🏛️ Саясат

Назарбаев: Тоқаевқа таңдау жасадым және бұл таңдауым ешқашан өзгермейді

 Назарбаев: Тоқаевқа таңдау жасадым және бұл таңдауым ешқашан өзгермейді

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдумда дауыс бергеннен кейін елдегі саяси реформаларға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, экс-президент азаматтық борышын өтеу үшін «Астана опера» театрындағы №228 сайлау учаскесіне барған болатын. Дауыс беріп болғаннан кейін ол журналистердің сұрақтарына жауап бермей, тек қолын бұлғап кетіп қалған еді. Алайда көп ұзамай оның ресми сайтында жаңа Ата заңға және жүргізіліп жатқан реформаларға қатысты мәлімдемесі жарияланды.

Мәтінде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы өкілеттігінен осыдан 7 жыл бұрын өз еркімен кеткенін еске салып, бұл шешім елдің тұрақты дамуы мен билік сабақтастығын сақтау үшін қабылданғанын атап өткен.

«Уақыт тоқтамайды. Буын алмасады. Әр буын Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс. Біздің заман өкілдері тәуелсіздікті жариялап, шекараны белгілеп, елорданы тұрғызу арқылы өз міндетін орындады деп есептеймін. Қазір Қазақстанды одан әрі нығайтып, оның беделін көтеру қажет. Бұл бағытта аз жұмыс істеліп жатқан жоқ, соның ішінде мен қолдап отырған бүгінгі референдумның да маңызы зор. Өз уақытында мен Қасым-Жомарт Тоқаевқа таңдау жасадым және бұл таңдауым ешқашан өзгермейді. Осы Конституция Қазақстанымыздың игілігіне, халқымыздың берекесіне қызмет етсін деп тілеймін», – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Барлық жаңалық