Елімізде университеттен тыс меңгерілген білім мен дағдылар енді ресми түрде мойындалады. Аккредиттелген ұйымдар берген біліктілік сертификаттары белгілі бір жағдайда дипломмен теңестіріледі. Мұндай жаңашылдық жаңартылған Ұлттық біліктілік шеңберінің арқасында мүмкін болып отыр. Осы ретте Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікірін сұрап білді. Бұл қаншалықты дұрыс және әлем елдеріндегі тәжірибе қандай?
Жаңа құжат кәсіптердің тізбесін реттеп, құзыреттерге қойылатын талаптарды нақтылайды. Сондай-ақ жұмыс берушілер мен HR-мамандарға бағыт-бағдар беруге көмектеседі.
Жаңа ереже бойынша, егер жұмысқа қабылдаушы тарап курстар арқылы алынған білімді қабылдауға дайын болса, адам дипломсыз-ақ, қолындағы сертификатпен жұмысқа тұра алады. Алайда, сертификаттарды тек арнайы тексерістен өткен аккредиттелген ұйымдар ғана беретінін ескерген жөн. Оларды Career.Enbek.kz сайтынан табуға болады.
Еңбек нарығы қалай қабылдады?
Бейресми білімді мойындау еңбек нарығында қызу талқылауға түсті. Кадр мамандарының көбі:
«Дипломның орны бөлек, оның маңыздылығын жоққа шығаруға болмайды, әсіресе жауапкершілігі жоғары және күрделі мамандықтарға келгенде», — дейді.
HR-сарапшылардың айтуынша, жұмысшы мамандықтарына көбіне курстар мен сертификаттар жеткілікті. Себебі орта буын мамандарын кейде курстар арқылы қабылдай береді. Ал қызмет сатысы жоғарылаған сайын әрі диплом, әрі қосымша курстар талап етілетіні анық.
Олардың пікірінше, жаңа ереже еңбек нарығын түбегейлі өзгерте қоймас. Сондай-ақ кадр тапшылығы мәселесін толық шеше қоймайды.
Экономистер де жаңашылдықтың тиімділігіне күмәнмен қарап отыр. Олардың айтуынша, қазір бізде сертификат алу өте оңай. Мысалы, шетелге түсу үшін түлектер IELTS-ке айлап дайындалады, ал медицина немесе фармацевтика курсын бірнеше күнде өтіп құжат алуға болады.
«Өкінішке орай мұндай жүйе бізде бар. Бұдан құтылу үшін көптеген өзгерістер қажет. Негізінен, мұндай нәрселердің барлығын жекеменшікке беру керек. Егер сол кезде жемқорлық немесе тағы да басқа қателіктер орын алып жатса, мысалы медициналық сақтандыруда оны байқап отырмыз, сондықтан олардың арасында бәсекелестік тудыруымыз керек», - дейді экономист Сапарбай Жұбаев.
Ал 30 жыл тәжірибесі бар педагог Эльмира Ерментайқызы бұл жаңашылдық жауапты мамандықтарға қатысы жоқ болатынына сенімді.
«Менің ойымша, дәрігерлік сынды жауапкершілігі мол, тәуекелі зор мамандықтарға келгенде мұндай сертификаттар берілмейтін шығар деп ойлаймын. Ондай сертификаттармен жұмыс істеу үшін ол адамның бәрібір алған жоғары білімі, яғни, дипломы болуы керек. Бір рет университетте оқып, диплом алған адам біліктілігін әрі қарай дамытып, қосымша мамандықты да меңгере береді. Қанша десек те, кез келген адамға міндетті түрде базалық жоғары білім керек», - дейді маман бізге берген сұқбатында.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, сертификатпен жұмыс істеу мүмкіндігі салаға байланысты. Егер сала курстарда алынған білімді қабылдауға дайын болса, адам жұмысқа кірісе алады. Бұл ережелер Ұлттық біліктілік шеңберінде бекітілген. Құжат HR-мамандарына қызметкерлерді бағалауға және жалақыны қалыптастыруға көмектеседі, өйткені бұрын бірыңғай бағалау жүйесі болмаған.
