💰 Экономика

Экономика өсіп жатыр: Бізге қалай сезіледі?

Экономика өсіп жатыр: Бізге қалай сезіледі?

Қазақстан экономикасы соңғы жылдары қарқын алып келеді – ЖІӨ өсіп жатыр, инфляция баяулап келеді, жаңа өндірістер ашылуда. Бірақ осы өсімнің артында бір маңызды сұрақ тұр: бұл өзгерістер қарапайым халықтың өміріне қаншалықты әсер етіп жатыр? Сарапшылар дерегі мен ресми статистика бір шындықты көрсетеді – экономика алға жылжығанымен, оның игілігі өңірлерге де, халыққа да бірдей жетіп отырған жоқ, деп жазады Ozgeris.info.

2026 жылы инфляция 9,7%-ға дейін түсуі мүмкін

Елімізде баға қашан тұрақталады деген сұрақ көпшілікті алаңдатып отыр. Еуразиялық даму банкі осыған қатысты жаңа болжам жасап, инфляцияның алдағы динамикасын түсіндірді. Сарапшылардың айтуынша, баға өсімі біртіндеп баяулап келеді, бірақ толық тұрақтану үшін әлі уақыт қажет.

Еуразиялық даму банкі 17 наурызда жариялаған макроэкономикалық шолуында алдымен экономиканың жалпы жағдайына тоқталды. 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өскен. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Яғни, ел экономикасы соңғы жылдары айтарлықтай қарқын алған.

 «Экономиканың мұндай қарқынмен өсуіне ең алдымен ішкі факторлар әсер етті – атап айтқанда, тау-кен өндірісінің 9,4%-ға, өңдеу өнеркәсібінің 6,4%-ға өсуі, сондай-ақ Теңіз кен орнындағы өндірістік қуаттардың кеңеюі маңызды рөл атқарды. Бұған қоса, ішкі сауда көлемінің 8,9%-ға артуы, көлік саласының 20,4%-ға дейін өсуі және құрылыс секторындағы 15,9%-дық өсім экономикалық белсенділікті айтарлықтай күшейтті», деп атап өтті Еуразиялық даму банкінің сарапшылары.

Ал инфляция мәселесіне келсек, жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Ақпан айында инфляция 11,7%-ға дейін төмендеген. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 12,2% болған. Яғни, баға өсімі баяулап жатыр. Сарапшылар мұны сыртқы факторлармен байланыстырады – әсіресе әлемдік азық-түлік нарығындағы қысымның әлсіреуі әсер еткен.

Азық-түлік бағасы да қатарынан үшінші ай баяулап келеді. Қазір бұл көрсеткіш 12,7% деңгейінде. Бұл әлі жоғары болғанымен, төмендеу үрдісі қалыптасқанын көрсетеді. Жалпы, жыл соңына қатысты болжам да бар.

«Ақша-несие саясатының қазіргі шаралары инфляциялық күтулерді біртіндеп тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп есептейміз. Егер осы саясат сақталса, 2026 жылдың екінші жартысынан бастап инфляцияның тұрақты төмендеу үрдісі байқалып, жыл соңына қарай оның деңгейі шамамен 9,7%-ға дейін төмендеуі мүмкін», дейді сарапшылар.

Дегенмен бұл бірден болмайды. Қазір халықтың инфляцияға деген күтулері әлі де жоғары деңгейде. 2026 жылдың ақпанында бұл көрсеткіш 13,7% болған. Яғни, адамдар баға әлі өседі деп есептейді. Бұл фактор да ақша-несие саясатына әсер етеді. Осыған байланысты базалық мөлшерлеме әзірге өзгеріссіз қалды. Қазір ол 18% деңгейінде. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім орынды.

«Инфляциялық күтулердің әлі де жоғары деңгейде сақталуы – ақпан айында 13,7% – базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан қазіргі жағдайда Ұлттық банк ставканы осы деңгейде ұстап тұруға мәжбүр. Егер инфляция шынымен тұрақты түрде төмендей бастаса және баға өсімінің баяулауы ұзақ мерзімді сипат алса, онда реттеуші орган 2026 жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендету туралы шешім қабылдауы мүмкін. Бірақ бұл тек нақты макроэкономикалық көрсеткіштерге байланысты болады», делінген шолуда.

Қарапайым тілмен айтқанда, қазір баға әлі толық тұрақталған жоқ. Бірақ төмендеу үрдісі басталған. Егер осы бағыт сақталса, жыл соңына қарай инфляция 9,7%-ға дейін түсуі мүмкін. Ал пайыздық мөлшерлеме де тек сол кезде ғана біртіндеп төмендей бастайды.

