеңіп алды. Олардың платформасы мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге арналған. Жүйе тапсырмалар құрастырып, оқу материалдарын дайындайды әрі оқу үдерісін басқаруға көмектеседі. Нәтижесінде ұстаздар оқушылармен жеке жұмысқа көбірек уақыт бөле алады.

AI Innovators санатында Robio жобасы жеңіске жетіп, 7 млн теңгеге ие болды. Бұл – жасанды интеллектімен жұмыс істейтін арнайы қолғап. Ол дәрігерлерге сүт безіндегі өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Технология қолмен тексеру кезінде сезілетін белгілерді нақты деректерге айналдырып, ісіктің орнын, көлемін дәл анықтай алады. Жүйенің дәлдігі шамамен 90 пайызды құрайды, қазір жоба клиникалық сынақтарға дайындық кезеңіне өткен. Robio жобасының жетекшісі Тоғжан Сырымованың айтуынша, байқаудың нәтижесі туралы бүй дейді:

– Бұл жеңіс жобамыздың тек ғылымда ғана емес, нақты өмірде де қажет екенін көрсетті. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз. Енді зерттеуден нақты медициналық технология жасау кезеңіне өтеміз. Бүгін тынымсыз еңбегіміз ақталып, жарқын нәтижеге жеттік. Байқау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Клиникалармен жұмыс істеу, инвестиция тарту және сынақтарды жылдам бастау, – деді ол.

Ал стартаптар арасындағы AI Future Builders санатында NCSpeech жобасы 10 млн теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді. Бұл сервис SuperApp жүйелеріне біріктіріліп, пайдаланушылардың күту уақытын пайдалы деректерге айналдырады. Осы арқылы жасанды интеллектіні оқытуға қажетті сапалы ақпарат жиналады. Жоба қазірдің өзінде халықаралық нарықта сұранысқа ие болып, Antler қорынан алғашқы инвестиция тартқан. Қазылар алқасының құрамында венчурлік қорлар мен технология саласының жетекші мамандары болды. Олардың қатарында Асқар Белісбеков, Руслан Рақымбай, Бахтиёр Эшонкулов, Рината Илюбаева және Аслан Сұлтанов бар.

Байқауды Astana Hub Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ыждағатымен ұйымдастырды.

 

Барлық жаңалық