Израиль Президенті Ицхак Герцог елімізге келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Осы жүздесу аясында екі ел арасындағы жаңа мүмкіндіктер мен геосаяси маңызы кеңінен талқыланды. Осыған байланысты біз саясаттанушы, PhD Қазбек Майгелдиновпен сөйлесіп, бұл кездесудің нақты нәтижесі, Қазақстанның халықаралық саясаттағы орны және Таяу Шығыс бағытындағы ықпалы туралы жан-жақты пікірін білдік, деп жазады Ozgeris.info.
– Израиль Президентінің Қазақстанға сапары екі елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтере ала ма?
– Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынас тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тұрақты әрі достық сипатта дамып келеді. Алайда соңғы кездесу осы байланыстардың жаңа сапалық деңгейге өткенін айқын көрсетті. Бұған дейін екі ел арасындағы негізгі ынтымақтастық сауда, оның ішінде металлургия мен мұнай-химия салаларымен шектеліп келсе, енді қарым-қатынас құрылымы айтарлықтай кеңейіп отыр. Қазір су ресурстарын басқару, агротехнология, жасанды интеллект, цифрлық шешімдер, сондай-ақ тікелей әуе қатынастары сияқты жаңа бағыттар пайда болуда.
Бұл – жай ғана тақырыптардың көбеюі емес, екі ел арасындағы стратегиялық сенімнің артқанын білдіреді. Сондықтан бұл сапарды қарым-қатынастың жаңа кезеңге өткенінің нақты белгісі деп айтуға толық негіз бар.
– Осы сапар Қазақстанның халықаралық саясаттағы орнын қалай көрсетеді?
– Бұл жерде ең маңыздысы – Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының жаңа, белсенді форматының қалыптасып келе жатқанын көреміз. Бұрын біз тепе-теңдік саясатын ұстанып келсек, қазір көпсегментті дипломатияға көшіп жатырмыз.
Яғни, Қазақстан тек ірі державалармен – Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропамен ғана емес, сонымен қатар Таяу Шығыс бағытында да белсенді саясат жүргізіп келеді. Бұл еліміздің сыртқы саясаттағы маневр жасау мүмкіндігінің кеңейгенін көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық бастамаларға қатысты маңызды рәсімдерді Астанада өткізу туралы ұсыныстар – Қазақстанның өзін халықаралық диалог алаңы ретінде позициялап отырғанының дәлелі. Бұл бізді жай қатысушы емес, жаһандық процестерге ықпал ете алатын субъект ретінде көрсетеді.
– Екі ел қай салаларда нақты бірлесіп жұмыс істей алады?
– Бірнеше нақты бағытты бөліп көрсетуге болады. Біріншісі – су ресурстарын басқару және агротехнология. Израиль бұл салада әлемдік көшбасшылардың бірі. Су тапшылығы жағдайында тиімді технологиялар енгізу тәжірибесі Қазақстан үшін өте маңызды.
Екіншісі – жоғары технологиялар мен цифрлық трансформация. Жасанды интеллект, стартап экожүйе, инновациялық шешімдер – бұл бағыттарда Израильдің тәжірибесі орасан. Қазақстан бұл тәжірибені бейімдеу арқылы өзінің технологиялық әлеуетін күшейте алады.
Үшіншісі – қауіпсіздік және қорғаныс саласы. Израильдің әскери-өнеркәсіптік кешені жоғары деңгейде дамыған, сондықтан бұл бағыттағы ынтымақтастық та стратегиялық маңызға ие. Жалпы алғанда, осы бағыттардың барлығы Қазақстан экономикасын әртараптандыруға тікелей әсер етеді.

– Израильдің технология мен стартап саласындағы тәжірибесі бізге қаншалықты қажет?
– Бұл – стратегиялық деңгейдегі қажеттілік. Израиль ғылыми зерттеулерге ІЖӨ-нің шамамен 5 пайызын бөледі. Бұл көрсеткіш елдің инновациялық экономикасының қаншалықты дамығанын көрсетеді. Қазақстан да соңғы жылдары ғылым мен технологияға басымдық беріп келеді. Әсіресе жасанды интеллект, цифрлық экономика, стартаптарды дамыту бағыттары мемлекеттік деңгейде қолдау табуда. Осы тұрғыдан алғанда, Израильдің стартап экожүйесі, технология трансфері, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты тиімді ұйымдастыру тәжірибесі біз үшін өте пайдалы. Бұл тәжірибе экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтуға және жаңа сапалы өсімге көшуге мүмкіндік береді.
– Израиль президентінің келуі Таяу Шығыстағы рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді серіктестікке жол аша ма?
– Әрине, бұл сапардың геосаяси маңызы ерекше. Таяу Шығыс Қазақстан үшін тек сыртқы саясаттың бағыты емес, сонымен қатар экономикалық және дипломатиялық құралдардың бірі. Соңғы жылдары Қазақстан Парсы шығанағы елдерімен – Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Катармен белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл елдер біздің негізгі инвестициялық серіктестерімізге айналып отыр.
Израильмен қарым-қатынастың жаңа деңгейге шығуы осы өңірдегі байланыстарды одан әрі институционалдық тұрғыдан нығайтады. Сонымен қатар, бұл Қазақстанға Таяу Шығыстың қаржылық және инвестициялық кеңістігіне тереңірек енуге мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл сапар стратегиялық серіктестіктің берік негізін қалыптастырады деуге болады.
– Әңгімелескеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан –
Ozgeris.info тілшісі