Қазақстанда некені бұзу кезінде ең көп туындайтын даулардың бірі – жұбайлардың ортақ мүлкін бөлу мәселесі. Бұл процесс тек екеуінің мүддесін ғана емес, кейде баланың құқықтарын да қамтиды. Сондықтан әр адам өз құқығын түсініп, қорғау үшін мүлікті бөлу тәртібін білуі өте маңызды. Қарағанды облысының адвокаты Жазира Саттарова жылжымайтын мүлік жөніндегі жетекші сайт Kn.kz-ге осы процестің барлық ерекшеліктерін түсіндіріпті, деп жазады Ozgeris.info.
Егер некелік келісімде басқаша көрсетілмесе, заң бойынша жұбайлардың мүлкі ортақ болып есептеледі Ортақ мүлікке некеде алынған барлық заттар жатады. Бұл жеке қаражатпен алынған болсын, ортақ қаражатпен алынған болсын, ешқандай айырмашылық жоқ. Тіпті үй шаруасын жүргізген, бала қараған немесе уақытша табыс таппаған адам да ортақ мүлікке тең құқыққа ие. Яғни, біреу тек үйде отырып отбасыға үлес қосқан болса да, мүліктен өз үлесін алуға құқылы.
«Бөлуге жататын мүлікке әртүрлі жылжымайтын мүліктер кіреді. Оған пәтерлер, жеке үйлер, жер учаскелері, дачалар, гараждар, сондай-ақ коммерциялық емес нысандар мен құрылыс кезіндегі үлестер жатады. Бірақ кейбір мүлік түрлері бөлуге жатпайды. Мысалы, некеден бұрын алынған мүлік, мұраға қалған немесе біреуіне сыйлық ретінде берілген мүлік, бір ғана жұбайдың атына приватизацияланған пәтер және некеден бөлек тұрған кезеңде алынған мүлік бөлуге кірмейді. Алайда егер жеке мүлікке ортақ қаражаттан капитал салынса, мысалы, жөндеу, реконструкция немесе мүлікті едәуір жақсарту жасалса, сот оны ортақ мүлік деп таныуы мүмкін», дейді адвокат Ж.Саттарова.
Айтуынша, мүлікті бөлу екі жолмен жүзеге асады. Бірінші жол – жұбайлардың өзара келісімі. Келісім арқылы бөлудің ең қарапайым жолы нотариус арқылы мүлікті бөлу туралы келісім жасау. Жұбайлар өздері мүлікті бөлу тәсілін анықтайды. Мысалы, пәтерді біреуіне, жеке үйді екіншісіне беру немесе әр мүліктің үлесін бөліп алу сияқты. Мұндай келісім заңды күшке ие және меншік құқығын рәсімдеуге тікелей қолданылады.
«Көп жағдайда келісім арқылы шешілген мүлікті бөлу сотқа қарағанда жылдам және тиімді болады. Екінші жол – сот арқылы бөлу. Егер жұбайлар өзара келісімге келе алмаса немесе даулы мүлік болса, онда мүлікті бөлу сот тәртібімен жүзеге асады. Сот көбіне үлестерді тең бөлу қағидатына сүйенеді, әр жұбайға ортақ мүліктің жартысы тиеді. Егер бір жұбайға берілген мүліктің құны оның үлесінен асып кетсе, екінші жұбайға сәйкесінше ақша немесе басқа мүлік арқылы өтемақы төленеді», деп түсіндіреді адвокат.
Сот кейде үлестерді тең бөлуден ауытқуы мүмкін. Мысалы, егер баланың мүддесі болса, оны қорғау үшін судья бір жұбайға көбірек үлес бере алады. Сонымен қатар бір жұбай кіріс таппаса немесе ортақ мүлікті екінші жұбайдың келісімінсіз өз пайдасына жұмсаған болса, судья оның үлесін азайтып, мүліктің үлестерін теңестіруі мүмкін.
Ортақ мүлікті бөлу кезінде ипотека мен басқа да қарыздар ескерілетін маңызды фактор. Егер мүлік неке кезінде ипотекаға алынған болса, онда қарыз да ортақ болып саналады. Бірнеше нұсқа бар. Бірінші нұсқа – біреу қарызды өз мойнына алып, екінші жұбайға өтемақы төлеу. Екінші нұсқа қарыз екеуіне де бөлініп, олардың үлесіне сәйкес төленеді. Үшінші нұсқа – банк келісімімен мүлікті сату арқылы қарызды өтеу және қалған қаражатты бөлу.
«Банк несие шартының тараптары болғандықтан, кез келген өзгеріс үшін банк келісімі міндетті, және сот оны міндетті түрде ескереді. Балалары барлар мүлікті бөлу кезінде балалармен бірге тұратын тараптың үлесі артуы мүмкін. Сот қажетті жағдайда мүлікті бере алады, егер бұл баланың мүддесіне сай болса. Балалардың мүддесі әрқашан бірінші кезекте», деп атап өтті адвокат.
Жұбайлардың ортақ мүлкін бөлуге қатысты талаптарды арыз беру үшін үш жылдық мерзім бар. Бірақ бұл мерзім неке бұзылғаннан басталмайды. Ол өз құқығы бұзылғанын білген сәттен есептеледі. Мысалы, пәтерді келісімінсіз сатса, сол сәттен бастап үш жылдық мерзім басталады.