Жезқазғанда Металлургтер күніне орай салтанатты жиын өтіп, «Қазақмыс» компаниялар тобының 70-тен астам қызметкері марапатқа ие болды. Кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп, саланың дамуына елеулі үлес қосқан еңбеккерлерге мемлекеттік, ведомстволық және корпоративтік наградалар табысталды.
Салтанатты шарада Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтап, тау-кен металлургия кешенінің өңір экономикасындағы стратегиялық рөліне тоқталды. Ол Ұлытау үшін кен өндіру мен металл өңдеу саласы негізгі экономикалық тіректердің бірі екенін атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, Жезқазғандағы кен өндіру саласының өзінде 5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Мыңдаған маман өмірін осы кәсіппен байланыстырып, өңір мен ел өнеркәсібінің дамуына үлес қосып келеді. Есет Байкен сала қызметкерлеріне еңбектері үшін алғыс айтып, кәсіби мерекемен құттықтады.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков компания өндірісті дамытумен қатар, қызмет ететін өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымына да тұрақты инвестиция бағыттап отырғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа қоғамдық кеңістіктер, білім беру, мәдениет және әлеуметтік нысандар салу арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда.
Компаниядағы адам капиталының маңызына «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі ерекше назар аударды. Ол кәсіпорынның басты құндылығы – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті мамандар екенін атап өтіп, «Қазақмыс» компаниялар тобының құрылтайшысы Нұрлан Артықбаевтың мерекелік құттықтауын жеткізді.
Руслан Өскенәлі компания басшылығы нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарға басымдық беретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, алғашқы әлеуметтік бастамалардың нәтижесі биыл күзде көріне бастайды. Сонымен бірге компания қызметкерлер үшін еңбек жағдайын барынша қолайлы әрі қауіпсіз ету және металлург мамандығының беделін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырмақ.
«Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғаболов та металлургтерге кәсібилігі мен қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдірді. Ол мамандардың тәжірибесі мен жауапкершілігінің арқасында компания түсті металлургиядағы жетекші позициясын сақтап, тазалығы 99,99 пайызды құрайтын катодты мыс өндірісінің халықаралық стандарттарын тұрақты қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.
Металлургтер күні Жезқазған мен Ұлытау облысы үшін дәстүрлі түрде маңызды мерекелердің бірі саналады. Бүгінде «Қазақмыс» компаниялар тобы өндірістік нысандарды жаңғырту, еңбек қауіпсіздігін күшейту, жаңа технологияларды енгізу және кәсіпорындар орналасқан өңірлердегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.