Қоғамда бір түсінік бар. Халық көбейсе, жұмыс жетпей қалады. Табыс азаяды. Кедейлік күшейеді. Әсіресе дамушы елдер үшін бұл қауіп сияқты көрінеді. EconomyKZ-тің тәуелсіз сарапшысы Айдар Қакимжанов бұл пікірдің біржақты екенін айтады. Оның сөзінше, мәселе халықтың көптігінде емес, сол халықтың қалай және қашан көбейгенінде, деп жазады Ozgeris.info.
Сарапшы халықаралық деректерге сүйенеді. 1960 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың ортасына дейінгі 20 жыл ішінде дамушы елдердің халқы 1,3 млрд адамға артқан. Бұл сол кезеңдегі барлық дамыған елдердің халқының санынан да көп болған. Сол уақытта көпшілік мұндай демографиялық өсім экономиканы тежейді деп ойлаған.
«Ұзақ уақыт бойы халық санының тез өсуі жан басына шаққандағы табысты төмендетеді деген пікір үстем болды. Бірақ халықаралық эмпирикалық деректер бұл көзқарастың тым қарапайым екенін көрсетті. Экономикалық нәтиже халық санының қаншалықты тез өскеніне емес, оның қандай жолмен өскеніне және бұл өсімнің қашан болғанына байланысты», дейді Қакимжанов.
Оның айтуынша, халық санының орташа өсу қарқыны мен жан басына шаққандағы табыс арасында тікелей байланыс жоқ. Бір елде халық тез өссе де табыс артуы мүмкін. Ал басқа елде халық баяу өссе де экономика әлсіз болуы ықтимал. Мұның себебі демографиялық құрылымда жатыр.
1965-1985 жылдары табысы төмен елдерде халық саны жылына орта есеппен 2,2 пайызға өскен. Орта табысты елдерде бұл көрсеткіш 2,5 пайыз болған. Ал дамыған елдерде халық саны небәрі 0,8 пайызға ғана артқан. Соның нәтижесінде дамушы елдерде халық саны шамамен 30 жылда екі еселенген. Ал дамыған елдерге мұндай өсім үшін 100 жылдай уақыт қажет болған.

Алғаш қарағанда мұндай айырмашылық дамушы елдер үшін ауыр салдарға әкелуі керек сияқты. Себебі адам көбейсе, бәрін асырау қиын болады деген ой қалыптасқан. Бірақ деректер бұл болжамды толық растамайды.
Кейбір елдер халық саны тез өсіп жатқан кезеңде де экономикалық өсімді қамтамасыз ете алды. Басқалары мұны істей алмады. Осы айырмашылық демографияның экономикаға әсерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Қакимжановтың айтуынша, басты қателік халық санының өсуін біртекті процесс деп қабылдау болған. Шын мәнінде бірдей өсімнің артында мүлде басқа жағдайлар тұруы мүмкін.
«Бір елде халық саны жоғары туу мен жоғары өлімнің нәтижесінде өседі. Екінші елде туу төмен, бірақ өлім одан да төмен болады. Үшінші жағдайда демографиялық өтпелі кезең жүреді. Алдымен өлім азаяды, кейін туу төмендейді. Осы айырмашылықтардың барлығы экономика үшін өте маңызды. Бұл айырмашылықтар халықтың жас құрылымын қалыптастырады. Яғни елде балалар көп пе, еңбек жасындағы адамдар көп пе, әлде асырауындағы адамдардың үлесі жоғары ма деген сұрақ шешіледі. Ал бұл еңбек нарығына, бюджетке және әлеуметтік жүйеге тікелей әсер етеді. Егер халық санының өсуі жоғары туу есебінен болса, балалар мен асырауындағы адамдар саны көбейеді. Олар бірден экономикаға үлес қоса алмайды. Олардың нақты экономикалық үлесі тек 15-25 жылдан кейін, еңбек жасына жеткен кезде ғана байқалады. Ал оған дейін мемлекет білім беру мен денсаулық сақтау саласына көбірек қаржы жұмсауға мәжбүр болады», дейді сарапшы.
Ал егер халық санының өсуі өлім жітімнің төмендеуімен байланысты болса, әсіресе еңбек жасындағы адамдар арасында, оның әсері бірден сезіледі. Жұмыс істейтін адамдар саны тез өседі. Бұл өндіріс көлемін және табысты қолдауы мүмкін.

Халықаралық салыстырмалы деректер тағы бір маңызды жайтты көрсетеді. Халық саны бірдей қарқынмен өссе де, 15-64 жас аралығындағы адамдардың үлесі әр елде әртүрлі болуы мүмкін. Бұл айырмашылық ел көлемінде миллиондаған жұмысшы деген сөз. Ал миллиондаған жұмысшы экономика үшін мүлде басқа мүмкіндік.
1965-1985 жылдары дамушы елдердің басым бөлігінде еңбекке қабілетті жастағы халықтың үлесі артқан. Кейбір елдерде бұл өсім өте айқын болған. Азиядағы ірі экономикалардың бірінде бұл үлес шамамен 10 пайыздық тармаққа өсіп, дамыған елдер деңгейіне жақындаған. Бұл еңбек нарығы мен табыстың өсуіне күшті серпін берген. Сонымен қатар тағы бір үрдіс қатар жүрген. Еңбек жасындағы адамдардың жұмысқа қатысу деңгейі төмендеген. Мұның себебі білім алудың кеңеюі болған. Жастар ұзақ оқыған. Университетте көбірек уақыт өткізген. Соның салдарынан еңбек нарығына кеш шыққан.
Нәтижесінде екі фактор бір бірін ішінара теңестірді. Еңбек жасындағы халық көбейді, бірақ жұмысқа қатысу деңгейі төмендеді. Соның арқасында жұмыс күшінің жалпы үлесі салыстырмалы түрде тұрақты болып қалды. Бұл жағдай демографиялық өсім еңбек нарығына автоматты түрде қысым жасай бермейтінін көрсетеді. Экономика білім беру жүйесі, жұмыспен қамту құрылымы және өнімділік арқылы бейімделе алады.
Осындай бейімделудің негізгі жолы экономиканың құрылымдық өзгеруі болды. Дамушы елдер жұмыс күшін ауыл шаруашылығынан өнімділігі жоғары салаларға белсенді түрде ауыстырды. Табысы төмен елдерде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің үлесі 15 жыл ішінде 78 пайыздан 72 пайызға дейін төмендеді. Орта табысты елдерде 66 пайыздан 55 пайызға азайды. Ал табысы жоғарырақ елдерде бұл көрсеткіш 45 пайыздан 29 пайызға дейін қысқарды.

