Алматы көшелерінің бірінде қолына пышақ ұстап, жартылай жалаңаш жүрген шетелдік азамат тұрғындардың зәресін ұшырды. Куәгерлер болған жағдайды видеоға түсіріп, дереу құқық қорғау органдарына хабар берген деп жазды ozgeris.info сайты.
Бейнежазбадан ер адамның көшеде тек іш киіммен жүргенін және қолында пышаққа ұқсас өткір зат бар екенін көруге болады. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қауіпті жағдайды байқаған бойда полиция жасағын шақырған.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған азаматтың шұғыл түрде ұсталғанын мәлімдеді.
Ұсталған ер адам 1990 жылы туған шетел азаматы болып шықты.
Құрықтау кезінде ол өзін адекватты емес ұстаған және көшеде бұлай жүруінің себебін нақты түсіндіріп бере алмаған.
Оның қоғамдық тәртіпті бұзғанынан бөлек, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын да өрескел бұзғаны анықталды.
Қазіргі уақытта шетелдік азамат қабылдап-тарату орнына (қабылдау-бөлу жайына) қамалды. Тиісті тергеу мен тексеру амалдары жалғасуда.