📰 Сарапшылар пікірі

Немқұрайлылық - суицидтің бастауы: Балалардың жанайқайын еститін қоғам қайда?

Балалар – ұлттың болашағы. Өкінішке қарай, Қазақстан балалар суициді бойынша әлемнің алғашқы ондығына еніп отыр. Статистикаға көз жұмып қарайтын емес, ашық айтатын уақыт келді. Ozgeris.info тілшісі мамандардың пікіріне сүйеніп, тақырыпты саралап көрді. 

Депутаттар мен сарапшылардың айтуынша, педагогтар мен мектеп психологтары баланың ішкі күйзелісін, қауіп белгілерін байқамайды. Мемлекет жыл сайын мамандардың дамуына, оқуына қаржы бөлсе де, ол курстардан пайда жоқ дейді мамандар.

«Мәселе тереңде жатыр. Біздің мамандарда тәжірибе жоқ. Барлық педагогтар теория жүзінде оқытылады, бәрін теориялық тұрғыдан біледі, ал іс жүзінде ешқандай тәжірибеден өтпейді. Менің білуімше, оларға тек формалды сұрақтар мен жауаптар беріледі, ал әрі қарай не істеу керектігін олар білмейді», - дейді депутат Кенжеғұл Сейтжан.

Депутаттың айтуынша, оған уәкілетті орган ретінде көптеген хаттар келеді. Соның бірі Ақмола облысында болған жағдай. 

«Ақмола облысындағы 18 бала жөнінде хабар келді. Бұл балалар үйлеріне қашықтықтан оқуға жіберілген. Себеп ретінде балалар оқуға қабілетсіз деп танылған. Бұл – нонсенс. Меніңше, педагог мәртебесіне ие адамның мұндай сөз айтуы да, мұндай әрекетке баруы да  мүлде орынсыз, бұл барып тұрған кемсітушілік», — дейді депутат Кенжеғұл Сейтжан.

Jazz Support қорының қоғамдық мониторингі көрсеткендей, мамандар практикалық құралдар алмайды екен. 

Ал мектеп психологтарына артылған жүктеме мен жауапкершік онсыз да жетіп артылады. Сондықтан тәуекел тобындағы балаларға жеткілікті көңіл бөлінбейді.

«Меніңше, қаржыландыру жүйесін өзгерту керек. Ол ең алдымен тьюторлар, ассистенттер, психологтар сияқты мамандардың жұмысын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Арнайы қажеттіліктері бар балалар үшін де, басқа да ерекше сұранысы бар балалар үшін де жағдай жасалуы қажет. Мектептерге тікелей қаржыландыру берілуі тиіс. Қазір мектептерге мұндай балаларды оқыту тиімсіз. Олар балаларды басқа орталықтарға, арнайы мектептерге немесе үйден оқытуға жібере салады. Бастарын қатырғысы келмейді», — дейді депутат. 

Мұндай немқұрайлылық пен жауапсыздық қайғылы жағдайларға ұласады. Әсіресе, қоғам дұрыс қабылдай алмайтын «өзгеше» балалардың болашағы бұлыңғыр. Оның қатарында даму ерекшелігі бар балалар, буллинг құрбандары және “ақ қарға” атанғандар да бар. Дәл осы топтағы жасөспірімдер көбінесе шеттетіліп, қолдаусыз қалып келеді. 

Буллинг және оның салдары

Мұндай жағдайлардың бірі Текелі қаласындағы мектептердің бірінде орын алған.  

«Мен баламды қолынан жетектеп, көлікке отырғыздым да, бірден қабылдау бөліміне қарай жол тарттық. Сол оқиғадан кейін ауруханада балама көмек көрсетіліп жатқанда, алдымен ІІД инспекторы келді. Одан соң мектеп әкімшілігі, сынып жетекшісі, директор, оқу ісінің меңгерушісі мен психолог келді. Олар ауруханаға кіре сала баламның жағдайын сұраған жоқ. Өздерін ойлап тұрды. Директор маған қарап, инспекторды кім шақырды деп сұрады»,- дейді анасы Ботагөз Түгелбаева.  

