Қазақстанда алғашқы теңгеге байланған стейблкоин қолжетімді болды. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, оны Еуразиялық банк арқылы сатып алып, Intebix биржасында цифрлық әмиян ашу арқылы кез келген криптоактивке айырбастауға мүмкіндік бар, деп жазады Ozgeris.info.
Алғашқысы іске қосылды
Қазақстанда алғашқы теңгеге байланған стейблкоин іске қосылды. Бұл жоба Ұлттық банктің реттеуші құмсалғышы аясында жүзеге асырылып отыр.
Алғашқы қатысушылар қатарында Intebix компаниясы Solana және Mastercard-пен әріптестік орнатып, сондай-ақ Еуразиялық банк қосылды. Жаңа қаржы құралы криптовалютаны айырбастауға және криптокарталар арқылы төлем жасауға қолданылады. Яғни қарапайым картамен дүкенде төлем жасай отырып, артында теңгеге тіркелген цифрлық актив жұмыс істейді.
«Өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық қаржы өнімдерінің әлеуетін толық іске асыруды тапсырды. Биыл Ұлттық банк цифрлық активтер бойынша реттеуші құмсалғышты іске қосты, тиісті заңнамалық түзетулер әзірленді. Қазіргі таңда реттеуші құмсалғыш аясында төрт бағыт бойынша сегіз пилоттық жоба іріктелді, соның алғашқысы қазақстандық стейблкоин», деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк бұл бастама ішкі нарықтағы ликвидтілікті сақтап қалуға, қолданыстағы қаржы жүйесімен ықпалдасуға және цифрлық активтер экожүйесін дамытуға жол ашады деп сеніп отыр. Мысалы, теңгеге негізделген стейблкоин арқылы халықаралық транзакцияларды да жылдам әрі қауіпсіз жасауға мүмкіндік тумақ.
Бұл қадам Қазақстанның қаржы технологияларын дамытудағы жаңа кезеңі ретінде бағалануда. Енді нарық қатысушылары үшін криптовалютаны қолдану анағұрлым ыңғайлы және ресми деңгейде қауіпсіз бола түседі.
Стейблкоин дегеніміз не?
Криптовалюталардың ішінде ерекше орын алатын санат – стейблкоиндар. Аты айтып тұрғандай, олардың басты артықшылығы тұрақтылық. Стейблкоин – бұл құны нақты бір активке байланған цифрлық ақша. Мұндай актив ретінде ұлттық валюталар (доллар, еуро, теңге), алтын, мұнай немесе басқа да тауарлар болуы мүмкін.
Мысалы, ең танымал стейблкоин Tether (USDT) АҚШ долларына теңгерілген. Яғни 1 USDT әрқашан 1 долларға тең. Бұл қарапайым шешім пайдаланушыларға сенімділік береді және құны үнемі құбылып тұратын Биткоин сияқты активтерден айырмашылығын көрсетеді.
CBDC – Орталық банктердің цифрлық валютасы да бар. Бірақ ол ресми мемлекеттік валюта болса, стейблкоинды әдетте жеке компаниялар мен қаржы ұйымдары шығарады. Сондықтан екеуін шатастыруға болмайды.
Қаржы мамандары стейблкоиндарды төртке бөледі:
1. Фиат валютасымен қамтамасыз етілгендер – доллар, еуро, теңге сияқты нақты ақшаға тіркелген.
2. Тауарлық активтермен қамтамасыз етілгендер – мысалы, алтынға, күміске немесе мұнайға байланған түрлері.
3. Криптовалютамен қамтамасыз етілгендер – басқа цифрлық активтер қорымен сақтандырылған.
4. Алгоритмдік стейблкоиндар – құнын тұрақты ұстап тұруды арнайы алгоритмдер жүзеге асырады.

Неге әлем қызығушылық танытып отыр?