ЖІӨ өсіп жатыр, бірақ халық неге кедейленіп барады?

2025 жылы өсім 6,5%-ға жетті. Бұл кейінгі жылдардағы жақсы көрсеткіштердің бірі. Бірақ қарапайым халықтың қалтасына қарасаң, жағдай онша өзгермегендей. Неге олай? Осы сұраққа экономист Ғалым Құсайынов жауап беріп, мәселенің ішкі жағын тарқатып берді.

«Өткен жылы Қазақстан жаман нәтиже көрсеткен жоқ – 6,5% өсім расымен жақсы көрсеткіш. Бірақ мәселе – осы өсімнің артында не тұрғанында. Мемлекет үшін басты мақсат тек ЖІӨ-ні өсіру емес, ең алдымен халықтың тұрмысын жақсарту. Ал бізде осы жерде проблема бар. Дүниежүзілік банктің дерегіне сүйенсек, өткен жылы халықтың нақты табысы шамамен 2,7%-ға төмендеді. Ал желтоқсанда бұл көрсеткіш тіпті 6%-ға дейін құлдыраған. Яғни, экономика өсіп жатыр, бірақ халық кедейленіп жатыр – негізгі қайшылық осы жерде», дейді экономист.

Оның айтуынша, ЖІӨ дегеніміз – ел бір жылда қанша құн өндіргенін көрсететін көрсеткіш. Бірақ маңыздысы – сол табыстың кімге қалай бөлінетіні.

«ЖІӨ – бұл елдегі барлық қосылған құн. Бірақ басты сұрақ – сол құн кімнің қалтасына кетіп жатыр? Компаниялардың пайдасына ма, әлде халықтың табысына ма? Егер табыс әділ бөлінбесе, онда ЖІӨ өсімі халыққа әсер етпейді. Сондықтан ЖІӨ-нің өзі емес, оның құрылымы маңызды. ЖІӨ-ні 3 түрлі тәсілмен есептеуге болады. Біріншісі – өндірістік әдіс. Бұл ең қарапайымы. Барлық өндірілген өнімнен оған кеткен шығындарды алып тастайсың – сонда қосылған құн шығады. Бұл әдіс экономика қай сала арқылы өсіп жатқанын түсінуге көмектеседі. Екінші әдіс – табыс әдісі. Бұл ең маңыздысы. Мұнда ЖІӨ барлық табыстың жиынтығы ретінде қаралады: компаниялардың пайдасы + халықтың жалақысы + салықтар. Яғни экономикада жасалған ақша қалай бөлінгенін дәл осы әдіс көрсетеді. Үшінші әдіс – шығын әдісі. Бұл халықтың шығыны, мемлекеттің шығыны, инвестициялар және экспорт-импорт айырмасы арқылы есептеледі. Бұл әдіс арқылы мемлекет экономикаға қалай әсер етіп жатқанын көруге болады», деп түсіндіреді Құсайынов.

Негізгі мәселе – осы құрылымда жатыр. Дамыған елдерде ЖІӨ-нің көп бөлігі халықтың табысына тиесілі. Ал Қазақстанда керісінше. Дамыған елдерде жалақының үлесі шамамен 60% болады. Ал бізде бұл көрсеткіш небәрі 30% шамасында. Сондықтан ЖІӨ өссе де, халық оны сезбейді. Экономист нақты есеп те келтіреді.

«Егер халықтың нақты табысы 2,7%-ға төмендесе, бұл номиналды өсім шамамен 9,6% болғанын білдіреді (инфляция 12-13% болғанда). Ал ЖІӨ-нің жалпы номиналды өсімі 16,8% болды. Бұл дегеніміз – табыстың негізгі бөлігі компаниялардың пайдасы мен салық есебінен өсіп отыр. Есептеп қарасақ, пайда мен салықтардың өсімі шамамен 19,9% болған. Ал нақты мәнде компаниялардың пайдасы 9,3%-ға өскен. Бизнес табыс тауып жатыр, ал халықтың табысы керісінше азайған. Мұндай өсім тұрақсыз. Себебі ол халықтың сұранысына емес, компаниялардың пайдасына сүйеніп тұр. Ал халықтың табысы төмендесе, олар аз тұтынады. Бұл ішкі нарықты әлсіретеді. Сондықтан келесі кезеңде экономиканы ұстап тұру үшін мемлекетке тағы да көбірек шығын жасауға тура келеді», дейді ол.

