Қазақстанда франчайзинг туралы түсінік әлі де болса үстірт қалыптасқан. Көпшілік бұл ұғымды тек ірі трансұлттық брендтермен McDonald’s, Starbucks немесе KFC сияқты желілермен байланыстырады. Алайда франчайзинг – бұл жай ғана халықаралық бизнес үлгісін көшіру емес, бұл экономиканы әртараптандырып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беретін ерекше модель. Бұл жөнінде кәсіпкер, франчайзинг саласының сарапшысы Гүлбану Майғарина кеңінен айтып берді, деп сараптайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, Қазақстанда франчайзингтің әлеуеті зор, бірақ ол жүйелі дамымаған.
«Франчайзинг тек бренд атауын пайдалану құқығы емес. Бұл – тәжірибе, жүйе, мәдениет. Сапалы франшиза дайын бизнес, тек соны дұрыс қолдана білу керек. Өкінішке қарай, көп адам оны оңай пайда көзі деп қабылдайды. Ал шын мәнінде франшиза беруші де, алушы да үлкен жауапкершілік арқалайды», дейді сарапшы.
Гүлбану Майғарина бұл саланың күрделі екенін, тіпті кейде дұрыс түсінілмей жатқанын ашық айтады.
«Кей кәсіпкерлер франчайзингті «біреудің атын сатып алам да, өзіме жұмыс істетем» деп ойлайды. Бірақ франшиза бұл нақты ережелері бар, сапасы тексерілген өнім, дайын маркетинг, бухгалтерия, оқыту жүйесі. Ал егер сіз осы талаптарға сай болмасаңыз, бизнесіңіз де жүрмейді. Франшизаны алғаннан кейін соның тәртібімен өмір сүресіз, өз бетіңізше шешім қабылдау азаяды. Бұл еркіндік емес, керісінше, жүйеге кіру», дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда көп адам сапасыз, жалған франшизаларға алданып жүр.
«Инстаграмда әдемі парақшалар, жалған жетістіктер, жалт-жұлт еткен жарнама соның бәрі адамды қызықтырады. «Жарты жылда ақшаң екі еселенеді» деген уәделер таза манипуляция. Франшиза сатып алушы ескеретін негізгі нәрсе бұл жобаның қанша жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны, оның бизнес жүйесінің бар-жоғы, нақты сандар мен көрсеткіштері. Кәсіпкерлер көбіне эмоциямен шешім қабылдайды. Сондықтан бізге бұл салада сауаттылықты көтеру керек», деп атап өтті сарапшы.
Мәселе тек жеке бастың таңдауы емес, жүйелік деңгейде де бар. Қазақстанда франчайзинг ресми бизнес түрі ретінде танылмаған. Бұл өз кезегінде саланың нақты статистикасын, бақылауын, мемлекеттік қолдауын қиындатып отыр.
«Мен бірнеше рет министрлік деңгейінде осы мәселені көтердім. Егер біз бұл саланы ресми түрде танымасақ, оны қалай дамытамыз? Мысалы, ЭҚТЖК (экономикалық қызмет түрлері жіктеуіші) кодында франчайзинг бөлек көрсетілмеген. Бұл үлкен кемшілік. Нақты сан болмаса, нақты саясат та болмайды», дейді Гүлбану Майғарина.
Сарапшының айтуынша, елімізде франчайзингпен айналысатын кәсіпкерлерді оқыту қажет.
«Франшиза жасау – ол жай ғана логотип пен атауды тіркеу емес. Ол үшін бизнес-процестер жазылып, қаржылық модель құрылып, оқыту жүйесі жасалуы тиіс. Көптеген отандық компанияларда бұл жоқ. Сондықтан да олардың франшизалары жұмыс істемей жатыр. Ал франшизаны сатып алушылар да не нәрсеге келісіп жатқандарын толық түсінбейді. Мұның соңы – көңіл қалу, банкрот болу, бүкіл салаға деген сенімнің төмендеуі», дейді ол.
Сонымен қатар Майғарина шетелге шығуға әлеуеті бар отандық брендтер туралы да айтты.
«Бізде тамаша идеялар мен өнімдер бар. EcoShop, Zebra Coffee, Sergek сияқты жобалар шетелдік нарыққа шығып жатыр. Бірақ бұл бірлі-жарым ғана мысал. Біз брендті экспорттауды үйренуіміз керек. Франчайзинг – бұл тек ішкі нарық емес, ол Қазақстанның интеллектуалды капиталының экспортталуы. Мысалы, сіз Өзбекстанға не Қырғызстанға тауар емес, бренд, жүйе, тәртіп сатып жатсыз. Бұл үлкен қадам. Франшиза экспорттың заманауи формасы», дейді сарапшы.
Оның пікірінше, сапасыз жобалардың алдын алу үшін франшизаларды сертификаттау жүйесі енгізілуі керек.
«Мемлекет немесе кәсіби қауымдастық белгілі бір стандарттарды бекітіп, соған сай келетін франшизаларға ғана сертификат беруі қажет. Бұл франшиза алушыны қорғап қана қоймайды, бүкіл нарықтағы тәртіпті арттырады. Қазіргідей бақылаусыз болса, ертең бүкіл салаға деген сенім жоғалады», дейді Гүлбану.