Айта кететіні, мұндай сертификатты кез келген жерден алу мүмкін емес. Оларды тек тексерістен өткен аккредиттелген ұйымдар ғана береді.
«Сертификаттың болуы автоматты түрде диплом алған адамдармен тең құқық береді деген сөз емес», — деп түсіндіріп өтті министрлік өкілдері.
Жалпы, аталмыш қадам шағын және орта бизнестің белсенді дамуына байланысты жасалған дүние. Себебі қазір дипломсыз-ақ, курстардан өткен, дағдысы бар және жұмыс істеп жүрген мамандар көбейіп келеді. Алайда, олардың біліктілігі әлі күнге дейін ресми түрде расталмаған. Енді жаңа жүйе осы түсінікті жоюы мүмкін.
«Бүгінгі таңда адамдар көп ізденеді, оқиды. Интернет дамыған, цифрлық технологиялар да жылдам дамуда. Сондықтан, адамның өміріне қауіп төндірмейтін мамандықтарға қатысты мұндай шешімді қолдаймын. Қазір уақыт тығыз, 4-5 жылын кетірмей, аз уақыт ішінде бітіріп алуға болады», - дейді педагог Эльмира Ерментайқызы.
Әлемдік тәжірибе
Әлемнің көптеген елдерінде мұндай тәжірибе Recognition of Prior Learning (RPL), Prior Learning Assessment (PLA) немесе Credit for Prior Learning (CPL) деп аталады. Оның мәні – жұмыста, қысқа бағдарламаларда немесе өзін-өзі оқыту барысында алған дағдыларды ресми түрде бағалап, растау.
Еуропа. ЕО-да бейресми және информалды білімді валидациялау жөніндегі Еуропалық Кеңес ұсынымдары бар, ал Еуропалық біліктілік шеңбері білім деңгейлерін салыстыруға көмектеседі. Көбіне RPL дипломды автоматты түрде алмастыру үшін емес, кәсіби-техникалық құзыреттерді растау үшін қолданылады.
Австралия және Жаңа Зеландия. Австралияда Recognition of Prior Learning Австралиялық біліктілік шеңберінде бекітілген. ЖОО-дан тыс алынған дағдылар біліктілік алуға есептелуі мүмкін. Жаңа Зеландияда ұқсас рәсімдерді NZQA жүргізеді.
Ұлыбритания, Канада және АҚШ. Ұлыбританияда Accreditation of Prior Learning жүйесі университеттер мен колледждерде қолданылады. Канада мен АҚШ-та PLAR/CPL бағдарламалары бар. Олар ересек студенттерге тәжірибе есебінен дипломды тезірек алуға мүмкіндік береді, бірақ әзірге бірыңғай ұлттық стандарт жоқ, сондықтан қолдану ауқымы әртүрлі.
Әлем бойынша дәстүрлі, университетте алған білім міндетті болып саналатын салалар бар. Бұл ең алдымен медицина, фармация, құқық, авиация және басқа да лицензияланатын мамандықтар. Мұнда RPL оқуды жеделдетуі немесе бағдарламаға қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін, бірақ толыққанды диплом мен лицензияны алмастыра алмайды.
OECD бағалауы бойынша, RPL ересектердің біліктілігін тезірек арттыруға, оқуға жұмсалатын уақыт пен шығынды азайтуға және еңбек нарығын икемдірек етуге көмектеседі.
Қазақстанда ұйымдарды аккредиттеу талабы енгізілген, яғни біз халықаралық стандарттарға жақындап жатырмыз деген сөз. Алайда сарапшылардың айтуынша, жаңа ережелер шын мәнінде жұмыс істеуі үшін курстардың сапасын және құзыреттерді мойындау рәсімдерін, әсіресе жауапты мамандықтарға қатысты қатаң бақылау қажет.