Иранды қолдайтын қарулы топ АҚШ президенті Дональд Трампқа қастандық жасаған адамға 10 миллион доллар сыйақы беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Shafaq News басылымының мәліметінше, Иранды қолдайтын "Ирактағы исламдық қарсылық" ұйымы бұл қаражат қозғалыс мүшелері мен жақтастарының ерікті қайырымдылықтары есебінен жиналғанын хабарлаған.
Ұйым өкілдері мұндай мәлімдемені АҚШ президентінің Иран генералы Қасем Сүлеймани мен Ирактағы қарулы жасақ қолбасшысының орынбасары Әбу Махди әл-Мухандистің қазасына қатысты жуырда айтқан пікіріне жауап ретінде жасағанын жеткізді.
Еске салайық, Қасем Сүлеймани мен Әбу Махди әл-Мухандис 2020 жылдың қаңтарында Бағдадта АҚШ-тың ұшқышсыз ұшағы жасаған әуе соққысы салдарынан қаза тапқан болатын.
Shafaq News дерегіне сәйкес, Дональд Трамп Ирак премьер-министрі Әли әз-Заидимен кездесу кезінде 2020 жылғы операциядағы өз рөлін де атап өткен. Осыдан кейін әл-Мухандистің отбасы АҚШ президентінің мәлімдемесін және Ирак премьер-министрінің ұстанымын сынға алған.
Бұл мәлімдеме Дональд Трампқа қарсы ықтимал қастандық туралы ақпараттардың таралуы аясында жарияланды. Бұған дейін CNN арнасы Израиль тарапы АҚШ билігіне Иранның президентке қастандық жасауы мүмкін екені жөнінде барлау мәліметтерін ұсынғанын хабарлаған. Алайда телеарнаның мәліметінше, Вашингтон әзірге бұл ақпаратты тәуелсіз түрде растай алған жоқ.