Қазақстан 2026 жылға бірқатар қиындықпен келіп отыр. Экономиканы әртараптандыру баяу. Көрші елдермен бәсекелестік күшейді. Инфрақұрылым ескірді. Электр энергиясы мен су тапшылығы сезіле бастады. Осындай жағдайда EconomyKZ алаңында тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримов ел экономикасын тұрақты өсімге шығаратын 5 негізгі бағытты атап өтті, деп жазады Ozgeris.info.
1-ші бағыт. Отандық өндірушілерге нақты қолдау
Сарапшының айтуынша, қазір ең үлкен мәселенің бірі – отандық өнімнің нарықтан ығыстырылуы. Қазақстанға әсіресе Ресейден азық түлік көп келеді. Ресеймен саудадағы айырма 8,5 млрд доллардан асып кеткен. Ал азық түлік импорты жылына 3,2 млрд доллардан жоғары. Соның салдарынан өзіміздің шаруалар мен фермерлер өнімін өткізе алмай отыр. Ерлан Каримов бұл жағдайды былай түсіндіреді:
«Шекаралас өңірлердегі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне нақты қолдау керек. 10 жылға дейін 2,5 % жеңілдетілген несие беру қажет. Бұл өңдеу саласын, ет, сүт, астық, көкөніс бағыттарын қамтуы тиіс. Сонымен бірге шикізатты өңдеуге тапсырғаны үшін берілетін субсидия көлемін арттыру маңызды. Сонда зауыттар толық жұмыс істеп, елдің азық түлік қауіпсіздігі күшейеді».

2-ші бағыт. Солтүстік өңірлердегі тұрғын үйді жаңарту
Екінші маңызды мәселе тұрғын үйге қатысты. Солтүстік және шекаралас аймақтардағы үйлердің 60%-дан астамы 1991 жылға дейін салынған. Бұл үйлер суық, ескі, энергияны көп жұмсайды. Банктер 50 жылдан асқан үйлерді кепілге алмайды. Соның салдарынан адамдар ипотека ала алмайды, жұмыс күші де еркін қозғала алмай отыр. Сарапшы мұндай жағдайда арнайы шешім қажет дейді.
«Отбасы банк пен Қазақстан халқына қоры қатысатын өңірлік ипотека бағдарламасын іске қосу керек. Солтүстік өңірлерге жеке лимит белгіленуі тиіс. Жылдық мөлшерлеме 4-5 % деңгейінде болуы қажет. Жастар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне бастапқы жарна субсидиялануы керек. Құрылыс компаниялары энергоүнемді үйлер салуға ынталандырылуы тиіс», дейді сарапшы.

3-ші бағыт. Шағын модульдік АЭС салу
Үшінші бағыт энергия қауіпсіздігіне қатысты. 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясына сұраныс 141 млрд кВт сағ жетеді. Қазіргі электр энергиясының 80%-ы көмір мен газ арқылы өндіріледі. Электр желілерінің тозуы 60%-дан жоғары. Батыс өңірлерде апат жиі болады, резервтік қуат жетіспейді. Ерлан Каримов бір маңызды жайтты атап өтеді. Қазақстан уран өндіруден әлемде көш бастап тұр. Әлемдік үлестің шамамен 40 % бізге тиесілі. Бірақ елде атом электр станциясы жоқ.
«Қуаты 300 МВт дейінгі шағын модульдік реакторлар қауіпсіз әрі тиімді. Канада, Ұлыбритания, АҚШ тәжірибесі мұндай станциялардың 4 5 жылда салынатынын көрсетті. Батыс пен оңтүстікте 2 3 пилоттық өңірді таңдап, ГЧП арқылы қаржы тарту керек. Өз уранымызды өз энергетикамызда пайдалану маңызды», Е. Каримов.

4-ші бағыт. Жерасты суын тиімді пайдалану
Төртінші бағыт су мәселесіне арналған. Қазақстан су тапшылығы бар елдердің қатарында. Қазір суару жүйесінде судың 50%-дан астамы жолда жоғалады. Жалпы судың 65%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Климаттың өзгеруі мен трансшекаралық шектеулер салдарынан 2040 жылға қарай су тапшылығы 80%-дан асуы мүмкін. Сарапшы бұл жерде жерасты суын пайдалануды ұсынады:
«Мемлекеттік баланс бойынша 1282 жерасты су кен орны бар. Бірақ олардың тек 25 % ғана зерттелген. Жерасты судың әлеуеті жылына 64 млрд м³. Бұл елдің қажеттілігін кемінде 30 жылға қамтамасыз ете алады. Өңірлерде гидрогеологиялық зерттеу жүргізіп, ірі бассейндерден су тарту керек. Мысалы, Прииртыш бассейні арқылы Астананы сумен қамтуға болады. Сонымен бірге суды үнемдейтін технологиялар енгізілуі тиіс».

5-ші бағыт. ӘКК мен АЭА жүйесін қайта іске қосу
Бесінші бағыт әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар мен арнайы экономикалық аймақтарға қатысты. Қазір бұл құрылымдардың көбі толық жұмыс істеп отырған жоқ. Көп ӘКК шығынға батып отыр. Ал АЭА аумағындағы жеке инвестициялардың үлесі 30% ғана. Ерлан Каримов бұл жүйені қайта қарау керек деп есептейді:
«ӘКК жеке бизнеспен бәсекелеспеуі керек. Олар өңірлік даму агенттігі ретінде жұмыс істеуі тиіс. Негізгі мақсат инвестиция тарту, экспортты дамыту, өңірлерде өндіріс тізбегін құру. Алматыдағы тәжірибе бойынша өнеркәсіптік және технологиялық парктерді дамытуға болады. Жеке капиталды тарту үшін икемді ГЧП тетіктері қажет. Осы 5 бағыт Қазақстан үшін шешуші. Мәселе тек экономикалық өсімде емес. “Ең бастысы елдің әр өңірінде адамдардың өмір сапасын арттыру. 2026 жыл Қазақстан үшін жаңа даму кезеңінің бастауы болуы керек».