2026 жылы «Қазақмыс» корпорациясы геологиялық барлау жүйесін жаңарту бойынша ірі бағдарламаны іске қоспақ. Жоба геологиялық-маркшейдерлік жұмыстарды цифрландыруды және Жезқазған қаласында заманауи инфрақұрылым қалыптастыруды қамтиды дейді ozgeriz.info сайты.
Бұл шешім компанияның бес кенішінде Micromine бағдарламалық қамтамасыз етуін пайдаланып жүргізілген ішкі талдау мен тәуелсіз аудит нәтижесінде қабылданған. Тексеру барысында қолданыстағы құралдардың толық пайдаланылмайтыны және есептеулердің көбіне екі өлшемді форматта жүргізілетіні анықталған. Мұндай тәсіл модельдеу мен болжау мүмкіндігін шектейтіні айтылды.
2026 жылдан бастап компания толыққанды үш өлшемді геологиялық модельдеуге көшуді жоспарлап отыр. Цифрландыру бағдарламасы аясында шамамен 400 маман Micromine Origin & Beyond жүйесі бойынша оқытылады, ал тәжірибелі мамандар үшін Micromine Advance жүйесі бойынша тереңдетілген курстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар кен орындарының литологиялық және гидрологиялық модельдері әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ геологиялық деректерді сақтау және талдау үшін Geobank орталықтандырылған жүйесі енгізілмек. Бұл барлық активтер бойынша бірыңғай ақпараттық база қалыптастырып, кен қорын есептеу дәлдігін арттыруға және өндірісті жоспарлау кезінде тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Цифрлық жаңғырту жаңа инфрақұрылым құрумен қатар жүреді. Жезқазған қаласында жалпы ауданы шамамен 14 мың шаршы метр болатын геологиялық кластер салынуда. Кешен құрамына қуаты 200 мың қума метрге дейінгі керн сақтау қоймасы, геоминералогиялық және геофизикалық зертханалар, дәрісханалар және мұражай аймағы кіреді.
Керн сақтау қоймасын басқару ALS халықаралық компаниясымен (Австралия) бірлесіп жүзеге асырылады. Ал білім беру бағдарламасы Colorado School of Mines университетімен (АҚШ) серіктестік негізінде іске асады. Қазіргі уақытта кешеннің бірқатар нысандарының құрылысы аяқталған, қалған элементтерді 2026 жылдың III–IV тоқсандарында аяқтау жоспарланған. Жоба аясында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Осылайша компанияда геологиялық барлаудың толық циклі қалыптасады: керн сақтау мен зерттеуден бастап цифрлық модельдеу мен мамандар даярлауға дейінгі барлық кезең қамтылады. Үш өлшемді модельдеуді енгізу өндірісті дәлірек жоспарлауға және минералдық-шикізат базасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, ондаған жылдар бойы игеріліп келе жатқан кен орындары бар компания үшін геологиялық қызметті жаңарту стратегиялық бағыттардың біріне айналып отыр.