Бүгінгі ақпарат тасқынында біз өз ойымыздан айырылып, сапасыз, үстірт пікірлерге тәуелді қоғамға айналып бара жатқандаймыз. Күн сайын өсек пен дауға толы жаңалықтар жұрт назарын жаулап, елдің шын жетістіктері көлеңкеде қалып барады. Ал шын мәнінде Қазақстанда мақтануға тұрарлық жаңалықтар аз емес. Ұлттың рухын көтеретін құбылыстар болып жатыр. Алайда, біз сол рухтың қадірін сезінуден қалып барамыз. Ozgeris.info тілшісі елдің шынайы жетістіктері мен рухани құндылықтарының өзара байланысын, сондай-ақ қоғамның талғам эволюциясы жайлы сараптамалық ой қозғайды.
Димаш феномені және қоғамның үнсіздігі

«Біз – қоғам емеспіз, тобырмыз», - деп бастады ойын Сүндет Сейітов.
Ауыр естіледі, бірақ бүгінгі шындық осы. Әлем жұлдызына айналған қазақтың мақтанышы Димаш Құдайберген Американың Нью-Йорк қаласындағы әйгілі Madison Square Garden аренасында жеке концертін берді. 20 мың адамға арналған арена лық толды. Бұған бұл аренада Геннадий Головкин талай жекпе-жегін өткізген. Енді міне, жалғыз әрі тұңғыш қазақ осы аренаны толтырды. Бұл - ел тарихындағы үлкен оқиға. Бұл жай ғана концерт емес, қазақ өнерінің әлемдік деңгейге көтерілген сәті.
Алайда, біз сол сәтте еліміз үшін мақтана алмадық. Сол сәтті сезіне алмадық.Қазақ қоғамының басым бөлігі Дариға Бадықованың жеке өмірін талқылап, әлеуметтік желілерде өсек айтып отырды. Деңгейіміз осы болды. Арамызда бір-адам ғана сол туралы өсек айтып отырса мейлі еді, тұтас аудитория сол бағытта кетіп барады.
«Біздің деңгейіміз осы ма?» – деп ашынады автор Сүндет Сейітов.
Ой иесі тағы былай деп қосты.
«Димашты “Димаш” қылған біз емес. Кезінде өзі Қытай асып барып, байқауда топ жарып келді. Содан күллі жұрт таң қалып еді, біз де соларға қосақтаса кеттік. Демек, біз өзіндік ой-пікірі жоқ, талғамсыз, сапасыз қоғам екенбіз. “Тобырмыз” десек те ауыр болмас. Тіпті біздің пабликтер, ақпарат көздері дұрыс ақпарат та тарата алмады. Тікелей эфирден көрсететін тарихи оқиға еді. Оның тереңеңіне үңіліп көрген ешкім болмады», - деп жазды ол.

Бұдан бөлек, Димаш Құдайбергеннің Мехикодағы тұңғыш концерті де аншлагпен өтті. Ең әйгілі концерт залдарының бірі "Auditorio Nacional" сахнасында бірде-бір бос орын болған жоқ.
«Қай қазағың барып осылай арена толтырып, әлемді ауызына қаратып еді? Неге әлемге қарамайсыңдар? Неге өз ұландарыңның тарихи сәтін көрмейсіңдер? Неге Димаштың концертін, әлемдік турын талқылап, соның төңірегінде әңгіме айтпайсыңдар?», – деп жазды автор.
Шынында, біз өз таланттарымызды құрметтемесек, әлем бізге қалай қарайды?
«Димаш - біздің қоғамда өзін жалғыз сезінетін тұлға. Менің бұл сөзімді де түсінбейтін өңкей тобыр “Димаш жалғыз емес, оның елі бар, оның қазағы бар, отбасы бар” деп, лағып кетеді. Расында Димаш - өзін жалғыз сезінетін тұлға! Ал, біз тобырмыз! Бұл ұят», - деп аяқтады пікірін ұлт жанашыры.
Ұлтымыздың мақтаныштары кездейсоқтық па?
Қазақстанның атын әлемге шығарып жүрген тұлғаларымыз көбейіп келеді. Соның бірі Самал Еслямова. Ол – Канн кинофестивалінде ең үздік әйел рөлі номинациясының иегері. Бұл жетістікке бұрын-соңды посткеңестік кеңістіктен ешкім жетпеген.

