Қазір үй алу көп адам үшін басты мақсат. Бірақ несие мөлшерлемесі өсіп, халықтың табысы тұрақсыз болып тұрған шақта ипотека рәсімдеу үлкен жауапкершілікке айналды, деп жазады Ozgeris.info.
Үйлі боламын деген адам тек ай сайынғы төлемді ойлап қана қоймай, қарызды қалай тиімді басқаруға болатынын да білуі керек. Осы мәселелер жөнінде Тұрғын үй сарапшысы Назгүл Сәрке пайдалы кеңестерін бөлісті.
Сарапшының айтуынша, ең алдымен ипотеканы мерзімінен бұрын өтеудің дұрыс жолын білу маңызды. Назгүл Сәрке бұл жөнінде былай дейді:
«Ипотеканы мерзімінен бұрын ішінара өтеу үшін банкке барып немесе мобильді қосымша арқылы өтініш беруге болады. Кейбір қосымшаларда бұл өтінішсіз орындалады. Ең тиімді тәсіл, ай сайынғы төлемді төлеп алғаннан кейін сол күні немесе ертеңіне артық ақшаны салу. Сонда банк комиссиясы тек бір күнге ғана есептеледі. Бұл артық ақшаның банк комиссиясына емес, негізгі қарызға кетуіне мүмкіндік береді».
Дегенмен бұл процесте әр банктің талабы әртүрлі екенін ескерген жөн. Бір банк кез келген соманы қабылдайды, енді біреуі ең аз дегенде екі айлық төлем көлемін сұрайды. Сондықтан ішінара өтем жасамас бұрын міндетті түрде банктен ақпарат алған дұрыс.
Сарапшы «Отбасы банк» туралы да түсіндірді. Бұл банктің несие жүйесі өзгеше. Егер бағалау көрсеткіші жеткілікті болып, тұрғын үй займы алынған жағдайда мерзімінен бұрын ішінара өтем жасалмайды. Банк комиссиясы қысқармайды. Ал егер алдын ала заем немесе аралық заем рәсімделсе, онда ең тиімді қадам кепілдегі депозитті елу пайызға жеткізу. Сол кезде бағалау коэффициенті жылдан жылға жылдам өсіп, баспана заемына өту жеңілдейді. Соның арқасында банк комиссиясы бұрынғы берілген соманың жүз пайызынан емес, қалған елу пайызынан ғана есептеледі. Төленетін сома да азаяды.
Ипотеканы мерзімінен бұрын ішінара өтегенде екі жол бар. Бірі несие мерзімін қысқарту, екіншісі ай сайынғы төлемді азайту.
«Несиені мерзімінен бұрын өтеу арқылы мерзімді қысқарту ең тиімді шешім. Өйткені бұл пайыздар бойынша жалпы артық төлемді азайтады. Бірақ ай сайынғы төлем адамға ауыр болса, онда төлемді азайту да дұрыс шешім. Ең тиімді тәсіл осы екі жолды қатар қолдану. Бірақ несие мерзімін қысқарту үшін көбірек сома енгізу керек», дейді сарапшы.
Назгүл Сәркенің айтуынша, ипотеканы тиімді басқарудың тағы бір жолы – аннуитеттен дифференциалды төлемге өту. Егер ай сайын көбірек төлеуге мүмкіндік болса, дифференциалды төлем тиімді. Онда ай сайынғы төлем жыл өткен сайын азая береді. Бірақ мұндай жағдайда табысты қайта растау қажет. Себебі бастапқы төлем аннуитетке қарағанда жоғары болады.
Бүгінгі таңда тұрғындар жиі қолданатын шешімдердің бірі – қайта қаржыландыру. Егер нарықта пайыздық мөлшерлеме төмендесе, ипотеканы қайта рәсімдеу ай сайынғы төлемді азайтады немесе мерзімді қысқартады.
Сарапшы ипотека төленбей қалған жағдайда не болатынын да түсіндірді. Заң бойынша, егер қарыз алушы төлемді тоқтатып, тоқсан күннен асса, кез келген банк сотқа жүгіне алады. Үй кепілде тұрғандықтан, сот шешімі шықса, баспана аукцион арқылы сатылып, қарыз өтелуі мүмкін. Алайда бұл жағдайға жеткізбеу үшін адам банкке дереу жазбаша өтініш беріп, қаржылық қиындық туындағанын дәлелдеуі тиіс. Бұл кезеңде банк төлемді кейінге шегеру немесе қайта құрылымдау мүмкіндігін қарастырады.
Сарапшының айтуынша, соттар көбіне қарыз алушыны қиын жағдайдан шығаруға көмектесуге тырысады. Егер жалғыз баспана болса және қарыз алушы банкпен ынтымақтасуға дайын екенін көрсетсе, сот үйді тартып алу шешімін кейінге қалдыра алады.
«Қазіргі келісімшарттар қарапайым адам үшін түсініксіз. Көп адам қол қойып тұрып, негізгі мәтінді оқымайды. Өйткені банк терминдері тым көп. Келісімшартты барынша қарапайым, қысқа және түсінікті ету керек. Мерзімінен бұрын төлем жасау кезінде кез келген соманы қабылдауға рұқсат берген жөн. Кей банктер екі айлық төлемнен аз соманы қабылдамай қояды. Бұл дұрыс емес. Әр банктің шарты әртүрлі. Барлығы бір стандартқа келсе, халыққа әлдеқайда жеңіл болар еді», деп түсіндірді сарапшы.
Ол сонымен бірге онлайн платформаларда ипотека туралы ақпараттың жеткіліксіз екенін атап өтті. Ай сайынғы төлемнің қанша бөлігі негізгі қарызды, қанша бөлігі банк сыйақысын өтейтіні туралы мәлімет көп адамға түсініксіз.