📰 Сарапшылар пікірі

Депозитті ерте ашудың пайдасы бар ма?

Баспаналы болу көпшіліктің арманы. Әсіресе жастар мен жас отбасылар үшін үй мәселесі бірінші орында тұр. Сол себепті де депозитті тиімді ашу маңызды. Көбі әзірге ақша құятын жағдайда емеспін деп, депозит ашпайды. Бұл қаншалықты дұрыс?

Кейінгі жылдары «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй бағдарламаларына қатысу ең қолжетімді жолдардың біріне айналды. Бұл жүйе халыққа алдын ала жинақ жасап, кейін төмен пайызбен несие алуға мүмкіндік береді. Дегенмен көп адам депозит ашуды кешіктіріп, нәтижесінде айтарлықтай артық шығынға тап болып жатады.

Тұрғын үй саласының сарапшысы Мақсат Рахимовтың айтуынша, үй алуды ойлаған әр азамат ең алдымен уақытты тиімді пайдалануы керек. Жинақ депозитін ерте ашу – миллиондаған теңгені үнемдеуге болатын ең қарапайым әрі тиімді қаржылық шешім.

«Үй алғысы келген адамға ең үлкен көмек – уақытында ашылған депозит. Депозит толтыруды ертерек бастаған сайын, ипотека рәсімдегенде төленетін артық шығын азая береді. Мысалы, екі азаматты қарастырайық. Айбек депозитін 36 ай бұрын ашып қойған, ал Сәкен небәрі 7 ай бұрын ғана ашқан. Екеуі де 20 миллион теңгелік үй алғысы келеді. Екеуінде де 10 миллион теңге жинақ бар, қалғанын ипотекамен жабамыз деген ниетте».

Сарапшының айтуынша, сырт көзге жағдайлары бірдей болып көрінгенімен, айырмашылық айтарлықтай:

«Айбек 36 ай бұрын депозит ашып қойғандықтан, 14 айдан кейін-ақ банкке барып, өтініш жазып, 8,5 пайыздан 5 пайызға өте алады. Осылайша, оның алғашқы кезеңдегі артық төлемі бар болғаны 1 983 324 теңге болады. Ал Сәкеннің жағдайы басқаша. Ол депозитті кеш ашқандықтан, 14 айдан кейін төмен пайызға өте алмайды. Кемінде 29 ай күтуге мәжбүр. Сол уақыт ішінде ол жоғары пайызбен төлей береді. Соның салдарынан оның артық төлемі 4 108 314 теңгеге жетеді».

Сонда айырмашылық неде? Бұл мысалдан көретініміз – депозит мерзімі аса маңызды. Бір қарағанда бәрі тең сияқты: екеуінде де жинақ бар, екеуі де бірдей сомаға үй алғысы келеді. Бірақ Айбектің артықшылығы – уақытында басталған қадамы. Ол үш жыл бұрын ойланғаны үшін бүгінде екі есе үнемдеуге мүмкіндік алып отыр.

Ал Сәкеннің кеш бастауынан шығыны артып, үйге қол жеткізу уақыты ұзарады. Бұл жерде негізгі айырмашылық – тек ақшада ғана емес, уақыт пен жүйелілікте. Ерте басталған депозит тек арзан несиеге қол жеткізуді ғана емес, баспанаға жетудің де қысқа жолын ұсынады.

Депозитті уақытында ашу тек пайыздық мөлшерлемені төмендетіп қана қоймайды. Ол отбасы бюджетін жоспарлауға да көмектеседі. Жинақ жасау арқылы азаматтар өз қаржысын басқаруды үйренеді, шығын мен кірісті дұрыс реттеуге дағдыланады.

Сонымен қатар депозит – психологиялық тұрғыдан да тиімді құрал. Себебі ол болашаққа деген сенімді арттырады. «Менің жинағым бар, мен жоспарым бойынша қозғалып келемін» деген ой адамның алға ұмтылысын күшейтеді.

«Неге дәл қазір бастау қажет? Көпшілік «қазір табысым аз», «үйге жетпейді» деп ойлап, депозит ашуды кейінге қалдырады. Алайда бастысы – көп ақша емес, уақыт. Жинақтың көлемі шағын болса да, жүйелі түрде толықтырып отырсаңыз, ең маңызды шарт – мерзім орындалады. Ал мерзім орындалса, ертеңгі күні арзан пайызбен несие алуға жол ашылады», дейді сарапшы. 

 

 

 

Барлық жаңалық