Қыркүйекте теңге бағамы бір доллар үшін 549 теңгеге дейін әлсіреді. Осылайша, ай қорытындысы бойынша ұлттық валюта 1,9 пайызға құнсызданды. Ал жыл басынан бері шамамен 3 пайызға әлсіреген. Көпшіліктің көкейінде бір сұрақ тұр: неге теңге жиі құбылады және оны кім басқарады?
Саналы түрде таңдадық...
Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, теңге еркін айналымдағы валюта болғандықтан, оның бағамын ешкім қолдан ұстап отырмайды.
«Теңгенің басты ерекшелігі еркін айналымда болуы. Біз осы бағытты саналы түрде таңдадық. Соның арқасында елге сыртқы және ішкі инвесторлар еркін кіріп жатыр. Ал көрші елдердің валюталары, мысалы манат пен сом, үкіметтің бақылауында тұр», дейді Олжай.
Оның айтуынша, теңгенің бағамы кабинетте шешілмейді. Баға Қазақстан қор биржасындағы сауда нәтижесінде анықталады. Бұл алаңда банктер, брокерлер және айырбастау орындары жұмыс істейді. Егер доллар көбірек сатып алынса, теңге әлсірейді, ал теңгеге сұраныс артса, керісінше күшейеді.
Сарапшы бұл жүйенің артықшылығы мен тәуекелін де түсіндірді. Бұрын мемлекет теңге бағамын қолдан ұстап келді. Бірақ бұл саясат резервті көп жоғалтуға әкелді. Нәтижесінде ел валютаны еркін айналымға жіберуге мәжбүр болды.
«2014-2015 жылдары теңгені қолдан ұстап тұру үшін 20 миллиард доллар жағылды. Бұл сома бүгін екі жылдық бюджет тапшылығын жабуға жетер еді. Сол себепті теңге бағамын нарыққа беру дұрыс шешім болды. Енді оны сұраныс пен ұсыныс анықтайды», дейді экономист.
Оның пікірінше, алғашқыда бұл халыққа ауыр тигенімен, ұзақ мерзімде тиімді шешім болды. Себебі қолдан басқарылған курс экономиканың табиғи дамуын тежейді.
Теңгенің әлсіреуінің нақты себептері де бар. Біріншіден, елге импорт көп келеді, ал импорттаушы компанияларға доллар қажет. Екіншіден, мұнай бағасы төмендесе, экспорттан түсетін табыс азаяды. Үшіншіден, рубльдің әлсіреуі де психологиялық әсер етеді.
«Мұнай арзандағанда, мұнай компаниялары долларды аз сатады, теңгеге сұраныс төмендейді. Рубльдің құлауы да теңгеге қысым түсіреді. Бұдан бөлек, маусымдық фактор бар: салық апталарында теңге күшейеді, ал жазғы демалыс пен мереке алдында халық доллар сатып алады. Осындай себептер теңге бағамының тұрақсыздығына әсер етеді», дейді Айбар.
Теңгенің бұл ауытқуы тек ішкі саясатқа емес, әлемдік нарықтағы қозғалыстарға да байланысты. Сондықтан тұрақтылықты сақтау үшін ішкі өндіріс пен экспорт көлемін арттыру маңызды. Сарапшы Ұлттық Банктің рөлін де түсіндірді. Ұлттық Банк теңгенің бағамын тікелей бекітпейді, бірақ ресми курсты жариялап отырады. Бұл салық және төлем операцияларына қажет. Ресми курс биржадағы орташа бағам негізінде есептеледі. Ал нақты нарықтық бағаға ешкім араласпайды.
Қырғызстан мен Әзірбайжанда неге тұрақты?
Көп адам көрші Қырғызстан мен Әзірбайжан валютасының неге тұрақты екенін сұрайды. Бұл сұраққа Айбар Олжай былай жауап берді.