Соған қарамастан ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдардың абсолют саны азайған жоқ. Керісінше дамушы елдерде олардың саны 670 млн адамнан 820 млн адамға дейін өсті. Бұл халық санының қаншалықты жылдам көбейгенін көрсетеді. Бірақ ең маңыздысы өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларындағы жұмыс орындары әлдеқайда жылдам артқан.
Ең үлкен өсім қызмет көрсету секторында байқалған. Көптеген елдерде жаңа жұмыс күшін негізінен осы сала қабылдаған. Өнеркәсіп те өскен, бірақ баяуырақ. Бұл өзгерістер өнімділікке тікелей әсер етті. Ауыл шаруашылығында бір жұмысшыға шаққандағы өнім орташа деңгейден әлдеқайда төмен болған. Табысы төмен елдерде ол орташа көрсеткіштің шамамен жартысын ғана құраған. Ал өнеркәсіпте өнімділік 2-5 есе жоғары болған. Қызмет көрсету саласында да өнімділік жоғары деңгейде сақталған.
«Жұмыс күшінің өнімділігі жоғары салаларға ауысуы жан басына шаққандағы өнімнің өсуіне ықпал етті. Кейбір елдерде құрылымдық өзгеріс жалпы өнімділік өсімінің 15-20 пайызын берді. Ал жекелеген жағдайларда бұл үлес үштен біріне дейін жетті. Маңыздысы халық санының өсуі бірде бір салада өнімділіктің төмендеуіне әкелмеген. Керісінше 1965-1980 жылдары барлық салаларда өндіріс көлемі жұмыспен қамтудан жылдамырақ өскен. Бұл артық жұмыс күші туралы ең пессимистік болжамдарға қайшы келген. Осы кезеңде дамушы елдерде нақты ішкі жалпы өнім екі еседен астам өскен. Өнеркәсіпте өсім шамамен 200 пайызды құраған. Ал жұмысшылар саны әлдеқайда баяу артқан. Бұл бір жұмысшыға шаққандағы өнімнің тұрақты өскенін білдіреді», дейді сарапшы.
Ұзақ мерзімді салыстырмалы талдау да осы қорытындыны растайды. Халық санының орташа өсу қарқыны мен жан басына шаққандағы табыс арасында айқын байланыс жоқ. Бұл коэффициенттер өте төмен және статистикалық тұрғыдан маңызды емес. Алайда Қакимжанов бір жайтқа назар аударады. Қысқа мерзімді кезеңдерде демографиялық қысым әлсіздік тудыруы мүмкін. Мысалы 1980 жылдардың басында әлемдік экономикалық жағдай нашарлаған кезде халық саны тез өсіп жатқан елдер әлсіз нәтиже көрсеткен.

Ең маңызды қорытынды демографиялық өзгерістердің уақытымен байланысты. Халық санының өсу қарқыны төмендеген елдер тезірек дамыған. Себебі ірі ұрпақтар еңбек жасына жетіп, жұмыс істей бастаған. Сонымен қатар өнімділік артқан, капитал жинақталған. Бұл кезеңді демографиялық мүмкіндік терезесі деп атауға болады. Осы уақытта экономика еңбек ресурсының ең жоғары көлемін салыстырмалы түрде төмен жүктемемен пайдалана алады.
Қорытынды біреу. Халық санының өсуі өздігінен қауіп емес. Қауіп өсім жоғары туу мен асырауындағы адамдар санының көбеюімен қатар жүріп, өнімді жұмыс орындары ашылмаған жағдайда пайда болады. Ал егер өсім еңбек жасындағы халықтың көбеюімен және экономиканың құрылымдық өзгеруімен бірге жүрсе, ол дамудың көзіне айналады.

Айдар Қакимжановтың айтуынша, Қазақстан үшін демографияға бүгінгі күнмен емес, 15-25 жылдан кейінгі экономика тұрғысынан қарау аса маңызды. Себебі бүгін қабылданған шешімдердің нәтижесі ертең емес, жылдар өткен соң көрінеді.
«Демография бұл тағдыр емес. Бұл ресурс. Бірақ ол тек дұрыс құрылым, дұрыс уақыт және белсенді экономикалық саясат болғанда ғана жұмыс істейді. Экономикалық даму адамдардың санымен емес, олардың жасымен, қай салада еңбек ететінімен және экономика оларды қашан қабылдайтынымен анықталады», дейді сарапшы.