Ал Иманбек – әлемдегі ең беделді музыкалық марапат «Грэмми» сыйлығын алған тұңғыш қазақ. Бұл – тек жеке жеңіс емес, ұлт мәдениетінің жетістігі.

«Осы есімдер, Самал, Иманбек, және, әрине, Димаш – қазақтың әлемдік деңгейдегі өнер картасында бар екенін дәлелдеген тұлғалар. Бір өкінішстісі, олар өз жолын елден тыс жерде тапты. Гүлдің асфальтты жарып шығуы секілді. Неге бізде ондай таланттарға жағдай жасалмайды? Неге біз оларды баптап, қорғаудың орнына, “олардың жай жолы болып кетті” дейміз?» – дейді медицина саласының сарапшысы Эрик Әбенов.
Біздің қоғам шын қуана білмейді, шын сүйсіне алмайды. Бұл – рухани диагноз. Одан жазылудың жолы – ең алдымен өзімізге, сосын балаларымызға нағыз өнер мен жалған даңқтың айырмасын үйрету.
Ұлыны бағалау – ұлттың сауатты болмысының белгісі.
Рухани күйзеліс пен жүйке жұқаруы
Кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың пікірінше, бізде тек мәдениет емес, моральдық жүйе де әлсіреген.
«Біз шала дамығанбыз. Дамуымыз жағынан қалып қалғанбыз. Біздің сәл ауытқуымыз бар. Жоқ, ақымақ емеспіз. Бірақ, ақылдылардың қатарына жатпаймыз. Соған қарамай жер көлемі жағынан әлемде 9 -шы орындамыз. Халқымыздың саны 18 миллион. Осыншалықты ауқымды территориямыз бола тұра әлемдегі ең кедей әрі көштен қалған халықтардың қатарында жүргенімізге таң қаламын», - деп ашынды режиссер.
Жеріміз жыл бойы тамшы тамбайтын шөлейтті дала да емес. Елімізде бәрі бар. Қазба байлықтың барлық түрін табасыз. Билік «Менделеев таблицасының барлық элементі кездеседі» дейді.
«Сол элементтер қайда? Ұшты-күйлі жоғалды ма? Жоқ. Бұлардың барлығын халықты көрмейді, білмейді деп ойлайтындар әлдеқашан алып сатып жіберген», - деп қосты автор.
Қазақстандағы 113 адамның біреуі мүгедек-бала. 36 777 жетім бала тағы бар. Қазақта жетім деген түсінік болмаған. Бұл нонсенс еді. Осының өзінен-ақ елдің саяси-экономикалық саласынан бөлек, моральдық тұрғыдан азып бара жатқанын байқауға болады.
Қазақстан суицид саны жөнінен әлемде 3-ші орында екен. Сағат сайын Қазақстанда біреу өз-өзіне қол жұмсайды деген сөз. Бұл қоғамның жүйкесінің тозғанының айғағы.
«Жүйкесі тозған елде полиция көп болады», – дейді Тұрсынов.
Рас, Қазақстан полицейлер саны бойынша әлемде 6-орында. Себебі, уайым мен қорқыныш үстем елде еркіндік болмайды. Сондықтан сөз бостандығы жағынан да біз 154-ші орындамыз.
Сарапшы келтірген деректер жай статистика емес, рухани құлдыраудың айғағы. Мәселе байлықта емес, бағытта. Бізде бәрі бар, тек талғам мен рух жетіспейді.
Өзін жоғалтпаған ұлт қана биікке көтеріледі
Қазақстан бай ел, алайда, рухани тұрғыда кедей дейді сарапшылар.
«Біздің уақытымыз келді. Өз талғамымызды қайта қалыптастыратын, өз ойымызды, өз көзқарасымызды табатын шақ. Біз Димаш, Самал, Иманбек секілді тұлғалар арқылы өзіміздің кім екенімізді қайта тануымыз керек. Сонда ғана «тобырдан» - тұлғалы қоғамға айналамыз», - деп түйіндеді қоғам белсенділері.