Жаңалықтар

Балыкесирде 6,1 балдық жер сілкінісі: үйлер қирап, құтқару жұмыстары жүріп жатыр

Түркияның Балыкесир провинциясында 6,1 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

AFAD мәліметінше, жерасты дүмпуі Балыкесир қаласына қарасты Сындыргы ауданында, шамамен 10 шақырым тереңдікте болған. Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша 19:53-те тіркеліп, Мәрмәр және Эгей аймақтарындағы бірнеше провинцияда, соның ішінде Ыстанбұл, Маниса, Измир және Чанаккале қалаларында айқын сезілген.

 

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, дүмпу салдарынан шамамен 10 үй қираған, бірнеше ғимаратқа зақым келген. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы мәлімет нақтылануда. Түркия Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қираған үйлердің бірінің астынан төрт адам аман-есен құтқарылған. Құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметі оқиға орнында тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

 

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды сақ болуға, қираған ғимараттарға жақындамауға және кейінгі афтершоктарға дайын болуға шақыруда. Мамандардың айтуынша, алғашқы дүмпуден кейін магнитудасы 3,5-тен 4,2-ге дейінгі бірнеше қайталама жер сілкінісі тіркелген.

 

Оқиғаға байланысты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған зардап шеккен аймақтарға барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Аймаққа қосымша құтқару техникасы мен гуманитарлық жүк жөнелтілген.

Барлық жаңалық