💰 Экономика

Депозитке тәуелді экономика: ақша бар, бірақ өндіріс жоқ

Депозитке тәуелді экономика: ақша бар, бірақ өндіріс жоқ

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан экономикасында қаржы тапшылығы жоқ. Керісінше, жүйеде ақша жеткілікті. Бірақ басты мәселе – сол қаражаттың нақты секторға жетпей, банктердегі депозиттерде шоғырланып қалуында. Экономист әрі «Комментарий» Telegram-арнасының авторы Елдар Шамсутдиновтың сөзінше, қазіргі модель экономиканың табиғи дамуын тежеп отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Сарапшы 2010-2024 жылдар аралығындағы қаржы шотының динамикасын талдай отырып, жүйедегі теңгерімсіздіктің қалай қалыптасқанын түсіндіреді. Кейінгі жылдары экономика сыртқы қаржы көздеріне емес, ішкі ресурстарға сүйене бастаған. Бұл бір жағынан тұрақтылық белгісі болғанымен, екінші жағынан жаңа мәселелерді туындатқан.

«Қазақстан депозиттік модельдің шегіне тіреліп отыр. Яғни экономикадағы негізгі өтімділік көзі – халықтың өз жинағы. Бұрын біз сыртқы қаржы ағындарына тәуелді болсақ, қазір жүйе ішкі ресурстармен “жабылып” қалды. Бірақ бұл жабық жүйеде ақша толыққанды жұмыс істемей отыр. Ол өндіріс ашуға, жаңа жобаларды қаржыландыруға емес, көбіне банктердің ішінде айналып, тұтынуға кетіп жатыр. Мұндай жағдайда экономикалық өсім сырт көзге бар сияқты көрінеді, бірақ оның сапасы төмен болады», дейді Елдар Шамсутдинов.

Сандар да осы үрдісті растайды. Үй шаруашылықтарының таза кредит беру көлемі 2024 жылы шамамен 4,6 трлн теңгеге жеткен. Ал бейқаржылық сектор, яғни бизнес тұрақты түрде тапшылықта қалып отыр. 2023 жылы бұл көрсеткіш  5,5 трлн теңгеге дейін барған. Бұл – халықта ақша бар, бірақ бизнеске жетпей жатқанын көрсетеді.

Қаржы құрылымына қарасақ, активтердің басым бөлігі депозиттерде, қолма-қол валютада және қарыз құралдарында сақталған. Ал акциялар мен инвестициялық құралдардың үлесі төмен.

«Қарапайым тілмен айтқанда, бүгінгі экономикада ақша жұмыс істемей жатыр. Адамдар оны сақтайды, банктерге салады, бірақ ол қаражат жаңа өндіріс ашуға, кәсіпкерлікті кеңейтуге жеткілікті деңгейде бармайды. Оның орнына негізгі ағын тұтынуға бағытталады: ипотека, автонесие, импорттық тауарлар. Яғни біз өндіріс экономикасынан гөрі тұтыну экономикасына айналып барамыз. Ал мұндай модель ұзақ мерзімде тұрақты өсім бермейді», дейді сарапшы.

Бұл үрдіс әлеуметтік теңсіздікке де әсер етуде. Сарапшының айтуынша, депозиттердің негізгі өсімі жоғары табысты топтар арасында шоғырланған. Ал табысы төмен топтар керісінше, қарызға көбірек тәуелді болып барады.

«Қазіргі модельде қызық парадокс бар: бір жағынан халықтың жинағы өсіп жатыр, екінші жағынан халықтың қарызы да өсіп келеді. Бірақ бұл екі процесс бірдей топтарға тән емес. Депозиттер көбіне ауқатты адамдарда жинақталса, қарыз жүктемесі орта және төмен табысты топтарға түседі. Бұл ұзақ мерзімде табыс теңсіздігін күшейтеді және әлеуметтік қысымды арттыруы мүмкін», дейді Елдар Шамсутдинов.

Сарапшы бұл мәселені шешу үшін қаржы ағындарын қайта бағыттау қажет екенін айтады. Оның пікірінше, депозиттік базаның бір бөлігін капитал нарығына тарту – маңызды қадам.

«Егер біз депозиттердің кем дегенде 10-15%-ын акциялар мен корпоративтік облигацияларға бағыттай алсақ, бұл экономикаға үлкен серпін берер еді. Бизнес үшін ұзақ мерзімді қаржы көздері пайда болады, банктерге түсетін жүктеме азаяды, ал тәуекелдер бір жерде шоғырланбайды. Бірақ бұл үшін ең алдымен сенім мен инфрақұрылым қажет. Қазір, мысалы, корпоративтік облигацияны сатып алу оңай болғанымен, оны қайта сату қиын. Екінші нарық әлсіз. Сондықтан адамдар тәуекелі төмен депозитті таңдайды», дейді ол.

Сарапшының пікірінше, басты мәселе – ақша көлемінде емес, оның экономикадағы қозғалысында.

«Егер мінез-құлық моделі өзгермесе, ақша бұрынғыдай депозиттерде қала береді. Экономика өседі, бірақ бұл өсім өндірістің кеңеюінен емес, ішкі ресурстарды қайта бөлуден болады. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті күшейтіп, табыс теңсіздігін арттырады. Сондықтан бізге тек қаржы көлемін арттыру емес, сол қаржыны тиімді бағыттайтын жаңа экономикалық модель қажет», деп қорытындылады Елдар Шамсутдинов.

 

 

Барлық жаңалық