Оқиға былай болған. 14 жасар қыз, үздік оқушы мектепте елуге жуық дәрі ішіп тастаған. Абырой болғанда, дәрігерлер қыздың өмірін сақтап қалды. Анасының айтуынша, мұндай әрекетке оны сыныптастарының қорлығы итермелеуі мүмкін. Ал Қазақстанның үздік жүз мектебінің қатарына кіретін аталмыш білім ордасының әкімшілігі оларда буллинг бар екенін мүлде жоққа шығарады.

«Оқушыда ешқандай келіспеушілік немесе қарым-қатынаста қиыншылықтар байқалмады. Ол белсенді, көңілді қыз, оқуын жақсы оқиды. Мұндай қадамға баруына ешқандай себеп болған жоқ», — дейді мектеп директоры Меруерт Бюрина. 

Алдын алу шаралары

Айта кетейік, биылғы оқу жылынан бастап Қазақстанда буллинг, психологиялық қысым көрсету және кибербуллинг үшін жауапкершілік тікелей құқық бұзушылардың өздеріне жүктеледі. 16-ға толмаған жеткеншектер үшін ата-аналары жауап береді. Бірінші рет құқық бұзған жағдайда ескерту немесе 40 мың теңгеге жуық айыппұл салынады, ал қайталанған жағдайда 118 мың теңгеге дейін өседі.

Бұдан бөлек, елімізде алғаш рет баланы буллинг пен зорлықтан қорғауға арналған «Дос болайық» бағдарламасы іске қосылды. 

Қазіргі уақытта бағдарлама еліміздің 9 өңірінде пилоттық режимде сыналуда. Оған 70 мыңға жуық оқушы мен 5 мыңнан астам педагог қатысуда. 

«Бұл бастама оқушылардың дау-жанжалдарға конструктивті түрде жауап беру дағдыларын қалыптастыруға, әлеуметтік-эмоционалдық қабілеттерін дамытуға, тұлғааралық және топаралық қарым-қатынастарды оңтайландыруға, сондай-ақ балалардың жалпы психологиялық әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Әрбір баланың өзін қауіпсіз сезінетін және толыққанды дамитын ортада білім алуына жағдай жасау – аса маңызды қадам», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.   

Бағдарлама пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатқан өңірлерде барлық қатысушыларға арналған оқыту курстары мен практикалық шаралар ұйымдастырылуда. Олар буллингтің алдын алу, қақтығыс жағдайларының себептері мен факторларын анықтау, сондай-ақ оларды шешу жолдарын түсіндіруге бағытталған. Сонымен қатар оқушылар мен олардың ата-аналарына арналған іс-шаралар өткізу көзделген, онда «ДОСБОЛLiKe» бағдарламасының мақсаты мен іске асыру әдістері түсіндіріледі.        

«Буллинг — бұл психологиялық қысым, яғни қорлау. Біздің қоғамда бұл біреудің өзгешелігін көрсетіп, соны баса айтып, оны төмендету дегенді білдіреді. Бұл кемсітушілік. Кім “біздің үмітімізге сай емес”, кім “қоғам қалыптастырған нормаларға сәйкес келмейді” сол адам қысымға ұшырайды. Мен бұл тақырыпты зерттегенде, адамдардың өзгелерді айыптап, кінәлауға тым бейім екенін түсіндім. Ал кінәлап, айыптаушылар буллинг жасайды. Олар басқа адамның өмірін улайды», — дейді Қазақстан психологтар және психотерапевттер қауымдастығының жетекшісі Зарина Кенжеқар. 

Сарапшылар мен мамандар қоғамға пайдасы жоқ жүйені түбегейлі өзгерту керектігін алға тартып отыр. Нақты айтқанда, формалды және теория жүзіндегі дәрістердің орнына тәжірибеге назар аудару, тәлімгерлік жүйесін дамыту, мектептер мен медициналық-әлеуметтік қызметтердің өзара байланысын күшейту қажет. Біз қоғам болып еліміздің болашағы - жасөспірімдер мен балалардың ішкі жан айқайын түсініп, дер кезінде әрекет етуіге үйренуіміз керек. Сонда ғана қайғылы салдардың алдын аламыз. 

Барлық жаңалық