«Қырғызстан мен Әзірбайжан валютаны қолдан ұстап отырады. Мысалы, манат 2014 жылдан бері бір долларға 1,7 деңгейінде тұр. Бірақ ол үшін жыл сайын шамамен 2 миллиард доллар жұмсалады. Мұнай арзандаса, бұл сома 3 миллиардқа дейін өседі. Қазақстан үшін мұндай тәсіл тиімсіз, бізге теңгенің еркін болғаны жақсы», дейді экономист.
Оның айтуынша, қолдан ұсталған курс уақытша тұрақтылық береді, бірақ ұзақ мерзімде тәуелділік тудырады. Ал еркін валюта экономикаға икемділік пен сенімділік әкеледі.
Экономист теңгенің тарихындағы ең үлкен қателіктерді де еске салды.
«2010-2015 жылдары теңгеге үлкен қиянат жасалды. Кейбір қаржылық топтар девальвацияны өз мүддесіне пайдаланып, миллиардтаған пайда тапты. Нәтижесінде халық бір сәтте кедейленді. Сол кезде теңгені еркін жіберу керек еді, бірақ саяси шешім бәрінен жоғары тұрды», дейді ол.
Сол кезеңнің салдары әлі сезіліп отыр. Халық теңгеге толық сенбейді, ұзақ мерзімді жинағын шетел валютасында сақтауды жөн көреді. Бұл психологиялық фактор теңгенің тұрақсыздығына да әсер етеді.
Сарапшы қазіргі жағдайға қарамастан теңгенің болашағына сенеді.
«Қазір теңге ең ауыр кезеңнен өтті. Біз ұлттық валютаны толық еркін айналымға түсірдік. Егер мұнай бағасы тұрақты болса және ішкі өндіріс артса, теңге де бір қалыпты коридорға енеді. Ең бастысы, өткен қателіктерді қайталамау керек» дейді Айбар Олжаев.

Неге Араб Әмірліктерінде дирхам бағамы өзгермейді?
Бұл сұрақты көп адам қояды. Әсіресе теңге тағы да құнсыздана бастағанда жұрт арасында түрлі пікір көбейеді. Біреулер Үкіметті кінәлайды, енді бірі Ұлттық банкті айыптайды. Бірақ мәселенің түбі эмоцияда емес, білімде. Нарықтың қалай жұмыс істейтінін түсінуге тырысқан адам бәрін сәл басқаша қабылдайды. Осы тақырыпты тәжірибелі экономист Алмас Чукин кеңінен түсіндіріп берді.
Экономистің айтуынша, адамдарды шын мәнінде валюта бағамының өзі емес, бағаның тұрақсыздығы алаңдатады. Себебі табысы бар, еңбек етіп жүрген адамның басты уайымы бүгін алған жалақысының ертеңгі күнге жетпеуі. Кеше бір сомаға таңғы ас алса, бүгін сол ақша тек сэндвичке ғана жетуі мүмкін. Экономикалық теория бойынша, ақшаның үш қызметі бар: төлем құралы, құн өлшемі және жинақтау құралы. Ақша тауардың құнын көрсетеді, бірақ ол әрдайым тұрақты емес. Себебі баға сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгереді. Егер нарықта тауар көп болса, баға төмендейді. Ал ақша көп, тауар аз болса, ақшаның құны түседі.
Араб Әмірліктерінде 1 доллар шамамен 3,67 дирхам болып 1997 жылдан бері өзгермей тұр. Бұл елдің экономикасы негізінен мұнай, туризм және доллармен есептелетін қызметтерге сүйенеді. Сондықтан тұрақты бағамды ұстап тұру оңайырақ. Бірақ бұл елде баға мүлде өзгермейді деген сөз емес.
Мысалы, Әмірліктерде қосылған құн салығы енгізілді. Көп тауар басқа елдерден әкелінеді. Яғни дирхам бағамы тұрақты болғанымен, жылжымайтын мүлік пен қызмет құны бәрібір өз алдына өсіп отырады.