Дүниежүзілік банк Қазақстандағы банктердің табысы тым жоғары екенін айтып отыр. Бұл пайыздық маржаның өсуімен байланысты. Банктер қазіргі шоттарға пайыз төлемейді, сол арқылы арзан ресурс жинайды. Ал оны жоғары пайызбен қайта береді. Соның нәтижесінде секторда артық пайда пайда болып жатыр. Тағы бір мәселе – халықтың тұтынуы қарыз есебінен өсіп жатыр. Қазір тұтыну өсіп жатқандай көрінеді. Бірақ бұл халықтың табысы артқаннан емес, несие көбейгеннен болып отыр. Соңғы 5 жылда тұтынушылық несие 100%-ға өсті. Ал осы уақытта халықтың нақты табысы небәрі 15%-ға ғана артқан. 

Ел экономикасы 320 млрд долларға жақындады ма?

Сарапшылардың болжамы бойынша, 2026 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 320 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл – жай ғана сан емес, экономиканың жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын көрсететін нақты нәтиже. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл өсім кездейсоқ емес.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306 млрд долларды құрады. Бұл – ТМД елдері арасындағы екінші көрсеткіш және өңірдегі ең жоғары деңгей. Соның арқасында біз әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кірдік», деді Президент.

Қазақстан инвестиция тарту бойынша да өңірде көш бастап тұр. Елге келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі 150 млрд доллардан асып, Орталық Азиядағы барлық инвестицияның 69 пайызын құрады. Сонымен қатар елдің қаржылық тұрақтылығы да айқын көрінеді.

 «Еліміздің алтын-валюта резервтері 74 млрд долларды, ал жиынтық резервтері 139 млрд долларды құрайды. Бұл – ұлттық экономиканың тұрақты өсіп келе жатқанын және оның сапалы өсім екенін көрсетеді», деді Мемлекет басшысы.

Алайда бұл нәтижеге жету оңай болған жоқ. Президенттің сөзінше, Қазақстан экономикасы ұзақ жылдар бойы теңгерімсіздік пен тапшылық мәселесін бастан өткерген. Ондаған жылдар бойы Қазақстан экономикасы тапшылық пен теңгерімсіздіктен зардап шекті, бұл елдің дамуына үлкен кедергі болды. Соңғы жылдары жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Үкімет нақты қадамдар жасап, елдің өндірістік, энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін қайта қалыптастыра бастады. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі соңғы екі жыл қатарынан 6 пайыздан жоғары өсім көрсетіп отыр. Бұл – өңірлерде тұрақты экономикалық база қалыптасып келе жатқанын білдіреді.

Өндіріс саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Тек өткен жылдың өзінде елімізде 190 жаңа кәсіпорын іске қосылған. Олардың жалпы құны 1,5 трлн теңгеден асады. Бұл жобалар 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген. Ал 2026 жылы тағы 200 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Бұл жобалардың құны – 1,7 трлн теңге, ал жұмыс орындарының саны шамамен 20 мыңға жетеді.

Ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары бұл бағытқа бөлінетін қаржы бірнеше есе артқан. Өткен жылы ғана фермерлерді жеңілдетілген несиелеуге 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Президент бұл туралы:

«Өткен жылы агроөнеркәсіп саласында 250 өндіріс іске қосылды. Соның арқасында өңірлерде жаңа экономикалық өсім нүктелері қалыптасып, халықтың әл-ауқаты артып келеді», деді.

Сонымен қатар бұл салаға халықаралық ірі компаниялар келе бастады. Алматы, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жаңа өндірістер ашылады. Бұл жобаларға 1 млрд доллардан астам инвестиция салынған. Нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орны пайда болады. Инфрақұрылым саласында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе су тапшылығы мәселесі мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие.

«Қазақстанның аумағы кең болғанымен, су ресурстары тапшылығы сезілуде. Сондықтан халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және экономиканың суға деген сұранысын қанағаттандыру – маңызды міндет», деді Президент.

Бұл бағытта нақты жобалар іске асырылып жатыр. Кендірліде су тұщыту зауыты іске қосылды. 2026 жылы Шардара топтық су құбыры пайдалануға беріледі. Түркістан облысында Көксарай су қоймасы жаңартылып жатыр. Сонымен қатар Қызылорда мен Жамбыл облыстарында жаңа су қоймалары салынуда. Жалпы биыл су шаруашылығына қатысты 220-дан астам жоба жүзеге асырылып жатыр.

