Жасанды интеллект (AI) енді тек ІТ мамандарының құралы емес. Ол білім беруден бастап медицинаға, журналистикадан мемлекеттік қызметке дейін барлық саланың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Сарапшылардың пікірінше, алдағы он жылда AI-ды дұрыс қолдана алатын адамдар еңбек нарығында айқын басымдыққа ие болады.
Соңғы жаңалықтар: әлем AI сауаттылығына басымдық беріп жатыр
2026 жылдың шілдесінде әлемде жасанды интеллектіні дамыту ғана емес, оны дұрыс қолдануды үйрету мәселесі бірінші орынға шықты. UNESCO Женевада өткен AI басқаруы жөніндегі жаһандық диалогта мемлекеттерді жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі этикалық қолдануға шақырды. Ұйымның бағалауынша, ендігі басты міндет – технологияның өзін емес, адамдардың AI сауаттылығын дамыту. Ал OECD мектептерге арналған алғашқы AI Literacy Framework құжатын жариялады. Құжатта жасанды интеллектіні оқу бағдарламасына енгізу, балаларды сыни ойлауға, ақпаратты тексеруге және AI нәтижелерін бағалай білуге үйрету ұсынылады.
Балалардың AI сауаттылығы қандай?
Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Себебі көптеген бала AI құралдарын қолданғанымен, олардың қалай жұмыс істейтінін түсіне бермейді. UNICEF жариялаған жаңа мәлімет бойынша балалар жасанды интеллектіні ересектерге қарағанда үш есе жылдам игеріп жатыр, кемінде 20 миллион бала AI құралдарын пайдаланып көрген. Сондай-ақ шамамен 13 миллион бала үй тапсырмасын орындауда AI көмегіне жүгініп, әрбір оныншы бала жеке мәселелері бойынша AI-дан кеңес сұрайды. Бұл көрсеткіштер балалардың технологияны тез меңгеретінін көрсеткенімен, олардың AI жауаптарының дұрыстығын бағалай алатынын білдірмейді.
Информатика пәнінің мұғалімі Құралай Асқарқызының айтуынша, бүгінде кейбір педагогтер жасанды интеллектіні қолдануға әлі де сақтықпен қарайды.
«Кейбір мұғалімдер жасанды интеллект балалардың ойлау қабілетіне кері әсер етеді деп алаңдайды. Бірақ заман өзгерді. Біз альфа ұрпағын жаңа технологиялардан шектемеуіміз керек. Ескінің қағидаларына ғана сүйенеміз деп, жасанды интеллект саласында кеш қалып қоюымыз мүмкін. Өз сабақтарымда оқушыларға жасанды интеллектіні еркін қолдануға кеңес беремін. Ақылы платформалардың мүмкіндіктерін пайдаланып, олар бейнероликтер, суреттер және түрлі цифрлық жобалар жасай алады. Бұл олардың шығармашылығын дамытып, ізденуге деген қызығушылығын арттырады. Сондықтан мектеп бағдарламасына жасанды интеллект негіздерін жүйелі түрде енгізетін жеке пән немесе арнайы курс қажет деп есептеймін», – дейді ұстаз.
Нағыз AI сауаттылығы деген не?
Көпшілік AI сауаттылығын ChatGPT қолдана білу деп түсінеді. Бірақ халықаралық ұйымдардың көзқарасы өзгеше. AI сауатты адам жасанды интеллектінің қалай жұмыс істейтінін біледі және де оның қателесуі мүмкін екенін түсінеді. Сонымен қатар жалған ақпаратты ажырата алып, жеке деректердің қауіпсіздігін сақтайды. AI-ды көмекші құрал ретінде пайдаланады, бірақ соңғы шешімді өзі қабылдайды.
Қазақстан қай бағытта?
Қазақстан да бұл үдерістен шет қалып отырған жоқ. Соңғы жылдары мектептерде цифрлық сауаттылыққа көбірек көңіл бөлініп, жоғары оқу орындарында AI бағытындағы мамандықтар көбейіп келеді. Алайда сарапшылардың пікірінше, ең үлкен мәселе – балалардың AI құралдарын пайдалануы мен оны қауіпсіз әрі сыни тұрғыдан қолдануды үйретудің арасында айырмашылық бар. Яғни технологияны қолдану қарқыны оны түсіну деңгейінен әлдеқайда жоғары.
Болашақ қандай болады?
Алдағы бес жылда жасанды интеллектіні қолдана білу ағылшын тілін немесе компьютерді меңгеру сияқты базалық дағдыға айналуы ықтимал. Мектептерде AI пәндері көбейеді, мұғалімдер жаңа технологиялармен жұмыс істеуді үйренеді, ал жұмыс берушілер AI сауаттылығын талап ете бастайды. Бірақ бұл процесте адамның шығармашылығы, сыни ойлауы және жауапкершілігі бұрынғыдан да маңызды болмақ. Жасанды интеллект адамды алмастырып жатқан жоқ. Ол AI-ды тиімді пайдалана алатынадамды артықшылыққа шығарып жатыр. Сондықтан бүгінгі күннің ең маңызды міндеті – балаларды тек технологияны қолдануға емес, оны түсініп, жауапкершілікпен пайдалануға үйрету. XXI ғасырда AI сауаттылығы оқу мен жазу сияқты негізгі өмірлік дағдыға айналып келеді.