Қазір ел ішінде салық жүйесіндегі өзгерістер қызу талқыланып жатыр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық-бюджет саясатының бағытына тоқталып, оның экономикаға серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс екенін айтты. Яғни жаңа тәсіл тек қазынаны толтыруды емес, тепе-тең дамуды көздейді. Осы өзекті тақырыпты талқылау үшін «Тұран-Астана» университетінде жаңа Салық кодексіне арналған дөңгелек үстел өтті. Басқосуға Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің өкілдері, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ мамандары, Экономикалық саясат институты, өңірлік жоғары оқу орындарының профессорлары, докторанттар мен студенттер жиналды. Жиында салық реформасының мәні мен болашағы кеңінен сөз болды, деп жазады Ozgeris.info.
Күрделі емес, айқын болуы керек
Дөңгелек үстелдің ұйымдастырушысы әрі модераторы экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақ жаңа Салық кодексінің мазмұнына кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжат ең алдымен бизнес өкілдеріне түсінікті әрі қолдануға ыңғайлы болуы тиіс. Заң күрделі тілмен емес, нақты әрі айқын нормалармен жазылуы қажет. Сонда ғана ол экономикалық белсенділікті арттырып, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетеді. Сонымен бірге Салық кодексі мемлекеттің бюджеттік тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі қаржы көзі болып қала береді.
«Жаңа Салық кодексі бизнеске түсінікті, қолдануға тиімді болуы керек. Салық саясаты тек фискалдық құрал емес. Ол экономиканы құрылымдық тұрғыдан жаңғыртудың, инвестициялық тартымдылықты арттырудың және әділ бәсекелестік ортаны қалыптастырудың маңызды тетігі. Сондықтан жаңа кодекс бақылау мен жазалауға емес, сенім мен серіктестік қағидатына негізделуі тиіс. Мемлекет, бизнес және азаматтар бір біріне қарсы емес, ортақ мақсатқа жұмыс істейтін серіктестер болуы қажет. Салық жүйесі заман талабына сай дамып, цифрландыру үдерістерімен үйлесуі керек. Әсіресе шағын және орта бизнесті қолдау басты назарда болғаны жөн. Экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттіліктің теңгерімін сақтау жаңа реформаның стратегиялық мақсаты болуы тиіс», деді Б.Ысқақ.

Спикер салық төлеуді тек міндет ретінде емес, заманауи қоғамдық келісімшарттың бір бөлігі ретінде қарастыру керегін айтты. Себебі салық түсімдері нақты нәтижеге айналуы тиіс. Салық арқылы инфрақұрылым дамиды. Мемлекеттік қызметтердің сапасы жақсарады. Қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптасады. Жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашылады. Оның пікірінше, жаңа Салық кодексі жазалаудан гөрі өзара сенім мен серіктестікке негізделген жүйе қалыптастыруы керек.
Уақыт талабына сай үнемі жаңарады
Жиында сөз алған Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Шаймаханов Нұрлыбек Ақылбекұлы Салық кодексін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда нормативтік құқықтық база жаңартылып жатыр, салықтық әкімшілендіру кезең кезеңімен цифрландырылуда, бизнеске түсетін жүктеме оңтайландырылып, рәсімдер жеңілдетілуде.
«Біздің негізгі мақсатымыз – экономиканың ашықтығын арттыру. Адал салық төлеушілерге қолайлы орта қалыптастыру өте маңызды. Сонымен қатар бюджеттік түсімдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету басты назарда. ҚҚС, арнайы салық режімдері, корпоративтік табыс салығы және әкімшілендіру тетіктері бойынша нақты өзгерістер пысықталып жатыр. Бұл өзгерістер бір сәттік шара емес. Салық кодексін әзірлеу – үздіксіз жетілдіруді талап ететін үдеріс. Сондықтан алдағы уақытта да бизнес өкілдерімен, сарапшылармен және қоғамдық институттармен ашық талқылаулар жалғасады. Ашық диалог заңнаманың сапасын арттырып, қабылданатын шешімдердің тиімді әрі теңгерімді болуына мүмкіндік береді», деді Н.Ақылбекұлы.
Оның пікірінше, салық саясаты уақыт талабына сай үнемі жаңарып отыруға тиіс. Экономика қалай өзгерсе, салық жүйесі де соған бейімделуі қажет. Тек сонда ғана реформа өз нәтижесін береді.

