Әлеуметтік желіде «Атыраулық хакер» деген атпен танылған азамат алаяқтық жасады деген күдікпен Түркия аумағында ұсталды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше күдікті жұрттың сеніміне кіріп, инвестиция арқылы табыс табуға көмектесемін деп уәде берген. Одан бөлек ол адамдарға IT саласында білім беру, бұғатталған аккаунттарды ашу және техника сату сияқты түрлі қызмет ұсынып, Құрманғазы ауданының тұрғындарын 13 миллион 700 мың теңгеге алдап соққан.
Осыған орай қаңтар айында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты оны сырттай қамауға алу туралы шешім шығарып, халықаралық іздеу жариялаған еді. Нәтижесінде ақпан айында шетелде қолға түскен азаматты енді Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұл азамат бұған дейін әлеуметтік желіде Атырауда жоғалып кеткен отбасының ісін өзім тергеп жатырмын деп түрлі видеолар жариялап жұртқа танымал болған еді. Қазіргі таңда ұсталған адамның үстінен Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабы бойынша бірнеше іс қозғалып, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.