Алмас Чукиннің пікірінше, ұлттық валютаның айырбас бағамы ел экономикасының жалпы жағдайын көрсетеді. Ақша бағамын жай ғана бұйрықпен немесе шешіммен ұстап тұру мүмкін емес.
Экономист мысал ретінде Қазақстандағы жалақының динамикасын келтіреді. Оның айтуынша, ең табысты кезең 2013 жыл.
«Сол кезде бағалар тұрақты, ал орташа айлық шамамен 713 доллар болған. 2015 жылғы девальвациядан кейін ол 429 долларға дейін түсті. 2023 жылы қазіргі бағаммен есептегенде орташа жалақы 780 долларды құрады. Бірақ егер бұл есеп 2000 жылғы курс негізінде жүргізілсе, жалақы бар болғаны 474 долларға жеткен болар еді. Тағы бір маңызды жайт статистикада қолданылатын көрсеткіштердің айырмасы. Орташа жалақы көбіне жоғарырақ көрінеді, ал халық жиі алатын нақты мөлшерді медианалық жалақы көрсетеді. Қазір ол шамамен 300 мың теңге деңгейінде», дейді сарапшы.

Нарық сенімсіздік кезеңіне өтті
Қаржылық сарапшы Владислав Туркиннің айтуынша, экспорттық түсім алдағы жылдары азаюы мүмкін, өйткені мұнай бағасы төмендейді деген болжам бар.
«Энергетикалық сектордағы өндіріс көлемі артып келе жатқанымен, мұнай бағасының құбылуы жалпы табысқа әсер етпей қоймайды. Ал импорт көлемі, керісінше, ұлғайып отыр. Себебі ел ішінде тұтыну жоғары, өндіріс әлеуеті төмен, көптеген тауар сырттан әкелінеді. Мұның бәрі теңгеге қосымша қысым жасайды», дейді экономист.
Байқап отырғанымыздай, төлем балансы теріс аймақтан шықпай тұр. Кіріс азайып, шығыс артып барады. Бірақ соған қарамастан, шетелдік инвесторлар шикізат секторынан пайда тауып отыр. Бұл – Қазақстанның табиғи ресурстарға бай ел ретіндегі тартымдылығын сақтап тұрған жалғыз фактор.
«Ұлттық банктің болжамдарына сүйенсек, теңгенің алдағы жылдары айтарлықтай нығаюы екіталай. Қазіргі бағам тұрақты көрінгенімен, бұл уақытша құбылыс қана. Нарықтағы қысым сақталып отыр», дейді Туркин.
Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов та теңге мен инфляцияның ұзақ мерзімді болашағына күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, облигациялар нарығындағы ахуал халықтың үкіметке және Ұлттық банкке деген сенімінің төмендегенін көрсетіп отыр.
«Бүгінде Қаржы министрлігі 7 жылға 17 пайыздық өсіммен қарыз ала алады. Бұл – өте жоғары пайыз. Ал пайыздық қисыққа қарасақ, қысқа және ұзақ мерзімді несиелердің табыстылығы бір деңгейде. Бұл екі жағдайды аңғартады: біріншіден, инфляцияны тежеу механизмі әлсіз; екіншіден, нарық болашаққа сенбей отыр», дейді ол.
Турловтың пікірінше, бұл тенденция теңгенің біртіндеп құнсыздануына және инфляцияның ұзақ мерзім бойы жоғары деңгейде сақталуына әкелуі мүмкін.
«Қазірдің өзінде пайыздық мөлшерлемелер рекордтық деңгейде тұр, бірақ инвесторлар үшін бұл жағдай тиімді емес. Демек, дәстүрлі қаржы құралдары – депозиттер мен облигациялар – инфляциядан қорғанудың сенімді тәсілі болудан қалуы ықтимал», деді кәсіпкер ITS Ideas форумында.