Қоғам

Жезқазғанда Қаныш Сәтбаевтың рухына тағзым етілді

Жезқазғанда Қаныш Сәтбаевтың рухына тағзым етілді

Жезқазғанда Металлургтер күніне арналған мерекелік іс-шаралар Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды, деп хабарлайды ozgeris.info.

Тағзым ету рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі және «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғаболов қатысты. Сондай-ақ шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, кәсіпорын қызметкерлері мен металлургия саласының ардагерлері жиналды.

Қатысушылар Қазақстанның тау-кен металлургия өнеркәсібінің дамуына және Жезқазған өңірінің табиғи байлығын игеруге орасан үлес қосқан көрнекті ғалымның рухына құрмет көрсетті.

Қаныш Сәтбаевтың ғылыми зерттеулері мен бастамалары Жезқазғанның еліміздегі ірі өнеркәсіптік орталықтардың біріне айналуына негіз болды. Оның еңбектері мен идеялары бүгінде де кен өндіру және металлургия саласында еңбек етіп жүрген мамандар үшін маңызды мұра болып қала береді.

Металлургтер күні қарсаңында өткен гүл қою рәсімі саланың қалыптасуына үлес қосқан тұлғаларға деген құрмет пен металлургтердің бірнеше буынын байланыстыратын еңбек дәстүрінің сабақтастығын айшықтады.

Барлық жаңалық