Үш негізгі бағыт бар
Дөңгелек үстелде сөз алған «Бизнес әкімшілік» кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Төлендіұлы салық реформасына кешенді көзқарас қажет екенін айтты. Оның пікірінше, Салық кодексіне өзгеріс енгізгенде оны Бюджеттік кодекспен қатар қарастыру керек.
«Егер салық реформасы бюджет саясатымен қатар жүрмесе, 2-3 жылдан кейін күткен нәтиже болмай қалуы мүмкін. Тіпті қайшылықтар туындауы ықтимал. Сондықтан Үкімет бюджет пен салықты бір қайықта алып жүруі керек. Бұл екі бағыт бір бірінен бөлек емес, өзара байланысты», деді сарапшы.
Демек реформаны жүзеге асыруда 3 стратегиялық басымдыққа назар аудару қажет. Бірінші бағыт – көлеңкелі экономиканы азайту арқылы салық базасын кеңейту. Үкімет бағалауы бойынша көлеңкелі экономиканың көлемі 16-18 пайыз болса, сарапшы болжамы бойынша 20-22 пайызға дейін жетуі мүмкін. Осы секторды заңдастыру арқылы шамамен 3-4 трлн теңге көлемінде қосымша салық түсімін алуға болады. Бұл бюджетті толықтырудың алғашқы мүмкіндігі. Екінші бағыт – салықтық жеңілдіктерді қайта қарау. Қазіргі таңда Салық кодексінде 280-290 түрлі жеңілдік бар. Жыл сайын осы жеңілдіктер салдарынан бюджет 5-6 трлн теңге көлемінде кірістен қағылады. Әрине, кейбір салалар мен әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктер қажет. Алайда сарапшының пікірінше, шығын көлемі тым жоғары. Бұл бюджетті толықтырудың екінші резерві. Үшінші бағыт – жеке кәсіпкерлер арасындағы ақша аударымдарына қатысты. Ресми дерекке сүйенсек, 2024 жылы мұндай аударымдар көлемі 94-95 трлн теңгеге жеткен. Алайда олардан түскен салық 1 трлн теңгеге де жетпейді.
«Математикалық формулаға және халықаралық тәжірибеге сүйенсек, аударымдардың шамамен 10 пайызын салық ретінде алу мүмкіндігі болған. Бұл да бюджетті толықтырудың үшінші қапшығы. Осы 3 бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізілсе, бюджет кірісі айтарлықтай өсер еді. Тіпті Ұлттық қордан жыл сайын алынатын 4 трлн теңге көлеміндегі трансфертке тәуелділік азаюы мүмкін», деді сарапшы.

Салық жүктемесін әділ бөлу маңызды
Экономист Бақытжан Құрманбайұлының айтуынша, Жаңа Салық кодексінде қарастырылған сән-салтанат салығы – әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастама қоғамдағы табыс теңсіздігін жұмсартуға және салық жүктемесін әділ бөлуге мүмкіндік береді.
«Сән салтанат салығы бұл жай ғана қосымша кіріс табудың жолы емес. Бұл қоғамдағы жауапкершілікті тең бөлу тетігі. Табысы жоғары азаматтар да қоғамдық міндетке лайық үлес қосуы тиіс. Мұндай тәсіл әлеуметтік әділеттілік қағидатына сай келеді. Егер салық жүйесі теңгерімді болса, қоғамдағы сенім де артады. Бұл тетік тек фискалдық мақсатпен шектелмеуі керек. Ол әлеуметтік саясаттың маңызды құралына айналуы тиіс. Әсіресе қымбат жылжымайтын мүлікке, люкс санатындағы автокөліктерге, яхталарға, жеке ұшақтарға қатысты сараланған мөлшерлемелер енгізу халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар. Әлем елдерінің тәжірибесіне қарасақ, мұндай салық түрі кеңінен қолданылады. Еуропа мемлекеттерінде қымбат мүлік пен активтерге прогрессивті салық жүйесі бар. АҚШ-та luxury tax белгілі бір тауар санаттарына уақытша немесе тұрақты түрде енгізіліп отырады. Ал Оңтүстік Корея мен Сингапурда қымбат автокөлік пен элиталық жылжымайтын мүлікке жоғары тіркеу және меншік салығы қарастырылған. Бұл елдерде басты мақсат байлықты жазалау емес, салық жүктемесін әділ бөлу. Қазақстан да халықаралық тәжірибені ескере отырып, теңгерімді әрі ойластырылған модель қалыптастыруы қажет», деп түсіндірді сарапшы.
Әлеуметтік әділеттілік назардан тыс қалмауы қажет
PhD доктор, қауымдастырылған профессор, «Шәкәрім университеті» КеАҚ Жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының басшысы Арайлым Қанатқызы жаңа Салық кодексіне әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан баға берді. Оның айтуынша, бұл құжат салық жүйесін жай өзгерту емес, оны заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған маңызды реформа.
«Жаңа Салық кодексінің басты мақсаты экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттіліктің арасындағы тепе теңдікті сақтау. Мемлекет үшін бұл бюджет кірістерінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін құрал. Ал бизнес пен азаматтар үшін әділ, түсінікті және қолжетімді салық ортасын қалыптастырудың негізі. Яғни, бұл құжат бір ғана тараптың емес, барлық қатысушылардың мүддесін ескеруге тиіс. Экономикалық өсім тұрғысынан алғанда жаңа кодекс кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға бағытталған. Салықтарды әкімшілендіру жеңілдетіліп, есептілік қысқартылады. Бұл кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп, қосымша шығындарын азайтады. Артық бюрократиялық кедергілер азайып, арнайы салық режімдері оңтайландырылады. Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін ынталандыру тетіктері қарастырылған. Өндіріс пен экспортқа бағытталған жобаларға қолдау көрсетіледі. Мұның бәрі нақты секторды күшейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Әлеуметтік әділеттілік қағидаты да жаңа кодекстің өзегінде тұр. Жеке табыс салығында прогрессивті тәсіл енгізіледі. Табысы төмен азаматтарға салық жүктемесі азайтылып, жоғары табыс табатындар үшін салыстырмалы түрде жоғары мөлшерлемелер белгіленеді. Бұл қоғамдағы табыс теңсіздігін жұмсартуға бағытталған. Сонымен қатар әлеуметтік шегерімдер мен жеңілдіктер қайта қаралады. Зейнеткерлерге, мүгедектерге және көпбалалы отбасыларға қолдау күшейтіледі», деді ол.
Сарапшы жаңа кодексте әлеуметтік сақтандыру мен зейнетақы жүйесінің тұрақтылығына да ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Міндетті әлеуметтік аударымдарды жетілдіру арқылы азаматтардың болашақтағы әлеуметтік кепілдіктерін нығайту көзделеді. Бұл ұзақ мерзімде халықтың өмір сапасын жақсартып, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.