«Нұрқазған» кенішінде адам өмірін сақтап қалуға арналған жаңа технология сәтті сынақтан өтті. Бұл жүйе жер астында жұмыс істейтін персоналды ауыр техниканың басып кетуінен және соқтығысудан қорғауға арналған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Шахтада алып техниканы басқару өте қауіпті: көріну аймағы шектеулі, бұрылыстар мен қиылыстар көп. Жаңа жүйе осы олқылықтың орнын толтырып, жүргізушілерге айналаны толық бақылауға мүмкіндік береді.
Техникаға орнатылған арнайы антенналар мен борттық дисплей көлік айналасындағы кеңістікті жіті бақылайды.
Дисплейде жасыл (қауіпсіз), сары (жақындау ескертуі) және қызыл (қауіпті жақындасу) аймақтар көрсетіледі.
Жүйе UHF жиілігі арқылы 15 метрге дейінгі қашықтықтағы нысандарды тіпті қабырға тасасынан да анықтай алады. Ол басқа техниканы да, арнайы белгісі бар жұмысшыларды да жазбай таниды.
Бір жарым айға созылған сынақ барысында құрылғы мінсіз жұмыс істеп, қатесіз іске қосылатынын дәлелдеді. Бұл сандық шешім «Қазақмыс» компаниясының кеншілер үшін өндірістік қауіпті азайтып, еңбек жағдайын барынша қауіпсіз ету жолындағы маңызды қадамына айналып отыр.