Жамбыл облысы, Меркі аудандық ауруханасында даулы жағдай орын алды. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, қан алу кезінде медициналық қызметкерлердің әрекетінен сәби жарақаттанған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бала 4 тамыз күні ішек инфекциясына байланысты ауруханаға жеткізілген. Анасының айтуынша, бір апта бойы түрлі тексерулер мен ем-шаралар жүргізілгенімен, жағдайында айтарлықтай өзгеріс болмаған. Ал 11 тамызда шамамен сағат 16:00-де қан алу барысында екі медбике баланың қолын қатты қысқан, соның салдарынан сүйегі зақымданған.
«Ұлым ауруханаға келгенде көңілді, ойнақы болатын. Ал қазір күлмейді, ойнаудан қалған. Дені сау баламды ауру қылды», – дейді баланың анасы.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде үлкен пікірталас тудырды. Көптеген қолданушылар дәрігерлердің кәсіби шеберлігін сынға алып, науқастарға немқұрайлы қарайды деген айып тақты.
«Мұндай сауатсыздық бола ма? Бір іс істесе, шектен шығады», – деп жазды бір пікір иесі.
Тағы бірі: «Меркі ауруханасына барсаң, тірі шықпайсың. Барып көргің келсе, өміріңнен түңілгенің», – деп ашуын білдірді.
Дегенмен кейбір комментаторлар бұл жағдайдың тым әсіреленгенін айтып, ешқандай сынық болмағанын алға тартты.