✅ Пайдалы

Еш ескертусіз қандай айыппұл салынуы мүмкін?

2026 жылдан бастап Қазақстанда салық тәртібін бұзғандарға жаңа қатаң айыппұл салынады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова мәлімдеді. Оның айтуынша, егер азамат салық декларациясында шетелдегі мүлкін немесе банктегі қаражатын жасырса, бірден жауапқа тартылады, деп жазады Ozgeris.info.

Жаңа талап тек жеке тұлғаларға қатысты. Декларациядағы дерек пен шетелден алынған мәлімет сәйкес келмеген жағдайда ешқандай ескерту жасалмай, автоматты түрде айыппұл салынады. Оның мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл қазіргі бағамен шамамен 393 мың теңге.

Қазақстан біраз жылдан бері шетелдік юрисдикциялармен ақпарат алмасып келеді. Сондықтан азаматтың шетелдегі мүлкі мен есепшоттары туралы дерек салық органдарына тікелей түсіп отырады. Осы себепті салық декларациясында мәліметті жасыру енді мүмкін болмайды.

Дина Құсайынова жаңа ереженің мәнін түсіндіріп, былай деді:

«Егер жеке тұлға Қазақстаннан тыс жерде орналасқан мүлкін немесе шетелдік банктегі ақшасын декларацияда көрсетпесе, бірден 100 АЕК айыппұл салынады. Ешқандай алдын ала ескерту болмайды».

Жаңа ереже көлеңкелі капиталды азайтуға және салық тәртібін күшейтуге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс қаржы жүйесінің айқындығын арттырады әрі азаматтарды адал есеп беруге ынталандырады. 2026 жылдан бастап әрбір қазақстандық үшін декларацияны толық әрі дұрыс толтыру басты міндетке айналады.

Барлық жаңалық