Көше бойындағы бақылау камералары кейде көлік нөмірін қате танып, жазықсыз адамдарға айыппұл рәсімдеп жатады. Мұндай жағдайда бейнежазбадағы мәлімет басқа жүргізушіге тиесілі болса да, айыппұл сіздің атыңызға келуі мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.
Informburo дерегінше, Айша есімді тұрғынға жылдамдықты асырды деген айыппен хабарлама келген. Алайда ол күні көлік тізгіндемегені анықталып, азаматша eOtinish порталы арқылы шағым жолдап, айыппұлын жойды.
Мамандардың айтуынша, камералардың қателесуіне объективтің ластануы, ауа райы мен күн сәулесінің әсері, жарық (фар) сәулесінің шағылысуы, сондай-ақ электрондық жүйенің техникалық ақаулары себеп болуы ықтимал. Электроника тек нөмірді таниды, ал көліктің түсі мен маркасы есепке алынбайды. Сондықтан «ақырғы нәтиже» кейде дұрыс болмай жатады.
Ішкі істер министрлігі бұл жерде қасақана әрекет жоқ екенін айтады. Әділетсіз айыппұлмен келіспеген жағдайда тұрғылықты жердегі полиция бөлімшесіне немесе онлайн жүйе арқылы жүгіну керек.
Айыппұлды тексеру үшін Qamqor жүйесінде тіркелген оқиғаның фото-видеосын, күні мен уақытын көруге және онлайн шағым беруге болады.
Дәлелсіз айыппұлды заң аясында жою үшін eOtinish порталына кіру керек: www.eotinish.kz сайтында ЭЦҚ арқылы авторизация жасап, «Жаңа өтініш беру» бөліміне өтіп, құзырлы орган ретінде Ішкі істер министрлігін немесе жергілікті полиция департаментін таңдайсыз.
Өтініш мәтінінде айыппұл нөмірін көрсетіп, сол күні көлік жүргізбегеніңізді немесе көлігіңіздің оқиға орнында болмағанын жазасыз. Қажет болса, фото және өзге де дәлелдерді тіркейсіз.
Заң бойынша, өтінішке 15 күн ішінде жауап беріледі. Жауапты eOtinish жүйесінен немесе SMS арқылы алуға болады.
Сондықтан айыппұлдың дұрыстығына күмән туса, оны бірден төлемей, алдымен тексеріп, қажет болса шағымданған жөн.