Жаңалықтар

Астанада демалысқа барған жігіт жансақтау бөлімінде жатыр

Астанада демалысқа барған жігіт жансақтау бөлімінде жатыр

Астанадағы жекеменшік демалыс орнында 24 жастағы жігіт есінен танып, бассейнге батып кетті. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жігітті демалушылар судан шығарып қалған. Олар оқиға кезінде құтқарушы, медицина қызметкері және алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы болмағанын алға тартады. Жедел жәрдемді де демалушылардың өздері шақырған.

Зардап шеккен жігіттің анасы кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етті.

"Ешқандай құтқарушы, медбике жоқ. 306-баппен қылмыстық іс қозғалды. Мен мұндай жағдай қайталанбас үшін соңына дейін барамын. Адамның өміріне неге бей-жай қарайды?", – деді Айкүміс Елеусізова.

Ал демалыс кешенінің әкімшілігі ер адамның бассейнге басымен секіргенін айтып, мұндай әрекетке тыйым салынғанын мәлімдеді.

"Оқиға болған сәтте екі арнайы дайындықтан өткен құтқарушы кезекшілікте болды. Медициналық қызметкерлер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек кешеннің құтқарушысы тарапынан көрсетілді. Мұның барлығы бейнебақылау камераларының жазбаларымен расталады. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр", – деп хабарлады демалыс орнының әкімшілігі.

Қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Барлық жаңалық