Қоғамда банктердің экономикаға аз үлес қосады деген пікір жиі айтылады. Көп адам олардың неге зауыт салып, құрылысқа қаржы құймайтынын түсінбей жүр. Қарапайым халыққа бұл жағдай түсініксіз болғанымен, мамандар мұның нақты себебін айқын айтып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Қаржы сарапшысы Руслан Сұлтанов осы мәселені егжей-тегжейлі түсіндіреді. Ол көптеген адамның банктердің рөліне қатысты қате пікірге берілетінін айтады.
«Экономика қайда қалды, неге банктер нақты секторға инвестиция салмайды» деген сұрақтар жиі қойылады, ал осының өзінде үлкен қателік жатыр. Банктерді инвестор деп қабылдау дұрыс емес. Банк инвестор емес, банк тек қарыз беретін мекеме. Инвестиция деген ұзақ мерзімді қаржы. Мысалы зауыт, қымбат құрал жабдық, ірі құрылыс, инфрақұрылым. Мұндай жобалардың ақталуы 8 жылдан 15 жылға дейін созылады. Кейде 20 жылға да барады», дейді экономист.
Ал банктің қолындағы негізгі қаражат ұзақ мерзімге жарамайды. Оның айтуынша, банктің пассивтері 1 жылға да жетпейді. Көп жағдайда 2 немесе 3 жылдың айналасы ғана. Осы себептен банк халықтың депозитін он жылдап күтетін жобаларға сала алмайды. Сарапшы «Халықтың ақшасын он жылда қайтатын іске салу банк дағдарысына әкеледі» деп кесіп айтады.
Осыдан кейін ол әлемде ұзақ мерзімді инвестицияны банктер емес, басқа құрылымдар атқаратынын түсіндіреді. Оның ішінде ұлттық қорлар, әртүрлі инвестициялық қорлар, ірі корпорациялар, мемлекет және облигациялар нарығы бар. Ал банктердің мұндай іске араласуы олардың табиғатына сәйкес келмейді.

Сарапшының айтуынша, банк тәуекелді өзі көтеретін мекеме емес, тәуекелді басқаруға міндетті ұйым. Сол себептен зауыт салу секілді ұзақ мерзімді жобалар өте қауіпті. Нарық өзгеруі мүмкін, валюта құбылады, сұраныс азаяды, шикізат бағасы тұрақсыз. Мұндай жағдайда банктің халықтың ақшасымен ұзақ мерзімге баруы мүмкін емес.
Сол үшін әлемдегі банктер айналым қаржысын, сауданы, ипотеканы және қысқа мерзімді несиелерді қаржыландырады. Өндірістің ұзақ циклі мүлде басқа бағыт. Оған қиындыққа төтеп бере алатын ірі бизнес және жеке инвесторлар керек.
Руслан Сұлтанов елдегі статистикаға тоқталады. Ол көптеген адамның банктердің негізгі капиталдағы үлесі төрт бүтін оннан бір пайыз ғана екеніне мән беріп, «банктер ештеңеге араласпайды» деп ойлайтынын айтады.
«Бұл да дұрыс түсіндірілмей жүр. Банктердің берген қарыздары статистикада инвестиция ретінде саналмайды. Ол тек инвестицияға арналған қаржының көзі ретінде тіркеледі. Ал инвестицияның өзі кәсіпорынның еншісіне жатады. Кәсіпорындар өз қолымен салып жатқан қаржының үлесі жетпіс екі бүтін оннан бір пайызға жеткен. Бұл жағдай компаниялардың өсіп жатқанын, табыс тауып отырғанын және өз болашағына сенім артқанын көрсетеді. Бизнес өз күшімен табыс тауып жатыр, болашағына сенеді, кеңейіп жатыр», деп түсіндіреді Р. Сұлтанов.
Мұндай жағдай дамыған елдерде де бар. Экономиканы өсіретін негізгі күш – компаниялардың өз қолымен салатын инвестициясы. Егер банк өзі инвестиция салып бастаса, онда банк индустриялық компанияға айналып кететінін айтады. Бұл банктің құзыретіне жатпайды. Мұндай жағдайда мүдделер қақтығысы, тәуекелдің жиналуы және банк жұмысының негізгі қағидалары бұзылады.
Сондықтан банктердің инвестиция салмауы – кемшілік емес, керісінше дұрыс жүйе. Мәселе банктердің экономикаға араласпауында емес, олардың рөлін дұрыс түсінбеуде.