Қазақстандықтардың басым бөлігі елдегі негізгі мемлекеттік институттарға сенім білдіріп, мемлекеттегі қоғамдық-саяси ахуалды оң бағалайды. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген 2026 жылдың III тоқсанындағы қоғамдық-саяси жағдайдың негізгі индикаторларын зерттеу нәтижесінде айтылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Мемлекет басшысына деген сенім деңгейі артып, 86,7%-ға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайыздық тармаққа жоғары.
Сарапшылар мұндай көрсеткішті қоғамның елде жүргізіліп жатқан өзгерістер мен реформаларға тұрақты қызығушылық танытуымен байланыстырады. Сауалнамаға қатысқандардың жалпы 65,8%-ы Президент бастамалары туралы ақпаратты тұрақты немесе мерзімді түрде алып отыратынын айтқан.
Зерттеу нәтижесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастамалардың басым бөлігі азаматтар тарапынан қолдау тауып отырғанын көрсетеді. Оның ішінде бір жыл бұрын Қазақстан халқына Жолдауында айтылып, бүгінде іс жүзінде жүзеге асырыла бастаған бірқатар бастама бар.
Есепті кезең қорытындысы бойынша қазақстандықтар ең көп қолдаған бастамалардың үштігіне бір палаталы Құрылтайға көшу, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау, сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсарту мен білім алуға пайдалану кірген.
Сонымен қатар қоғамда технологиялық даму, атом энергетикасы, білім мен ғылым салаларындағы өзгерістерге қызығушылық жоғары. «Таза Қазақстан» аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар да азаматтардың назарында.
Зерттеу авторларының мәліметінше, қолдаудың жоғары деңгейі ел дамуының жалпы бағытымен ғана шектелмейді. Азаматтар мемлекеттік институттарды жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге, адами капиталды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдерді де оң қабылдап отыр.
Жалпы, 2026 жылдың III тоқсанының нәтижелері Қазақстанда мемлекеттік институттарға деген сенімнің тұрақты деңгейде сақталып отырғанын және азаматтардың елдегі жағдайды негізінен оң бағалайтынын көрсеткен.
Айта кетейік, сауалнама 31 шілде мен 16 тамыз аралығында жүргізілген. Оған Қазақстанның 18 жастан асқан ересек тұрғындарының құрылымын жынысы, жасы, елді мекен түрі және тұрғылықты өңірі бойынша қамтитын ұлттық іріктеу негізінде 2 400 респондент қатысқан. Зерттеудегі іріктеменің ең жоғары қателік шегі 95% сенімділік деңгейінде ±2%-дан аспайды.