Қоғам

Ақтауда референдум күні туған сәбиге Ата-заң есімі берілді

Ақтауда референдум күні туған сәбиге Ата-заң есімі берілді

Маңғыстау облысында республикалық референдум өтіп жатқан тарихи күні дүниеге келген көпбалалы отбасындағы тоғызыншы сәбиге Ата-заң есімі қойылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Нәрестенің салмағы 4 келі 130 грамм, ал бойының ұзындығы 57 сантиметрді құрайды. Дәрігерлердің мәліметінше, қазіргі таңда анасы мен сәбидің жағдайы жақсы, олар мамандардың тұрақты бақылауында жатыр.

Еліміз үшін маңызды саяси науқан өтіп жатқан күні сәбилі болу бұл отбасы үшін ерекше әрі символдық мәнге ие болған.

«Ұлымыз еліміз үшін осындай маңызды күні дүниеге келді. Бұл оқиға отбасымыздың тарихында мәңгі сақталуы үшін оған Ата-заң деген есім беруді ұйғардық. Оның Отанын сүйетін, еліне пайдасын тигізетін лайықты азамат болып өскенін қалаймыз», – деді жаңа босанған ана.

Перзентхана ұжымы ата-ананы өмірге келген сәбиімен құттықтап, оған зор денсаулық пен бақытты балалық шақ тіледі. Ақ халаттылар дені сау баланың дүниеге келуі тек отбасы үшін ғана емес, дәрігерлер үшін де әрдайым үлкен қуаныш екенін атап өтті.

Барлық жаңалық