McKinsey & Company мәліметінше, әлемдік ақша аударымдарының ішінде стейблкоиндардың үлесі әлі де 1 пайызға жетпейді. Дегенмен соңғы төрт жылда олардың көлемі бірнеше есе өсті. Сарапшылардың болжамынша, осы қарқын сақталса, алдағы он жылда стейблкоиндар дәстүрлі төлем жүйелерінен де басым түсуі ықтимал.
Оған бірнеше себеп бар:
• Жылдамдық. Дәстүрлі банктік аударым бірнеше күнге созылса, стейблкоин аударымы бір сәтте орындалады.
• Арзандық. Араға бірнеше делдал кірмейтіндіктен комиссия аз.
• Ашықтық. Блокчейн технологиясы арқылы әрбір транзакцияны бақылауға болады.
• Тәулік бойы жұмыс істейді. Банктер мереке немесе демалыс күндері істемейді, ал стейблкоиндер кез келген уақытта қолжетімді.
• Қаржылық инклюзия. Әлемде әлі күнге дейін 1 миллиардтан астам адам банктік қызметті толық пайдалана алмайды. Стейблкоиндар оларға да қаржы жүйесіне қатысуға жол ашады.
Нарықтағы көшбасшылары қандай?
2014 жылы шыққан Tether (USDT) бүгінгі күні ең ірі стейблкоин болып тұр. Ол Ethereum, Solana, Tron сияқты бірнеше блокчейнде айналымда. Екінші орында – Circle компаниясы шығарған USD Coin (USDC).
Сонымен қатар Paxos компаниясының USDP және PayPal-дың PYUSD активтері бар. Көпшілігі АҚШ долларына байланғанымен, еуроға (EURC), швейцар франкіне (XCHF) тіркелген нұсқалар да бар.
Goldman Sachs сарапшылары 2025 жылдың жазын «стейблкоиндар жазы» деп атады. Өйткені нарық капитализациясы 270 млрд доллардан асты. Дегенмен шешілмеген мәселелер де бар.
Кейінгі уақытта көптеген мемлекеттер арнайы заңдар қабылдай бастады. Мысалы, АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылдың шілдесінде GENIUS Act заңына қол қойды. Бұл құжат стейблкоин эмитенттеріне бірыңғай талаптар енгізді.
Қытай юаньға байланған стейблкоинге рұқсат беруді қарастырып отыр. Гонконг пен Шанхайда жаңа жобалар қолға алынуда. Жапонияда иенаға тіркелген алғашқы цифрлық активті шығару жоспарланған.

Стейблкоинды қайдан және қалай сатып алуға болады?
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов елімізде алғаш іске қосылған теңгеге байланған стейблкоинды қалай және қайдан алуға болатынын түсіндірді.
Оның айтуынша, қазір криптотеңге сатып алу сервистері енді дамып келеді.
«Стейблкоин-теңгені Еуразиялық банк арқылы сатып алуға болады, ол негізгі қатысушы болып саналады. Сондай-ақ Intebix биржасында цифрлық әмиян ашуға мүмкіндік бар. Мәселен, мен криптотеңге сатып алдым делік, енді сол криптотеңге арқылы қалаған кез келген криптоактивті – биткоинді немесе басқасын – сатып ала аламын», деді Берік Шолпанқұлов.
Ол маусым айында Ұлттық банк криптокарталарды іске қосқанын да еске салды.
«Неге бұл жерде Mastercard қатысып отыр деген сұрақ туады. Біз мұнда криптофиат арналары қамтамасыз етілгенін айтып отырмыз. Егер сіздің шотыңызда қаражат криптоактив түрінде тұрса, оны Қазақстан аумағында криптокарталар арқылы кез келген затқа жұмсай аласыз. Ал, керісінше, теңге арқылы криптотеңге сатып алып, Solana немесе Intebix сияқты инвестициялық алаңдарда басқа активтерді иемденуге болады», деп толықтырды Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банктің реттеуші құмсалғышы аясында теңгемен қамтамасыз етілген алғашқы стейблкоин іске қосылғаны хабарланған болатын.