Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқушылар сарайында орналасқан нөмірі 51 учаскеге барып, жаңа Конституция жобасына қатысты республикалық референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Дауыс беру рәсімінен кейін президент отандық және шетелдік журналистерге арнайы брифинг өткізіп, бұл күннің ел дамуы мен келешегі үшін аса маңызды екеніне тоқталды. Ол жаңа құжаттың тарихи маңызын атап өтіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына толықтай кепілдік беретінін жеткізді.
«Бүгін еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Баршаңызға құтты болсын! Шын мәнінде, бұл – тарихи құжат. Ол азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Еліміз 35 жыл осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым. Жаңа Ата заң ел игілігіне, келешегіне қызмет етеді деп сенемін», – деді мемлекет басшысы.
Осы мәлімдемеден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев тілшілердің конституциялық реформаның басты мақсаттары мен міндеттеріне және халықаралық күн тәртібіне қатысты қойған бірқатар сұрақтарына жауап берді.