Баян Мақсатқызы Меруерт Өтекешоваға уәде еткен пәтердің кілтін табыстады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Отандық продюсер бұл қуанышты жаңалықпен Instagram парақшасында бөлісті.
Еске салсақ, екі ай бұрын Баян Мақсатқызы Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешованың жеке баспанасы жоқ екенін білген соң, оған Алматы қаласынан пәтер сыйлайтынын айтқан болатын. Арада екі ай өткен соң продюсер уәдесінде тұрып, жаңа баспананың кілтін актрисаға табыстады. Сыйлықты табыстау сәтінің видеосын әлеуметтік желіде жариялады.
– Жылағым келіп тұр... Неткен керемет аула! Әдемі, жайлы, мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Айтар сөзім жоқ, – деді Меруерт Өтекешева.
– Сөздің қажеті жоқ. Ең бастысы – сіздің күлкіңіз, – деп жауап берді Алагөзова.
Видеодан пәтердің жаңа жиһазбен және тұрмысқа қажетті заттармен толық жабдықталғанын көруге болады. Сонымен қатар қонақ бөлмесінің қабырғасына Меруерт Өтекешованың «Қыз Жібек» фильміндегі бейнесі салынған картина ілінген. Продюсердің айтуынша, қазақстандық суретші бұл туындыны екі ай бойы салған.
Бұдан бөлек, Баян Мақсатқызы Қазақстанның Халық әртісіне Түркиядағы бес жұлдызды қонақүйге жолдаманы да сыйға тартты.