🤖 Digital

Жасанды интеллект әр тамшы суды сақтап қала ала ма?

Жасанды интеллект әр тамшы суды сақтап қала ала ма?

Су бүгінде мұнайдан кем стратегиялық ресурс емес. Біріккен Ұлттар Ұйымы XXI ғасырдың ортасына қарай әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығы сезілетін аймақтарда өмір сүретінін болжайды. Климаттың өзгеруі, мұздықтардың кемуі, халық санының өсуі мен ауыл шаруашылығындағы сұраныстың артуы көптеген мемлекетті су қауіпсіздігін қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Қазақстан да осы үдерістен тыс қалған жоқ, деп жазады Ozgeris.info.

Мұздықтар азайып барады

Қазақстандағы су қорының едәуір бөлігі мұздықтарға тәуелді. Мамандардың мәліметінше, елімізде жалпы ауданы шамамен 2000 шаршы шақырымды құрайтын 2700-ге жуық мұздық бар. Алайда олардың барлығы дерлік біртіндеп кішірейіп келеді.

Qazaq Expert Club су саясаты саласының сарапшысы Қуаныш Өзбековтің айтуынша, бұл тек экологиялық мәселе емес, болашақтағы экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа әсер ететін фактор.

«Қазақстан жыл сайын мұздықтардың жалпы массасының шамамен 1 пайызын жоғалтады. Бұл әзірге байқалмайтын процесс болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның салдары өте ауқымды. Қысқа мерзімде мұздықтардың жедел еруі мореналық көлдердің жарылу қаупін арттырады. Мұндай жағдайлар сел жүру ықтималдығын көбейтеді. Ал ұзақ мерзімде мәселе әлдеқайда күрделі. Мұздықтар – еліміздің табиғи су қоймасы. Олар жаз айларында өзендерді қоректендіріп отырады. Егер мұздықтар азайса, болашақта өзендердің суы кемиді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығына, энергетикаға, өнеркәсіпке және халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге әсер етеді», дейді сарапшы.

Халықаралық ғалымдар бұл құбылысты «су мұнараларының дағдарысы» деп атайды. Nature ғылыми журналында жарияланған зерттеулерге сәйкес, әлемдегі ірі өзендердің үштен бірі таулы аймақтардағы мұздықтарға тәуелді. Сондықтан мұздықтардың кемуі бүкіл су жүйесінің теңгерімін өзгертеді.

Су бар, бірақ жетпейді

Қазақстандағы тағы бір мәселе – инфрақұрылымның тозуы. Кейбір өңірлерде өндірілген немесе жиналған судың едәуір бөлігі тұтынушыға жеткенге дейін жоғалады.

Қуаныш Өзбековтің пікірінше, кей жағдайда жаңа су қоймасын салғаннан гөрі, бар суды жоғалтпай жеткізу әлдеқайда тиімді болуы мүмкін.

«Біз көбіне су тапшылығы туралы айтқанда жаңа су көздерін іздеуге басымдық береміз. Бірақ қолдағы ресурсты қалай пайдаланып отырғанымызға сирек назар аударамыз. Кей қалаларда құбыр желілеріндегі жоғалтулар 30-40 пайызға дейін жетеді. Яғни өндірілген әрбір үшінші немесе төртінші литр су тұтынушыға жетпейді деген сөз. Сондықтан болашақта су мәселесін шешудің маңызды жолдарының бірі – цифрлық бақылау жүйелерін енгізу. Жасанды интеллект дәл осы жерде үлкен рөл атқара алады», дейді ол.

Дүниежүзілік банк мұндай жоғалтуларды «есепке алынбайтын су» деп атайды. Сарапшылардың бағалауынша, кей мемлекеттерде осы көрсеткішті қысқарту жаңа су көздерін салумен бірдей нәтиже береді.

Жасанды интеллект – цифрлық гидролог

Соңғы жылдары әлемде Smart Water Management, яғни «ақылды су басқару» тұжырымдамасы кең таралып келеді. Оның негізінде спутниктік бақылау, үлкен деректер, датчиктер және жасанды интеллект жатыр.

«Қазір жасанды интеллект тек мәтін жазып немесе сурет салатын технология емес. Су саласында ол цифрлық гидрологтың қызметін атқара бастады. Алгоритмдер су тасқынын бірнеше күн бұрын болжай алады, құрғақшылық қаупін есептейді, өзен деңгейінің өзгерісін талдайды, жасырын су шығындарын анықтайды. Мұндай жүйелердің артықшылығы – олар тәулік бойы миллиондаған деректі өңдей алады. Адам мамандар үшін бұл өте қиын жұмыс», дейді Қуаныш Өзбеков.

Сарапшы әлемдегі бірнеше табысты жобаны мысалға келтіреді.

«Google FloodHub платформасы спутниктік суреттерді, жауын-шашын деректерін және гидрологиялық көрсеткіштерді талдап, су тасқынын бірнеше күн бұрын болжайды. Бұл жүйе бүгінде ондаған елде қолданылады. Ал Израильдің SupPlant компаниясы егістік алқаптарындағы датчиктер арқылы өсімдіктердің нақты қанша су қажет ететінін анықтайды. Компания мәліметінше, бұл технология өнім көлемін сақтай отырып, су шығынын 70 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді», дейді ол.

Қазақстанға қандай технология керек?

Сарапшының айтуынша, Қазақстан үшін ең перспективалы бағыттардың бірі – ірі су бассейндерінің цифрлық егіздерін жасау.

«Цифрлық егіз дегеніміз – нақты су жүйесінің виртуалды көшірмесі. Мысалы, Іле немесе Ертіс бассейнінің цифрлық моделін құруға болады. Сол модель арқылы климат өзгерсе не болады, халық саны артса қандай салдар туындайды, өзен ағыны азайса қандай қауіп бар – соның бәрін алдын ала есептеуге мүмкіндік туады. Бұл басқару шешімдерінің сапасын арттырады», дейді Қуаныш Өзбеков.

Екінші маңызды бағыт – мұздықтарды үздіксіз бақылау.

«Тянь-Шань мен Алтай мұздықтары еліміздің су қауіпсіздігінің негізі саналады. Бұрын мұндай мониторинг үлкен қаржы мен көп адам еңбегін талап ететін. Қазір жасанды интеллект спутниктік суреттерді тәулік бойы талдап, мұздықтардың көлеміндегі өзгерісті автоматты түрде анықтай алады. Тіпті ондаған жылға арналған болжам жасауға мүмкіндік бар», дейді сарапшы.

Су үшін күрестің жаңа кезеңі

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, болашақта суы көп мемлекеттер емес, қолдағы суды тиімді басқара алатын мемлекеттер ұтады. Гарвард университеті мен Массачусетс технологиялық институтының зерттеушілері соңғы жылдары «климаттық интеллект» тұжырымдамасын жиі қолдана бастады. Оның мәні – климаттық тәуекелдерді деректер мен алгоритмдер арқылы басқару.

Қазақстан үшін де су мәселесі енді тек табиғат тақырыбы емес. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне, энергетикаға, өнеркәсіпке және экономикалық өсімге тікелей әсер ететін фактор.

Аңдағанымыздай, жасанды интеллект су тапшылығын толық жоймайды. Бірақ ол әрбір тамшы судың қайда кетіп жатқанын көрсетіп, тәуекелдерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Ал су тапшылығы күшейіп жатқан заманда дәл осындай технологиялар елдің стратегиялық артықшылығына айналуы мүмкін.

 

Барлық жаңалық