Энергетика саласында да жүйелі өзгерістер бар. Елдегі 37 жылу электр орталығының барлығында жөндеу жұмыстары жүргізілген немесе жоспарланған. Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жоспарланып отыр. Түркістан мен Қызылорда облыстарында жаңа электр станциялары іске қосылады. 2026 жылы 440-тан астам қосалқы станция жаңартылып, 17 мың шақырым электр желісі жөнделеді. Бұдан бөлек, 2024 жылғы референдум нәтижесінде Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданды.

Көлік инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. Өткен жылы 1 500 шақырым теміржол салынды және жөнделді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал биыл тағы 3 700 шақырым жаңа теміржол желісі төселеді. Сонымен қатар жолаушылар бағыттары көбейіп, вагондар жаңартылып, вокзалдар қайта жөнделуде. Ел бойынша 124 вокзал толық жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстар 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.

Автожолдар да жаңарып келеді. Өткен жылы Астана – Алматы тасжолы іске қосылды. Сонымен қатар жаңа магистральдар салу жұмыстары басталды. Тұрғын үй құрылысы да жоғары қарқынмен жүргізілуде. Соңғы 3 жылда 57 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан көрші елдерден алда тұр. Нәтижесінде 520 мыңнан астам қала тұрғыны және шамамен 70 мың ауыл тұрғыны баспанамен қамтылды. Сонымен қатар мыңдаған мектеп, аурухана, мәдени және спорт нысандары салынды немесе жаңартылды.

3 өңір ұстап тұр

Кей аймақтар қарқынды дамып жатса, кейбірінде өсім баяу, тіпті кері кеткен жағдайлар да бар. Ұлттық статистика бюросының деректері осы айырмашылықты анық көрсетіп отыр. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ел экономикасының көлемі 99,7 трлн теңгеден асқан. Жалпы өсім – 6,3%. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ мәселе бұл өсім бүкіл елге біркелкі таралмаған.

Ең жылдам дамыған өңірлердің қатарында Астана тұр – өсім 11,5%. Одан кейін Түркістан облысы – 10,1%, Атырау облысы – 9,6%, Шымкент – 8,5%. Яғни, кейбір өңірлерде экономикалық белсенділік айқын байқалады.

Ал керісінше жағдай да бар. Шығыс Қазақстан облысы – өсім көрсетпеген жалғыз өңір. Керісінше, 1%-ға төмендеген. Бұл – аймақтар арасындағы теңсіздіктің нақты көрінісі.

Енді ең маңызды сұрақ – ел экономикасын кім «көтеріп тұр»? Мұнда жауап анық. Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жартысына жуығын 3 өңір береді. Олар – Алматы, Астана және Атырау облысы. Алматының үлесі – 20,5%. Ақшамен айтсақ, 20,4 трлн теңгеден асады. Астана – 11,6% немесе 11,55 трлн теңге. Атырау облысы да дәл сондай деңгейде – 11,6% немесе 11,54 трлн теңге. Яғни осы 3 өңір ел экономикасының негізгі тірегі болып отыр.

Өсімнің өзіне де осы өңірлер көп үлес қосқан. Жалпы 6,3% өсімнің 3,66%-ы дәл осы Алматы, Астана және Атырау облысының есебінен қалыптасқан. Басқаша айтқанда, ел экономикасы көбіне осы үш аймаққа тәуелді. Тағы бір маңызды көрсеткіш адам басына шаққандағы экономика. Мұнда айырмашылық тіпті үлкен. Атырау облысы көш бастап тұр бір адамға 16 205,5 мың теңгеден келеді. Бұл – ең жоғары көрсеткіш.

Одан кейін Алматы – 8 826,7 мың теңге. Ұлытау облысы – 7 444,4 мың теңге. Астана – 7 354,0 мың теңге. Бұл өңірлерде табыс деңгейі салыстырмалы түрде жоғары.

Ал ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында – 1 667,0 мың теңге. Жамбыл облысында – 2 158,8 мың теңге. Яғни кей өңірлерде бұл көрсеткіш мұнайлы аймақтармен салыстырғанда 7-9 есе төмен. Орташа есеппен Қазақстан бойынша бір адамға шаққандағы жалпы ішкі өнім 4 897 мың теңгені құрайды. Бірақ бұл орташа сан нақты жағдайды толық көрсетпейді. Өйткені өңірлер арасындағы айырмашылық өте үлкен.

 

 

 

Барлық жаңалық